Руханият

Біздің Зақаң

Зарқын аға туралы «жүрдім-бардым», «алас-күлес» жаза салуға әсте болмайды. Өйткені, ол – сөз қадірін өз қадірінен артық бағалап, нені айтып, нені жазса да, тамырынан тартып толғайтын қаламгер. Тым көлгірсуге тағы болмайды. Асыра мақтап, аспандата мадақтауды жаны қаламайтын бір пенде болса, ол да – Зарқын ағам. Сексеннің сеңгіріне көтеріліп жатыр біздің Зақаң. Иә, абырой биігі. Шүкіршілік ететіндей-ақ белес. Ағаның мерейін тасытатын-ақ мерейтой. Десек те, жайсаң ағаның, ғибратты ғалым, парасатты азаматтың жүйткіген уақыт жетегінде бізден алыстап бара жатқанын түсіне бермейміз-ау…

Арамызда әріптестіктен жоғары тұратын әкелі-балалыдай сыйластық бар. Менсіз де «Арқа журналистикасының атасы» атанып кеткен Зарқын көкемнің бауыр-баласы көп. Алла көпсінбесін! Кешегі өткен Мағаш (Мағауия Сембай) ағамды да әкесі Сланбек Зақаңа тапсырып кеткен. «О дүниеде қолыңнан аламын» депті. Мағаш аға сарай кеудесінен шыбын жаны ұшып кеткенше Зақаңды қадір тұтып, Зақаңды қастерлеп өтті. Заңғар ағаны құрметтеуді бізге де тапсырды. Тұтас бір дәуір, бір буынның ардақтысына айналған біздің Зақаң бәріміздің де маңдайымыздан сипап, арқамыздан қағып келеді. Ғалым ретінде тереңдігімен, қаламгер ретінде сөз өнеріне адалдығымен дараланған жақсы ағаны ардақ тұтудан біз де жалыққан емеспіз.

…Бірде әлдебір замандасымыз «Журналистика ғылым емес» деп қалған. Журналистиканың ғылым екендігін, ұлт баспасөзінің қазына-көмбесіндегі әр жазбаның ғылыми деректерге толы екендігін, ғылыми публицистиканың өміршеңдігін Зарқын ағам дәлелдеді.

Біздің Зақаң – бесаспап ғалым. Көп ғалымдар белгілі бір тақырып шеңберін өмір бойы шиырлап өтсе, Зарқын аға алуан тақырыптарға тыңға түрен, тайға таңба салғандай батыл барды. Абайтануға Зақаң келгенде, ғылыми орта миығынан күліп, күмәнмен қарап еді. «Әуезов бастаған, Қабдолов қоштаған қаншама ғалым зерттеген Абай мұрасында не қалып еді?» дескен-ді. Алайда, Абай шығармашылығына тың қырынан келіп, тыңғылықты зерттеу жасаған Зарқын Тайшыбайдың ілкімді ізденісі ғылыми ортаны бейжай қалдырмады. Селт еткізді. Ұлы ақынның шығармашылық шеберханасына үңіліп, Абай мұрасына текстологиялық талдау жасады. Ақыры, мүйізі қарағайдай қазақ ғалымдары Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Зәки Ахметовтер батасын беріп, қарағандылық ғалымды қатарларына алды.

