Президент сайлауы - 2022

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА: “Саналы қоғам – Мәңгілік ел кепілі…”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауы болатынын мәлімдеді. Енді, Президент өкілеттілігі 7 жылға ұзартылып, бір-ақ мерзіммен шектелмек. 20 қарашада өтетін Президент сайлауы төңірегінде әңгіме өрбіту үшін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы ғалым Нұрсахан Бейсенбековаға бірнеше сұрақ қойған едік.

– Нұрсахан Ахметқызы, әңгімені төтесінен бастайық. «Осы сайлаудан кейін үлкен өзгеріс болады» деген болжам айтылуда. Бұған не дейсіз?

– Бұлай болжау дұрыс емес. Еліміздің өз даму стратегиясы бар. Ол стратегия дұрыс жоспарланды ма, жоқ па? Мәселе – сонда. Қазақстан – жер бетінен жойылып кетпейтін ұлттық мемлекет болуы керек. Яғни, біз сол мақсатқа жету үшін, кім Президент болса да, мемлекеттің түпкі мүддесі – тілін, дінін, салт-дәстүрі мен тарихы түгел болуы үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Ол бір күнде болмайды. Меніңше, халықтың саяси санасы әлі жетілмеген. «Мәңгілік Ел» идеясы туралы айтылғанда бәрі күлді. Ол дегеніңіз – өзін қоршаған басқа мемлекеттер арасында мәдениеті, тілі, діні дамыған қазақ мемлекетінің жойылмай тұруы ғой. Бұған бір адам жеткізе алмайды. Саналы қоғам жеткізеді. Президент 7 жыл отырады да кетеді. Ал, келесі Президент осыны әрі қарай сабақтастыра жалғастыруы тиіс.

– Зиялы қауым өкілдері арасында Президенттікке үміткер болуға лайықты тұлғалар бар. Бірақ, олардың мемлекеттік қызметте еңбек өтілі жоқ. Бұл хақында не ойлайсыз?

– Лайықты зиялы қауым өкілдері баршылық. Алайда, оның бәрі ел басқара алмайды. Ол үшін ең болмағанда М.Дулати айтқан ел басқару туралы 10 шартты білуі керек. Кез келген ел билеушісін жастайынан дайындаған. Біздің хандарымыз да ұрпағын жасынан тәрбиелеген. Бектің де Атабегі бар. Кез келген елдің билеушісі бірден топ ете қалмайды. Билікке барғысы келетін жастар жасынан білім алып, заң білсін. Мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтіп, шыңына шықсын. Еліне адал қызмет етсін. Мемлекеттік басқару академиясында жастар оқып жатыр. Кемінде 5 жыл істеген, 30-35 жастағы білікті кадрлар сайлауға түсе алады. Көптің алдында шешен сөйлейтіннің бәрін билікке жіберуге болмайды. Сондықтан, әркім өз ісіне жасынан бейімделсін.

– Қазіргі жастар аға буынға қарағанда басқаша ойлайды. Ұстаз ретінде олардың дәл осы сайлау жайлы ойы қандай және оған қатысуға құлшынысы қалай?

– Қазіргі жастар алдымен «Маған үкімет не береді?» деп сұрайды. Джон Кеннеди: «Мен еліме не беремін?» деп ойлауымыз керек» депті. Жастарға осыны үнемі айтамын. Тіпті, саясаттан мүлдем хабары жоқ жастар бар. Солар «диван батырларының» сайлау туралы теріс сөздеріне еріп кетеді. Еліңнің болашағы үшін үлкен саяси науқан болып жатқанда үйде қалай жатасың? Менің студенттерімнің көбі «сайлауға барамыз, дауыс береміз» деп отыр. Барлығы барады дей алмаймын. Әлеуметтік жағдайы төмен үйдің балалары өмірлерінің қиын болғаны үшін билікті кінәлауы мүмкін. Оған тұтас қоғам – кінәлі. Әркім өз ісіне адал болса, өз ісінің шебері болса, неге еліміз дамымасын?! Ақшасы жоқ студенттер жалданып жұмыс істеуге намыстанады. Осы жалқаулықтан арылса, сайлауға, жалпы өмірге деген көзқарасы өзгерері анық.

– Ішкі түйсігіңіз сайлаудан кейінгі ахуал туралы пікір айта ала ма?

– Қазіргі Президентіміз шамасы келгенше елдің әл-ауқатын көтеруге тырысып жатыр. Өзгермейтін түпкі стратегиялық мақсатымызға жетудің жолдарын әр Президент әр түрлі ұсынады. Айналып келгенде мақсат – бір. Жалғыз өзі ештеңеге жете алмайды. Ол үшін мықты команда, көзі ашық, санасы ояу, қолдайтын халық керек. Үкімет те, депутаттар да мықты болуы керек. Мемлекет басшысының қазіргі ұстанымын, жүргізіп отырған саясатын дұрыс деп есептеймін. Президенттің өкілеттігі 7 жыл ғана, туыстары билікке келмейді. Суперпрезиденттіктен бас тартты. Осы – оның түпкі мақсаты. Өте дұрыс. Енді оған Сіз бен біздің және жастардың қолдауы керек. Сайлаудан кейін барлық саяси жүйеде өзгеріс болуы мүмкін. Әкімдердің ауысуы деген сияқты. Бірақ, түптеп келгенде мақсат айқын. Ол – елімізді көркейту, көрші елдерге жұтылып кетпеу. Елдігімізді сақтап қалу. Осы сайлауға түгел қатысып, өзіңіз ұнатқан кандидатқа дауыс беріп, өз үлесіңізді қосуға шақырамын. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» демекші, ел ертеңі үшін әрқайсымыз өз ісімізді адал атқаруға міндеттіміз. Сонда бәрі де болады.

– Пікір айтқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

 

Басқа материалдар

Back to top button