Жаңалықтар

«Тән емінен гөрі, жан еміне асығам»

Ақ халатты абзал жанның еңбегі мен жұмсаған энергиясының ең басты бағасы – науқасқа көрсеткен көмегі. Бұл дәрігерлік тәжірибенің баюы мен оның беделінің өсуіне септігін тигізетін жалғыз құрал. Дәрігердің беделі ауру адаммен тіл табысуда үлкен рөл ойнайды. Медицинаның классиктері медицина қызметкерінің беделін көрсететін амалдарды тереңірек зерттеп тұжырым жасады. Бұл, ең бірінші – терең білім, ауру адамды, оның проблемаларын сабырлы, дұрыс және тез түсіне білу қабілеті, осыған байланысты оның тез және толық сауығуына лайықты жол таба білуі. Бұл – дәрігердің бірбеткейлігін, шынайылығын, мейірімділігін, табиғи сыпайылығын, барлық адамгершілік көрінісін ашатын жеке көрініс. Х.Мақажанов атындағы облыстық көпсалалы аурухана дәрігері Ерлан ЖҰМАБАЕВТЫ осы қасиеттердің бірегей иесі десек артық емес.

Дәрігердің әр әрекеті мен ісінде әрдайым басты мақсат көзделеді. Ол – ауру адамның игілігі үшін әрекет қылу. Әйгілі орыс клиницисті С.Боткиннің клиникалық және жан қабілеттерін жоғары бағалаған И.Павлов былай деп жазған екен.

«Бұл ғалымның тартымдылығы ауру адамдар ішінде шынайы бір сиқырлы қасиетке ие болды, көбінесе оның бір ғана сөзі, не бір ғана палатаға кіріп – шығуы жаза алатын. Павлов ғалымның оқушыларынан олардың қолданатын рецептері қолайсыз болғанда мұғалімнің қолында сиқырлы бір қабілетке енетіндей болады» – деген.

Ерлан Тұрағұлұлы 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің педиатрия бөлімін тәмамдаған. Оқуды аяқтап еңбек өтілін Ақтоғай аудандық ауруханасында бастаған. 3 жылдық жұмыстан соң, 1990-1991 жылдары арнайы шақыртумен қазіргі Х.Мақажанов атындағы облыстық көпсалалы ауруханаға келеді қызметке. Бүгінде, халықтың құзырында жүрген дәрігер мұндағы ащы-тәтті 35 жылын қуанышпен еске алады.

Ауруға психологиялық әсер ету – дәрігер беделін көрсететін ұлы қасиеттердің бірі. Бұл әсер табиғи тартымдылықпен, аурудың тағдырына шынайы қызығушылықпен, жақсы қарым – қатынаспен, сабырлылықпен, аурудың сауығуы үшін үздіксіз онымен кездесуге ұмтылумен қамтамасыз етіледі. Бір ғана дәрігердің ауру адамды қарап, емдеуінің маңыздылығын баса айтқан белгілі дәрігер Х.Гуфеляндтің сөздері қаламбур сияқты естілгенімен, мағынасы өте зор. Ол былай деп жазған: «Бір дәрігер – жақсы, екеуі – орташа, үшеуі – сұмдық. Көп дәрігердің бір ауру адамды емдеуі көбінесе аурудың өршуіне әкеледі». Дәрігердің ауру адамға көмегі тек оның толық сауығуына шейін емдегенде ғана толыққанды бола алады. Дәрігердің білім деңгейі мен жинаған тәжірибесі өз алдына бір бөлек. Белгілі дәрігер Абу Али Ибн Сина (Авиценна) адам шығармашылығының қорытындысын былайша белгілеген: « Мы умираем и с собой уносим лишь одно: сознание, что мы ничего не узнали». Дәрігердің өмірі – бұл бітпейтін университет» – деген екен беделді клиницист А.Остроумов.

Дәрігердің оптимизмі саналы болуы қажет және ол бірінші кезекте терең білім мен мол тәжірибеге сүйену керек. Осыдан нағыз маманның жарқ етуі ғажап емес, – дейді Ерлан Тұрағұлұлы.

Жалпы, еңбегін балалар дәрігері болып бастаса да, Ерлан Жұмабаев ізденістен жалыққан емес. Ол осында қызметке тұрғалы нейрохирургияны жіті бақылып, соның іліміне ауысты. Тіпті сол саланың бір маманы десек те артық болмайды. Бүгінде ағамыздың жары мен қызы да осы медицина саласында қызмет атқарады. Қызметіне толық ден қойып, шағымданған науқасты ауырудан айықтырғанымен қоймай, өміріне оң әсерін тигізіп баққан Ерлан аға үшін алынбайтын қамал жоқ. Қарапайымдылық адамның басты қасиеті дейді Ерлан Тұрағұлұлы.

Дәрігердің қарапайымдылығы – оның ең қажетті қасиеттердің бірі. Медицина көптеген керемет жетістіктерге жетті бүгінде. Дегенмен, қазіргі кездің өзінде де біздің білгенімізден білмейтініміз көп: Біз қолымыздан келіп, қанша тырысып, соған жеткіміз келсе де, көбінесе ауру адамға толыққанды көмек көрсете алмай жатамыз. Міне, кейде менің намысыма, елге көмектесем деген ниетіме осы қамшы болды. Тіпті жуырда ота жасалған ауруларды аралау барысында жағдайлары қалыпты болып, жүздерінен күлкі білінсе, бізге одан артық сыйдың не қажеті бар, – дейді ағамыз.

Кез келген жақсы дәрігердің басты қасиеті қарапайымдылық екені шүбәсіз. Ағамыз бізге айтқан бір сөзінде «Мен тән емінен гөрі, жан еміне асығам. Өйткені жаны саудың ғана тәні саулыққа ұмтылады. Маған келген науқастардың 30-40 пайызы амалы құрып келеді. Міне, осындай сәтте адамға нағыз жанашыр дос керек, – дейді ағамыз.

«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» демей ме?. Ауру жаныңа батып тұрғанда ең жақын адамға емес, ақ халатты жандардың көмегіне жүгініп жатамыз. Адамның өміріне қатысы бар дәрігер қауымдарынан барлығы қамқорлықты сезгісі келіп, сеніммен барады. Еңбек етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ал, жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан пенделік бақыт жоқ шығар. Сүйген ісіңіздің пайдасын бүтін қоғам көрсе бұл да бір жетістік, бір мәртебе емес пе?!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button