Жаңалықтар

Мерейлі жылдағы мектебіміз

Қазыналы Қаражал жерінде ең алғаш ашылған білім ордасы №1 мектепке биыл 70 жыл толып отыр. Мектеп тарихы сонау 1951 жылдан бастау алады. Мерейтойға орай қашықтан жүзеге асырылған бастамалар «Алтын ұя – мектебім» атты салтанатты кездесумен қорытындыланды.

Мектептің алғашқы директоры – Отарбай Баймағанбетов. Қарағанды мұғалімдер институтының физика және математика факультетін аяқтаған Отарбай ұстаз мектеп ісін басқарудағы жетістіктері үшін «Халық ағарту ісінің үздігі» марапатын иеленіп, республикалық мұғалімдер одағының мақтау қағазымен марапатталған. Ардақты ұстаздар Даукіш Төлепбеков, Күлсағира Нұрманова, Дина Ақманова, Күлжәміш Қанапина алғашқылардың бірі болып сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледі.

1951 жылдан бастап он жылға жуық жеті жылдық мектеп болды. Ал, 1961 жылы «жалпы білім беретін орта мектеп» атанды. 1957 жылы басталған жаңа мектеп құрылысы 1962 жылы аяқталып, сол жылдың қыркүйегінен бастап сан буын шәкіртті оқытып, арман-асуларына шығарып салып келеді.

1957 жылы орта білім туралы алғашқылардың бірі болып аттестат алған мектеп түлектері: Балтабай Сүлейменов, Әбдісейіт Жаппаров, Әбікен Үйсімбаев, Әкіжан Жұмабеков, Қамар Асқарбеков, Құрақбай Игібаев, Қайрулла Жиенбаев. Қазіргі таңда олар ел ағасы болған ардақты тұлғалар.

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағын қолдау – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай мектебімізден «коворкинг» орталығы ашылды. Аталмыш орталықтың тұсауын қала әкімі Тілектес Досаев пен ардагер-ұстаз Мәкіш Жаппарова кесті.

Мектеп мерейтойына арнайы құттықтаумен келген 1992 жылғы түлектер ұстаздарына қолдау жасап, екі лазерлі, бір түрлі-түсті принтер сыйға тартты. Ал, 2012 жылғы түлектер мектеп мерейтойына теледидар тарту етіп, цифрлы әлемге еркін енуімізге жағдай жасады. Осылайша «Туған жерге туыңды тік» ұранымен өз өлкелерінің гүлденуіне үлес қосып жүрген ағалар буыны жас буынға өз қолдауларын білдірді.

Салтанатты шара аясында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, оқу-әдістемелік көрмеге дидактикалық материалдар мен тақырыпты меңгеруден туындаған өнімдер қойылды. Мектебіміздегі тарихи-өлкетану мұражайындағы деректер қоры толықтырылып, әр ұстаздың оқытушылық жолы туралы, әрі ардагер, сазгер-ұстаз, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі Әбдірасыл Нығманұлының шығармашылық жолы туралы кітап шығарылып, мұражай мазмұнын арттыра түсті.

Мектеп мерейтойы шеңберінде ұйымдастырылған заманның жаңа талаптарына сай келген шараның тағылымдық мәні жоғары болды.

Жұмакүл АХМЕТОВА,

1 мектеп директоры.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button