Жаңалықтар

Кесір емес, келін келсін десеңіз…

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ айтқандай қыздың батырлығы сол – келін болып, мәңгілік бөтен елге сіңіспек. Ал, осы бір қыз-келіннің жарының ата-анасымен сыйластығы талқыланбаған тақырып емес. Бірақ, көп жерде ене мен келіннің арасындағы татулық сөз етілсе, бүгін ата мен келін арасындағы сыпайылық пен ізет тақырыпқа арқау болмақ.

Жігіт атаулының есінде болса, үйленерде бір ерекше сезімде жүреміз. «Менің әке-шешеме қолғанат болар тәрбиелі келін әкелем» деп бір қол төңкерердей қамданамыз. Масаттана кердең басып, келін түсірген күні тор көз сауыт, темір дулыға киген батырдай аяқты алшаң басып бойға қуат бітеді. Сонда батырдың біз емес «келін болам» деп табалдырық аттаған қыз екенін білдік пе? Әрине, батырлығы бір шәшкенің сынуынан асса.

Бұл тұрғысында он құрсақ көтерген әз ана, марқұм Қарлығаш Оспанқызының келіні Ботагөз Тәңірбергенованың білдірген бір ауыз пікірінің жаны бар.

 – Жаңа үй, жаңа ереже, жаңа мейірім күтеді ғой қызды алдан. Осы тұста ене есті болса, есіктен кіре білгенімен бөлісіп, босанса баласына, ауырса дауасына бәйек болады. Ата есті болса, емірене елжіреп бауырына басады. Ақылы бар келін осының қадірін біліп, атаның туын жықпай, ененің алдындағы алқымшасын өзі алады. Ал, ата мен келіннің арасына келер болсақ, меніңше ата келінге ең жақын жан. Мен атамның жүзінен үнемі маған деген риясыз жылу, терең мейірім көрем. «Балам» деп жәй емірене айтқан сөзін естігенде мойнына немересі секілді асылып еркелей кеткім келеді, – дейді үлкен әулеттің кіші келіні.

 Расында, ата мен келін арасында кешегі Төле би мен келіні Данагүлдей сыйластық, сөзсіз түсіністік болмаса да соның сарыны болуы шарт емес пе? Осындайда ескі бір оқиға еске түседі.

 Бір шаруа жалғыз ұлына замандасының қызын айттырып алып береді. Ұланасыр той жасап, отбасы мүшелерінің көңілі жайланып, түскен келін қайын іні, қайын сіңілілерімен жақсы араласа бастайды. Жай ғана араласпай, оларды өзіне баурап алады қылығымен. Бірде дәл солай емін еркін қалжыңдасып отырғанда үйдің тысында дәрет алып отырған атасы келінінің қатты дауыстап күлгенін жақтырмай:

– Осыншама саңқылдап күлген қай көргенсіздің баласы екен, – депті.

Атаның бұл сөзі жас келінге өте ауыр тисе керек. Сол сағаттан бастап ол аузын буған өгіздей мүлде сөйлемей қояды. Тіпті кешкісін отауына келген еріне де сөйлемейді. Аң-таң болған жігіт анасынан мән жайды сұрайды. Бұған анасы да таңданып, келінімен сөйлесуге талпынғанымен ештеңе шықпайды. Осы бір жағдай әулет мүшелерін төбеден жай оты түскендей бей берекет хәлге түсірді. Дауасын тапсын, емін берсін деп бақсы, балгерлерге апарғаннан да түк өзгермейді. Келіндері сөйлемейді. Осылайша, «келініміз мылқау болып қалды, жалғыз ұлға шүйіркелесер бір әйел керек» деп, кемпір мен шал ұлдарына 7 жылдан соң жаңа әйел айттырады. Жаңа келін ауылға келіп, арбадан түспей жатып:

– Келіншектің үйін ілгері тігіңдер, көкжименнің үйін кейін тігіңдер – деп бұйыра сөйлейді. Сонда осының бәрін көріп, естіп тұрған жігіттің мылқау әйелі:

– Келін, келін, келін-ай, 

Келмей жатып сөзге бақ.

Мен келгелі жеті жыл,

Сөйлегенім бүгін-ақ, – деген екен. Мұны естіген атасы:

– Ойбай балам, ана сампылдаған тоқалыңды құрт. Ақ келінімнің садағасы кетсін, – деп жаңа келген келінді отауын тіктірместен төркініне апарғызып тастайды. Кейін атасы келінінің 7 жыл сөйлемеуінің себебін естігенде:

– Аһ, сақалдыдан кеткен ағаттық, сайтанға болар тояттық, – деген екен. 

Міне, бұл атаның аңдамай сөйлегені келінінің жүрегіне қаншалықты ауыр соққы боларының бір көрінісі. Сондықтан, қазақтың ата салтында атасы келініне ешқашан тіктеліп сөйлемеген. Келін не айып етсе де, кемпірі арқылы жай-жапсарлап жеткізетін болған. Қазақ танымында жаңа түскен келін ешқашан тосылмаған, «атаммен қалай сөйлесем, енеммен қалай түсінісемін» деп осы тәрбиені ту етіп оң-солына бірдей жаға білген. Ал, атаға келер болсақ, сый сыйдан туады емес пе? Табалдырық аттаған келінге “кесір келді” демей, “келін келді” деп қызыңыздай күтсеңіз, саналы ұрпақ, салиқалы үрім бұтағыңыз бой берері хақ.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button