Шет

Шет ауданының “Жыл мұғалімі” анықталды

Білімді елдің мерейі үстем, бәсекеде бәсі жоғары болатынын адамзат баласы әлдеқашан мойындады. Сондықтан, әуелі бала емес, мұғалімнің өзін жетілдіріп, ізденімпаздыққа, жаңашылдыққа ынталандыру қажет. Осы мақсатта облыстық білім басқармасының бастамасымен біршама жұмыс атқарылуда. Солардың бірі IV рет өткізіліп жатқан аудандық «Жыл мұғалімі» байқауы.Осы уақытқа дейін байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алған ұстаздардың олжасыз қайтқан күні болмапты. Мәселен, 2020 жылы республикалық кезеңде «Жыл мұғалімі» атағын аудан намысын қорғап барған ұстазымыз иеленген еді. Былтыр дәл сол байқауға қатысқан ұстаз да жүлделі ІІ орын алып, аудан халқын бір марқайтты.

Байқауға ауданға қарасты білім ордаларынан 24 ұстаз өтінім берген. Бұған дейін қатысушылар «пән бойынша сабақ», «сыныптан тыс іс-шара» кезеңдерін аудан орталығындағы мектеп ғимаратында өткізіп келген еді. Бұл жолы осы кезеңде жоғары ұпай жинаған 8 қатысушы аудандық мәдениет үйінің сахнасында шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде байқаудың бас жүлдесі Ж.Ақылбаев атындағы мектептің ұстазы Г.Жанабековаға бұйырды. І орынға Жарық жалпы білім беретін мектеп ұстазы М.Нурышева лайық деп танылды. Ю. Гагарин атындағы мектеп ұстазы Л.Азбаева – ІІ, С.Сейфуллин жалпы білім беретін мектеп ұстазы Ф.Тоимбек – ІІІ орын иеленді.

Сонымен қатар, Ақсу негізгі орта мектебінің ұстазы Г.Икишева – «Ең үздік сабақ», Батық жалпы білім беретін мектептің ұстазы З.Бейсенбаева – «Ең үздік сыныптан тыс іс-шара» аталымы бойынша марапатталды. Ы.Алтынсарин атындағы мектептің ұстазы Ж.Жексенбекова – «Ең үздік үй тапсырмасы», Еркіндік жалпы білім беретін мектеп ұстазы А.Байжаханова – «Көрермендер көзайымы» номинациясы берілді.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік сыйлық таратылды. Сондай-ақ, байқауды ұйымдастыруға мұрындық болған Ж.Ақылбаев мектебі ұжымына аудандық білім бөлімі тарапынан 2 заманауи компьютер сыйға берілді.

Елдос СМАҒҰЛ,

аудандық білім бөлімінің басшысы

Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button