Достықты паш еткен мейрам
Халқымыз «Береке басы – бірлікте» дейді. «Бірлік бар жерде тірлік барын» да айтып кеткен. Тәуелсіз елімізде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде белгіленген. Мейрамға орай Шет ауданында бірқатар мерекелік шаралар өтті.
Аудан орталығы мерекеге сай безендіріліп, төмен бағадағы ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мерекеге жиылған қауымға тұрғындар әртүрлі ұлттық киімде алуан түрлі тағамдар ұсынды.
Орталық сахнада «Ұлттар достығы – татулықтың тал бесігі» атты мерекелік шара басталып, құйқылжыған күй мен мың бұралған бишілердің өнеріне кезек берілді. Аталмыш шарада аудан әкімі М.Мұхтаров тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, Мұхит Сайлауұлы аудан орталығындағы 87 жастағы еңбек ардагері, «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері Светлана Савинаның шаңырағына арнайы барып, құттықтап, мерекелік себет пен сыйлық табыстады.
Одан әрі жеңіл атлетикадан жарыс өткізілді. Үздіктер жекелей және командалық есеп арқылы анықталып, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы медаль, кубок, грамоталармен марапатталды.
Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.
ШЕТ ауданы.