Бас тақырып

Ақорда – айбарым

Елорда – аспанмен астасқан ғимараттарымен көрікті. Шаһардағы алып нысандар биіктігі һәм әдемілігі ғана емес, тарихи мән-маңызымен де ерекше. Нұр-Сұлтан қаласының төрінде орналасқан Қазақстан Президентінің ресми жұмыс кеңсесі, яғни, резиденциясы – Ақорда сондай тарихи-мәдени мәні бөлек, құнды ғимарат. 2004 жылы ресми түрде ашылған сарайдың биіктігі үшкір төбесімен қоса есептегенде – 86 метр, жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр. Президент әкімшілігі де еркелей ағып жатқан Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан осы бас ресми кеңседе. Осы бір алтын шаңырақ еліміздегі сәулет өнерінің аса үздігі. Сәулетшілердің тілімен айтсақ, жаңа әкімшілік орталықтың жинақтаушы тұғыры. Әлемдегі көрікті әрі құрылымы бөлек резиденциялар арасында үздік ондыққа енеді. «Ақорда» деген айшықты атаумен қазақтың терең тарихын бүгінгі күнмен ұштастырып тұр. Мемлекетіміздің бас кеңсесінің Ақорда аталуы қазақтың ұлан-байтақ жерінде моңғол шапқыншылығынан кейінгі құрылған алғашқы іргелі Ақорда мемлекетімен тікелей байланысты. Сондықтан да, бұған бейжай қарауға болмайды…

Өйткені, елдің тарихынан хабары бар жандар Ақ Орда мемлекеті жайлы біледі. Алтын Орда империясы ыдыраған соң пайда болған Ақ Орда мемлекеті қазіргі Қазақстан жерінің түгелге жуығын қамтыған. Сонымен қатар, Алтын Орданың жауларымен соғыста үлкен жігерлілік көрсетіп, әлемге әйгілі державаның мұрагері екенін таныта білгені жайлы деректер мол. Демек, ел астанасында ерекше архитектурасымен көздің жауын алатын бұл ғимаратқа жай әкімшілік кеңсе деп қарауға болмайды. Неге десеңіз, сол атақты Ақ Орданың орнында қазір Қазақстан дейтін біздің байтақ Отанымыз пайда болған. Сәйкесінше, Мемлекет басшысының резиденциясының да осындай тарихи атаумен аталуы – заңды. Кез келген ғимарат, көше болсын тарихтың бір бөлшегі, өткеніміздің белгісі, көрінісі.

Ақорданы Еуропа мен Қазақстанның белгілі сәулетшілері тұрғызған. Олардың ішінде еуропалық әйгілі дизайнерлер М.Гуалаци мен А.Мольтени бар. Ішкі нақышын ұлттық мәнерде салу академик Қ.Монтақаевтың кеңесімен жүргізілген. Ауқымды мемлекеттік нысанды салуда 26 ұлт өкілі және әлемнің ондаған елінің мамандары тер төккен.

Сондай-ақ, Ақ Орда атауындағы «Ақ» сөзінде де терең мағына бар. Резиденцияның қасбеттері мен ішкі көріністерінің түстеріне қатысты шешімде ақ түс пен ашық реңктер басым. «Ақ» сөзі түркілік мәдениет семантикасында ең алдымен қасиеттілікті (киелілікті) аңғартады. Бұл – шаттық пен сәттіліктің, шынайылық пен мәрттіктің, ар-ұят пен жақсылықтың нышаны. Ақ түстің бай символикасы Ақорданың сәулеткерлік келбетінде көрініс тапқан. Жалпы, Ақорданың ішкі сәулеті мен безендірілуі еліміздің заманауи мемлекеттік стилін көрсетеді.

