Бас тақырыпРуханият

Қалам ұшындағы Қарағанды

Қазіргі Қарағанды қаласының аумағы мен осы маңдағы кең алқапты қала құрылмас бұрын жергілікті тұрғындар «Жеті құдық» деп атаған екен. Қызылқұдық – қазіргі Доскей ауылы, Қарақұдық – бұрынғы «Көктал» совхозының орталығы, Жалғызқұдық пен Қымызқұдық – Көкталдың бөлімшелері, Майқұдық – қазіргі Майқұдығымыз, Тоғызқұдық – бұрынғы Кузнецкий совхозының орталығы, Аққұдық – Кузнецкий совхозының бөлімшесі қоныстанған жер болыпты. Қазақ прозасындағы алыптар шоғырының белді өкілі Ғабиден МҰСТАФИН «Қарағанды» романында: «Жеті километрде «Қызылқұдық», төрт километрде «Аққұдық», алты километрде «Ащылыайрық», тоғыз километрде «Бұқпа» колхоздары тұр ғой. Тіпті, қысылып бара жатса, жербарак қазып алмай ма? Оған көп материал керек емес. Бәрінен су қымбат. Суды колхоздан таси алмайды…» деп, тарихи жер-су атауларын пайдаланады.Осы шағын үзіндіден-ақ, көзі қарақты оқырман мұнда су мәселесі өте өзекті болғанын бірден аңғарады. Ғабиден Мұстафин шығармашылығындағы Қарағанды бейнесіне шолу жасау мақсатында жазушының туындыларына зер салғанда негізгі тақырыбы еңбек адамдары екенін байқадық. Демек, жазушы өзі көріп-білген кенді шаһардың және алып индустриялық аймақтың қалыптасу дәуірі мен ондағы заман бейнесін кейіпкерлер арқылы өрген. Қай жазушы болса да туған жерін қаламына арқау етіп, перзенттік парызын өтегісі келіп тұрады. Ғабиден шығармаларының ішіндегі сүбелі туындының бірі – «Қарағанды» романы. Қарағанды қаласының құрылуы, кен орындарының қайта қалыпқа келтіріліп, жаңа көздерінің пайда болуы, ондағы түрлі қиындықтар, сан алуан кейіпкерлер мен көптеген оқиғалар сол қайта құру кезеңіне жетелей түседі. Қайта құру дегеніміз тарихшыларға ұнамай қалуы да мүмкін. Бірақ, Қарағанды кен орындарының қолдан-қолға көшіп, соңында жергілікті азаматтар мен Ресейден, Украинадан және басқа да жетекші елдерден келген білікті мамандардың арқасында барлық шаруа қайта жанданып, тіршілік қайнап, ірі өндірісі ошағы өз арнасына қайта түскені – шындық. Көнекөз қариялардың және тарихи деректердің айтуынша, Қарағанды қаласы құрылмас бұрын бірнеше шатыр мен санаулы көне барак және су алатын құдықтар болған деседі. Оның үстіне, өндірісте су тапшы болғанын сөз басындағы роман үзіндісінен байқадық. Кей деректе қазіргі Қарағанды аумағының 12 мың жылқы біткен Игілік байдың жайлауы болғаны айтылады. Демек, соншама жылқы өрген жерде «Жеті құдықтың» болуы да – заңды. Ғабиден Мұстафиннің шығармаларынан Қарағанды бейнесін көруге талпыныс жасағанда Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауындағы «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім» деген сөзі еске түседі. Өйткені, 25 жылдай Қарағанды облысының құрамында болған Жезқазған аймағы мен ұлылардың ізі қалған Ұлытау өңірі қайта гүлденбек. Бұл – тарихи оқиға, тың шешім, оң бастама. Болашақта Ұлытау облысының құрылуы хақында да романдар жазылар, мүмкін…

