Жаңалықтар

Несиеге шырмалған тіршілік Қарызға өмір сүруге етіміз үйренді

Дәл осыдан екі жыл бұрын тұрмысы төмен отбасылардың проблемалық несиелері кешіріліп, оның бір реттік шара екені баса айтылған болатын. Бірақ, соған қарамастан, несие алуды әлі де жалғастырып, күндердің күнінде алған несиелері өзінен-өзі жабылар деп, «ғажайып» күтіп жүргендердің қарасы қалың. Ұлттық банктің ресми дерегі бойынша биылғы қаңтарда қазақстандықтар 624 млрд. теңге несие алған.

«Егер сананы тұрмыс билесе, сіздің шынайы өмір сүру қабілетіңіз өлді дей беріңіз…» дегенді оқығаным бар. Таң қалатын дүние емес. Қазіргі жағдайда «тұрмысты сана билепті» десе қайран қалуға болар еді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, несие алып қана қоймай, алған несиесін банктен несие алып, жауып жүргендер өте көп екенін айтады банк мамандары. Банк берді дегеннен, тұрғындар алды деген дұрысырақ болар. Себебі, «ала қойшы» деп, жарнамасымен қызықтыратыны болмаса, алғысы келмегенге қинап берген банк жоқ. Нәтижесі – қарызға белшеден батқан өмір, бітпейтін күйзеліс. Статистика да ай сайын қарызы өсіп қана қоймай, қарыз алушылардың санының өскенін көрсетеді. Психолог Мейрамгүл Түсіпованың айтуынша, несие алған адамдардың денінде «ай сайынғы ақшаны төлей алмаймын» деген теріс пікір қалыптасып, жағдайды тіптен ушықтырып жібереді екен.

– Қарыз болған кез келген адам күйзеліс жағдайында болады. Несиені бір күнге ғана алмаймыз ғой. Оны жылдар бойы төлеу керек. Мұндай күйзеліс мазасыздықпен қатар, қарызды уақытында төлей алмағандығынан, өз қабілеттеріне деген сенімсіздікке алып келеді, – дейді ол.

Жалпы, қазір несиені артық шығынсыз немесе күйзеліссіз жабу туралы әлеуметтік желіде түрлі кеңестер толып жүр. Тек, ерінбей қарап, оқып, қажетіңізді алсаңыз жетіп жатыр. Мәселен, заңгер әрі блогер Гүлмира Қарасайдың парақшасында несиені екі жолмен жабуды көрсетеді. Атап айтқанда, төлеудің аннуитет және дифференциал түрлеріне тоқталады. Оның айтуынша, қазақстандық борышкерлердің шамамен 90 пайызы несиелерін аннуитет төлем бойынша жүргізеді. Яғни, қарызды аннуитет түрінде жапсаңыз, ай сайын бірдей сомадағы ақша салынып отырады. Ал, дифференциал төлем жүйесінде берешек ай сайын азая береді. Бұл дегеніміз – несие сомасына ай сайын үстіне қосылатын пайыздың да азаятындығы. Жалпы, несие алушылардың басым бөлігі – жастар. Олар тұтынушылық несиеге көбірек жүгінеді. Несиеге тәуелділік 90- шы жылдардан соң банк саласы қарқынды дамып, елімізде екінші деңгейлі банктер көптеп ашыла бастағанда пайда болды. Бұл өз кезегінде жасанды қажеттілікті тудырды. Нәтижесінде несиеге өмір сүру қалыпты құбылысқа айналды. Бұған дейін өз күшіне немесе өзінің қаржылық қабілетіне ғана өмір сүріп, яғни, «көрпесіне қарай көсілсе», енді көзді қызықтырған кез келген дүниені ештеңеге қарамай, несиеге рәсімдеп ала салу жат емес. Бірінші несие бюросының мәліметі елімізде 2011 жылы жеке тұлғаларға берілген несие – 2,2 трлн. теңге болғанын көрсетеді. Оның 1 трлн. теңгеге жуығы – кепілсіз тұтынушылық несие. Ал, 2017 жылы – 4,4 трлн., 2018 жылы – 5,1 трлн., 2019 жылы – 6,3 трлн., 2020 жылы – 7,1 трлн., 2021 жылдың 10 айында – 9,9 трлн теңге. Жалпы, қазақстандықтар алған несиенің 5,7 трлн. теңгесі – тұтынушылық мақсатта. Ал, тұрғын үй алу мақсатында облыс тұрғындары «7-20-25» бағдарламасы бойынша 33 млрд. теңгеден ғана асатын сомаға ипотека рәсімдеген. Тұрғын үй демекші, баспана алуға бағыт көрсетіп жүрген блогер Дәулет Төлеутайұлы да бар жиғанын шашып қана қоймай, несие алып той жасайтындарды түсінбейтінін айтады.

«… Бес сағаттық той үшін 5 жыл төлейтін кредит алатындарға» сол ақшаны жинап, жастарға үй алып беруге кеңес береді. Әлеуметтік желі демекші, бәленің бәрі осыдан десе де артық емес. Өзгелердің әдемі өміріне қызығып, қаржылық жағдайы мүмкіндік бермесе де, тыраштанып, несиеге кіру де осыдан басталатынын айтады психолог мамандар.

«Өзгеге қызығып, уақытты текке өткізгенше, осы әлеуметтік желідегі пайдалы блоктарды оқып-ақ, талай жетістікке жетуге болады. Тек, ынта болса болғаны» дейді блогер. Өз қажеттілігің үшін алынған несиенің бұдан былай кешірімі болмайтынын, ешқандай қорға иек артудың қажеті жоқ екенін «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев те айтқан болатын. Оның айтуынша, қор үй алып беруге және халықтың несиесін жабуға арнайы құрылған жоқ. Бұлай деуінің де себебі бар. Бірқатар азаматтар қордың ақшасына несиесін өтеп беруді өтінген. «Несиені қалай алдыңыздар, солай төлеңіздер. Басқа жауап жоқ», – деп кесіп айтты Болат Жәмішев.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button