Байқап қарасақ, «Ақ үй» деген атау әлемнің біраз елінде кездеседі. Мәселен, Америка Президентінің бас кеңсесі де солай аталады. Ал, біздікі – Ақорда. Бұл жай Президент отыратын ақ үй ғана емес, қазақ халқы үшін терең мән-маңызға ие атаумен аталған бас кеңсе. Арқа төсіндегі 2 миллионға жуық тұрғыны бар, күн сайын қарыштап дамып келе жатқан бас қаламыздың төрінде тұрған Ақордада түрлі тарихи шешімдер шығарылып, еліміздің ертеңі үшін түрлі тың бастамалар туын желбіретіп жатады. Біз оған тамсана, сүйсіне қараймыз. Өзіміздің алып империя Алтын Орданың мұрагері екенімізді сезініп, жан-жүрегіміз толқиды. Ұшқан құстың қанатын талдыратын созылып жатқан байтақ Отанымызға деген перзенттік махаббат тасып, кешегі өткен батыр бабаларға шексіз алғыс айтамыз. Сол бабалардың ерлігін ұмытпай бас кеңсеге тарихи атау беріп, бізді солай патриоттыққа тәрбиелеп келе жатқан аға буынға риза боламыз. «Ертең біз осындай тарихи қадамдарға бара аламыз ба?» деп өзімізді қамшылаймыз.

– Ақ Орда – 200 жылға жуық өмір сүрген іргелі мемлекет. Жошы ұлысының бастауы. Тарихтан Түрік қағанаты, Дешті қыпшақ болғанымыз белгілі. Ақ Орданың да тарихымыздағы маңызы үлкен. Өйткені, көшпелі тайпаларды бір тудың астына біріктірген Ақ Орда. Орда – ел, ұлыс, мемлекет дегенді білдіреді. Яғни, бірліктің жоқтаушысы, тұрақтылықтың белгісі. Мәңгілік мемлекеттіліктің тұтқасы. Бұл атау жалпы халқымыздың дүниетанымына сәйкес келеді. Біз астаналарға үлкен құрметпен қараған елміз. 3 мың жылдан да әрі кететін тарихымызда ел ордасын «киелі, қасиетті» деп санағанбыз. Философиялық мәні терең. Бұл жайлы көп айтуға болады. Бұл атау – тарихымызға, тарихи жадымызға, ұлттық кодқа, мемлекетшілдікке құрметімізді, адалдықты білдіреді. Ақордаға «Елдіктің символы» деп қараймыз, – дейді ҚарУ-дың тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұртас Смағұлов.

Бұдан бөлек, мына бір маңызды жайтқа көңіл бөлгіміз келеді. Нұртас ағамыз Жошы ұлысы туралы айтты. Жошы хан бұрынғы Қарағанды, қазіргі Ұлытау облысы аумағында жерленген. Демек, Ұлытау деп аталатын жаңа облыстың ашылуы, сол облыстың аумағында Жошы Хан кешенінің салынуы да кезекті шаруаның бірі емес. Осының бәрі жүйелі түрде тарихи жадымызды жаңғыртуға деген талпыныс деп білеміз. Өйткені, қазақтың сұлтандарын ақ киізге отырғызып, хан көтерген киелі жер де осы Ұлытау. Ұлы Жошы ұлысының бір бөлігі Орда Еженнің билігі де бүкіл қазақ жеріне осы Ұлытаудан тарады. Ендеше, еліміздің бас кеңсесінің атауынан басталған тарихи жадты қалыптастыру, Ұлы Алтын Орда империясының мұрагері екенімізді таныту алдағы күндерде де жалғасын табады деген сөз. Осыны соңымыздан ерген жас буынның да білгенін қалаймыз.

Біз бұл мақалада ару қала Нұр-Сұлтанда орналасқан еліміздің бас кеңсесіне ғана тоқталдық. Мұнда бұдан бөлек, көптеген тарихи ғимарат бар. Олар жайлы алдағы уақытта қалам тербегіміз келеді.

Демек, «Ақорда – айбарым» деуге толық негіз бар…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button