«Қарағанды» романы – 1952 жылы жарық көрген. Еліміздің өндірісін игеру ісіне қатысқан орыс, украин жұмысшыларының достық көмегі, индустрияландыру саясатын жүзеге асырып, республиканың жаңа бейнесін жасаудағы партияның басшылық рөлі – романның негізгі тақырыптарының бірі. Роман – қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбына жазылған ең үздік көркем туынды ретінде бағаланыпты. Автордың балалық, жастық шағы Қарағанды жұмысшыларының ішінде өткенін де атап өткен жөн. Не білімі, не өндірістік мамандығы жоқ жас жұмысшы Ғабиден өз әріптестерімен бірге үлкен өмір көрді. Өзі де жер қазды, темірдің татын қырды, токарь, машинист болып жұмыс істеді. Ағылшындардан қирап, тозып қалған, жабылған Қарағанды жайын жетік білген. Совет өкіметі тұсында қайта ашылуының куәсі болып, ескі жұмысшылардың қайта тууы мен жаңа қосылған ұрпақтың жұмысшылыққа тәрбиеленуін өз көзімен көрген. Осының бәрін жүрегінен өткізіп, үлкен романға арқау етіпті. Өндіріс тақырыбы, жұмысшы табынан шыққан озат образдар және олардың Арқа төсінде ел тарихын қалыптастыруға үлес қосуы – сол кезде тың тақырып болғанын байқаймыз. Тарихи шындық, осылай көркем шындыққа айналған. Романның бас кейіпкерлері – Мейрам – партия басшысы, Шербаков – шахтер, трест бастығы, Ермек, Жанәбіл, Жұманияз, Ардақ, оның әкесі Әлібек – қазақ жұмысшылары. Жалпы, өлке тарихына қызыққан жанға осы романды оқуға кеңес береміз. Себебі, роман оқиғасы 20- шы жылдардағы қазақ жеріндегі таптық тартыстар негізінде өрістеп, осы тартыс негізінде жазушы ескішіл күштердің мезгілі өтіп күйреуін, жаңа, жас күштердің жеңісін бейнелейді. Бұл жөнінде жазушының өзі: «Мен әрдайым бүгінді, шамам келгенше ертеңгіні жаздым. Жазушы алдымен, өз дәуірінің жаршысы. Мен өзімнің бойымдағы бүкіл дарыным мен күш қуатымды халық мүддесіне қалтқысыз, алаңсыз бағыштаған жазушымын. Менің творчествомның өзегі, арқауы, негізі – жаңа заман, жаңа адам» депті.

– Қарап отырсақ, болашақ жазушы 1925 жылы оқуға түсуге сол кездегі астана – Қызылордаға келіп, оқуға түсе алмайды. Әдебиетке келуіне де осы кезең әсер етеді. Өйткені, сотта шағымдарды тіркеуші болып қызмет атқарған ол, халықтың мұң-мұқтажын сипаттаған мақалалар жаза бастайды. Елдің мұң-мұқтажын азамат ретінде ұғына бастайды. Тырнақалды туындысы «Сәрсен мен Боқаш»1927 жылы «Жыл құсы» жинағында шыққан. Шахтаға жұмысқа келу ойы да осыдан кейін пайда болған. Өз шығармашылығының өзегін өмірден, еңбектен тапқан. Алғашқы жинағының «Ер Шойын» аталуы да көп жайттан хабар береді. Сан қиындықтан аман өткен қазақ халқының шойындай берік болмысымен қатар, қызығы мен шыжығы мол жазушылық жолында өзінің шойындай мықты болуы керектігін түсінгенін аңғартады. Демек, Ғабиден шығармашылығында өндіріс басты тақырып болған және елге, жерге деген перзенттік махаббатын «Қарағанды» романын жазу арқылы дәлелдеген, – дейді Қарағанды университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Жанайдар Жұмагелдин.

Бір қызығы «Қарағанды» романын жазуға бар-жоғы бір жылға жуық уақыт жұмсапты. Бір романға бірнеше жылын сарп еткен жазушыларды да білеміз. Бұдан Ғабиден Мұстафиннің өндіріс тақы рыбын өте жетік білгенін және үлкен дайындықпен келгенін көреміз. Сондай-ақ, туған Қарағандысын қаламына арқау етуге құлшына кіріскенін сеземіз. Әдебиеттанушы ғалым Серік Қирабаевтың «Ана тілі» газетіне шыққан «Ғабиден Мұстафин» мақаласында 1951 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында жұмыс істегенде қолына баспаға ұсынылған Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романының қолжазбасы түскенін айтады. «Мен оның тұңғыш редакторы болдым. Бірақ, баспа басшылары ресми құжаттарда оған роман корректурасының дұрыстап оқылмай, көп қате кеткенін тілге тиек етті. Оның ар жағында ол кезде ашып айтыла бермеген сырлар бар еді. Шықпай жатқан романның қолжазбасы маңында әртүрлі әңгімелер туып, арыздар жазылды. Оның үстіне, роман кейіпкерлерінің прототиптері болған адамдардың жақындары мен туыстарының арыздары қосылды» депті Серік ағамыз. Осыдан-ақ, романның жазылуы көп уақыт алмаса да, шығуында біршама кедергі кездескенін байқаймыз. Алайда, табиғатынан еңбексүйгіш, жасынан жұмысқа пісіп өскен жазушы еңбек адамдарының тағдырын осылай жарыққа шығарды. Әдебиетке тегін келмегенін дәлелдеді және өзі арасында қайнап өскен үлкен өндіріс пен адал еңбек оның ішіндегі Қарағанды өңіріндегі еңбек адамының асыл бейнесі оның шығармашылығындағы ең басты тақырыптың бірі болып қала бермек. Сол кейіпкерлердің ұрпағы арамызда жүрген шығар мүмкін, кім білсін?!. Қарағанды қаласының орталығында Ғабиден Мұстафиннің шағын бюсті бар. Өзі қаламына арқау еткен қаланың көркіне көрік қосып тұр. Алайда, «Қарағанды» романы арқылы кенді өлкенің тарихын мәңгі тасқа басқан жазушыға еңселі ескерткіш орнатылса, артық болмас еді…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button