Спорт

«Кенесары ханнан» – «Тәуелсіздікке»

Ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы, «Хабар-24» телеарнасының шолушысы, белгілі журналист, танымал велошеруші, жерлесіміз – Ернат МЭЛСҰЛЫ кезекті велошеруімен Нұр-Сұлтан қаласынан Қарағандыға келді. Бұл жолғы велосапар қазақтың соңғы ханы, жүрегінің түгі бар даңқты қолбасшы Кенесары ҚАСЫМҰЛЫНЫҢ 2020 жылдығына арналып, «Кенесары – 2020» деп аталды.

Ернат әріптесіміз сапарын жалғыз өзі таңғы 5:00-де Елордадағы Кенесары хан ескерткішінен бастап, Абылай хан даңғылы арқылы Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолына түсіп, велосипедін желдіртіп отырып, кешкі 17:00-де Қарағандының Бұқар жырау даңғылы бойындағы «Тәуелсіздік» стелласына келіп тоқтады. Мұнда Ерекеңді кеншілер шаһарының кең пейіл ағайыны құшақ жая қарсы алды.

Байқасақ, велошеру бағытының өзінде үлкен мән жатыр. Қай жерден басталып, қай көше арқылы жүріп, қай жерге келіп тоқтағанына назар аударсаңыз бұл бастаманың мақсатын да іштей ұғасыз… Бұл жерде тек идея ғана емес, соны жүзеге асырып, елге ой салуға деген Ерекеңнің талпынысы таң қалдырды бізді. Не істесе де, осы велосипеді арқылы елдің тарихы мен мәдениетіне, ұлттық асыл қазынамызға жұрттың назарын бұрғыза отырып, салауатты өмір салтын насихаттап жүр. Жұрт сияқты демеушісі де жоқ. Бәрін өз күшімен істеп, сөз бен ісін қабыстырып, нағыз қазақ жігітінің болмысын асқақтатып келеді. Бұл ісі соңына ерген бауырларына үлгі-өнеге және бұл алғашқы велошеруі емес. Талай тұғырлы тұлғаны насихаттап, республикалық деңгейде бірнеше велошеру ұйымдастырып, өзі көш басында жүрген нағыз патриот

Атап айтсақ, 2018 жылғы Астананың – 30, туған жері Ақтоғай ауданының 90 жылдығына арналған 500 шақырымдық «Астана-Ақтоғай» велошеруі, 2019 жылғы С.Сейфуллиннің – 125, Жаңаарқа ауданының 90 жылдығына арналған 208 шақырымдық «Қарағанды-Жаңаарқа», 2020 жылғы ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған 1088 шақырымдық «Нұр-Сұлтан – Жидебай», 2021 жылғы Ыбырай Алтынсариннің – 180, Тәуелсіздіктің – 30, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының – 100, Ы.Алтынсарин музейінің 30 жылдығына арналған 750 шақырымдық «Нұр-Сұлтан – Қостанай», 2021 жылғы «Қазақ радиосының» 100 жылдығына арналған «100 жылдыққа – 100 шақырым», 2021 жылғы ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 28 жылдығына арналған 28 шақырымдық велошеруі жайлы ел біледі. Ал, 2022 жылдың 10 ақпанында «150 жылдыққа – 150 шақырым» атты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған тұңғыш қысқы велошеруімен Қазақстан рекордын орнатса, 2022 жылдың 1 мамырында ораза ұстай жүріп, 109 шақырым жүріп, тағы бір Қазақстан рекордын орнатты.

2015 жылдан бері спортты серік еткен ол, 2018 жылдан бері жыл сайын велошеру өткізіп келеді. 2020 жылдан бері 4 мезгілде де, қысы-жазы тебе береді. Осы 7 жылда велосипедпен жалпы 20 мың шақырым жүрген әуесқой велосаяхатшы десек, артық айтқандық емес.

– Бұл велошеруді Кенесары ханның 2020 жылдығына арнап, ол туралы көптеген тың дерекпен таныстым. Өйткені, мақсат тек велосаяхат емес. Осы жоба арқылы тақырып иесі жайлы білімімді толықтыру және оны насихаттау. Яғни, мен осы шеру арқылы өзім жинаған Кене хан жайлы білімімді елге айта жүремін. Мұнымен тоқтамаймын. Алда қыркүйек айында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай туған жері Ақкөл, Сарытүбек ауылдарынан бастап, Қостанай, Торғай, Әулиекөл, Ақтөбе, Атырау, Ақтау арқылы Әзірбайжан, Грузия үстімен Түркияға сапар шегу. Осы халықаралық велошеруге дайындық деуге де болады. Бұдан бөлек, осы шеру арқылы Абайдың «Толық адам» идеясын насихаттап, Мұстафа Өзтүрік сынды рухты бабаларды басына барғым келеді. Әзербайжан, Грузия, Түркиямен дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын да ұмытпаған жөн. Ел менен «Демеушің бар ма?» деп сұрайды. Соған бас қатырып көрмеппін. Ешкімге кіріптар болғым келмейді. Бірақ, қолдау білдіріп жатқан елге мың алғыс. Қалталы азаматтар да бар. Демеушілік қолдаудың да заңды түрде болғанын қалаймын. Қарағанды – үлкен қала. Мұнда веложолдар мен велостанциялар салынса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, кеншілер қаласында велосипед тебушілер қатары күн санап өсіп келеді, – дейді Ернат Мэлсұлы.

Бұған дейін ағылшын тілін оқытатын кітап шығарып, енді «Толық адам» кітабын жазып жатқан Ерекеңнің осындай ынта-жігеріне тәнті болдық. Өзі өте көңілді жүреді әрі сөзге шешен. Ол әр қазақ жігітінің өзі сияқты патриот болғанын қалайды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button