Сіз білесіз бе? Зарқын Сыздықұлының Алаш қайраткерлері мұрасын зерттеп-зерделеуді сонау ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында бастағанын. Белгілі тарихшы профессор Қамбар Атабаевтың жетекшілігімен «Революцияға дейінгі дәуірдегі қазақтың демократ журналистері» деген тақырыпты таңдап алып, талдауға кіріскен. Мақсаты – Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты демократ қылып шығару. Алайда, жұмысын аяқтай алмаған. Ол туралы жетекшісі Қамбар Атабаевтың бір еңбегінен «Сол аспирантым жоғары партия мектебіндегі оқуымен үйлеспейтін тақырыпты аяқтай алмай, ауылға кетіп қалды» деген салмақты өкінішін оқығаным бар. Бірақ, өзінің зерттеу еңбектерінде ашық жазбаса да, Алаш көсемдерінің еңбегін сыналай кіргізіп, емеурін етуден жалыққан емес. Мәселен, 1971 жылы жарық көрген «Журналистика» атты жинаққа Зарқын ағаның «Рахымжан Дүйсенбаев деген кім?» деген ғылыми мақаласы енген. Алаш қайраткерлерінің серіктесі болған тарихи тұлға туралы тың деректі ғылыми айналымға енгізе отырып, бүгінгі профессор Зарқын Тайшыбай сол еңбегінде «Дүйсенбаев жалғыз емес!» дегенді емеурін етеді. Міне, батылдық! Міне, адалдық!

Қарағанды университетінде журналистика кафедрасын ашудағы қайраткерлігі туралы дәл осы мерейтойлық айқармада аз айтылып, кем жазылған жоқ. Қызылжар ағамызды аттай қалап, шақырып алғанда қимағанбыз, қиналғанбыз. Бірақ, Зақаңның теріскей өңірдегі еңбегі жеміссіз болған жоқ. Абылай ханды аңыздан ақиқатқа алып келді. Мағжан ақынның өмірі мен қызметі туралы тек қан архив құжаттары негізінде қадау-қадау еңбек жазды. Бұл еңбектері ғалым Зарқын Тайшыбайдың бір ғана Қарағандының емес, тұтас Ұлттың ұлы екенін, Ұлт руханияты үшін жаралған перзент, Ұлттың жоқшысы екендігін көрсетеді.

Абылай есімі Тәуелсіздік алардың аз-ақ алдында ғана атала бастады. Сол сәттен бастап, Абылай тұлғасы елдіктің, ерліктің һәм тұтастықтың нышанына айналып, барлық баспасөз жарыса жазып, ақындар жырын төкті. Ал, абылайтануға тұңғыш түрен салғандардың бірі – біздің Зақаң. Зарқын Сыздықұлы ғұмырынң кемі 20 жылын Абылайға арнады. Ақыры, ұлттық сана-түйсігімізге жамала бастаған «Абылайдың ақ ордасы», «Абылайдың ақ туы» деген жалаң ұраннан мүлде бас тартқан, ғылыми тұжырым, құнды құжатқа негізделген «Абылайхан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар» атты еңбегі 2005 жылы жарық көрді. Абылай ханға қатысты жазылып, айтылып жүрген тұжырымдарға түбегейлі төңкеріс жасаған еңбек осы болғанын бауырлары – біздер мақтан тұтамыз. Зақаңның бұл еңбегі туралы көп сөйлеп, көсемсудің де қажеті жоқ. Бір ғана Ақаңның (Ақселеу Сейдімбек) пікірімен түйіндесе болар. Қайран Ақаң «Егемен Қазақстан» газетінің 1 наурыздағы санында жариялаған мақаласында: «Кітапты оқып танысқан адам мұндай еңбек тек жанкешті, «жалаңтөс» зерттеушінің ғана қолынан келгеніне көз жеткізеді. Оның мәнісі – тұтас бір ғылыми-зерттеу институты әлденеше жылда орындай алатын еңбекті бір ғана зертттеушінің сәтімен тындырып, қолымызға бергендігінде деуіміз керек», – депті. 500 беттік кітапты он қайталап оқып шықсаңыз да, Ақаңнан асырып ештең айта алмаспыз.

Жалпы, Зарқын Тайшыбай – кез-келген тарихи дерек, аңыз-әпсананы салыстырмалы тұрғыда дәйектеп алмайынша, тұжырым жасамайтын ғалым. Бұл қасиетін ауызекі әңгіме барысында да еркін аңғаруға болады. Дау тудырып, күмән жетектей жүретін тұжырым болса, ол – біздің Зақаңдікі емес!

Жүз жасаңыз, Аға!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button