Жалған ажырасу жарға жықпасын

Өткен жылы еліміз бойынша 50 мыңға жуық отбасы жалған түрде некесін бұзған. Басым көпшілігінің себебі, жеңілдетілген ипотекаға «толық емес отбасы» бағыты бойынша қол жеткізуге ниеттенгендер.

Коллаж жасаған Арайлым Көктаева

Мемлекет басшысы Twitter парақшасында әлеуметтік жәрдемақы мен жеңілдіктер үшін көпшілік арасында жаппай ажырасушылар санының артқанын айтып, «Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен Президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. Атаулы әлеуметтік көмек – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы», – деп жазған еді.

Мемлекеттен берілетін түрлі көмекті кәдеге жарату мақсатында некені бұзып, бір шаңырақтың астында тұрып жатқан отбасылар қаншама. – Отбасындағы басты құндылық – неке. Бірақ, жолдасымды некемізді жалған түрде бұзуға көндірдім. Жалғыз басты ана ретінде жарты жылдың ішінде жаңадан салынған көпқабатты үйден пәтер алдық. Бұған дейін өзіміз тұрған жер үйді сатып жіберіп, керек-жарағымызға жараттық. Оған еш өкінбейміз. Отбасымыздың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін бардық, – дейді Айнұр есімді қарағандылық тұрғын.

Әлеуметтік қажеттіліктен туындаған тәсіл деуге тура келеді. Осыны ыңғайлы деп санағандардың бұндай қадамға баруы тойымсыздықтан деп топшыладық. Жалған ажырасу алаяқтық болғанымен, дәлелдеу қиын. Әрі ол жария да етілмейді және оны тексеру де мүмкін емес. Көбіне мұндай әрекетке мемлекеттік қызметтегілер барады екен. Сыбайлас жемқорлық фактілері орын алған жағдайда, отбасындағы материалдық құндылықтарды сақтап қалу үшін.

– Егер екі тарап ажырасуға талап-арыз берген жағдайда біз оны қанағаттандырмауға құқымыз жоқ. Бұл екі жақты бірлескен келісім. Тіпті, біз олардың тек қағаз жүзінде ғана ажырасып жатқандығына күмән болғанымен, ол нақты дәлелденбегендіктен ештеңе істей алмаймыз. Себебі, жалған ажырасуға қатысты қандай да бір норма немесе бап жоқ, – дейді заңгер. Қазіргі таңда қоғамда кең тараған ажырасудың себебін сұрасаң жеке өміріне қол сұққанмен бірдей. Біздің елде бәрі заңмен реттеледі. Олай болса, артық пайданы көксеп, құйтырқы әрекет жасап жүргендерді де жауапкершілікке тарту үшін олардың бір шаңырақ астында тұрып жатқандығын дәлелдейтін айғақтар мен куәгерлер арқылы жүзеге асыратын заң қажет. Дегенмен, мұны алаяқтық ретінде жауапкершілікке тартуға болады, — дейді белгілі заңгер Абзал Құспан бір жазбасында.

«Егер бұл отбасылық жұп қандай да бір материалдық игілікке қол жеткізу үшін өтірік ажырасқандары немесе қандай да бір жауапкершіліктен қашу мақсатында жүзеге асырып отырса, оларды Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтықпен» жауапқа тартуға болады» дейді. Осындай «ыңғайлы» тәсілді қарапайым отбасылар да еркін меңгеріп алған. «Толық емес отбасы» деген бағытпен, әлеуметтік көмекке де оңай қол жеткізеді. Әлеуметтік жәрдемақы, баспана мәселесі, түрлі мемлекеттік бағдарламаларда алдымен осындай «осал» топтарға беріледі. Шын көмекке мұқтаж жандармен жанталаса отырып, материалдық қажеттілікті қанағаттандыруда, артық пайда көруде екі асауды әдет еткендердің сенімді құралы болып отыр. Әлеуметтік қажеттіліктен туындады десек те, бұл әрекетке барушылардың басым бөлігі жағдайы бар отбасылар екені айтылуда. Қоғам тозған ба, адам азған ба? Отбасындағы ұлттық құндылықтар құрдымға кетіп жатқандай. Отбасының негізі некені жалған бұзған жемсаулардың ниетіне не дерсің? «Жалғандық жарға жығар» десек те аталмыш алаяқтыққа қатысты арнайы заңдық нормалар бекітілмей, ажырасушылар саны азаяр емес.

Сағыныш ӘБІЛ

Ortalyq.kz