Ұлы Жеңіске – 77 жыл

Жеңіске бастаған арулар

Гитлер зұлымның мақсаты әлемде фашизмнің диктатурасын орнатып, қарсы келгендердің бәрін тас-талқан етіп қирату еді. Өзінің осынау жиіркенішті әрекетін жүзеге асыру жолында тұратын бірден-бір кедергі мен тосқауыл СССР деп білді. Сондықтан, Совет елі мен оның халқын құртуға бар күш-қайратын жұмылдырып, қаруын да, қатігездігін де аяған емес. Отан қорғауға ер азаматтармен қатар әйелдер қауымы да аттанып, майдан даласында қарыс қадам шегінуге хақы жоқ болды. Ол кездердің қасірет-қайғысын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол бір сұрапыл соғыс жылдарында жорық жолдарынан өткен адам оның қисапсыз қиындықтарын – жанын пида еткен миллиондарды, тоз-тозы шығып, топыраққа айналған мың-мың қалалар мен селоларды еш уақытта ұмыта алмайды. Теңдесі жоқ сыннан өткен бұл соғыста балқаштық арулар да көп болды.

Ресми деректерге сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғысқа шамамен 490 мың әйел шақырылған. Олар ерлермен қатар соғысып, Отан үшін жанын берген, жаумен соңғы демі қалғанша шайқасқан. Қарағанды облысынан 10 мыңнан аса қыз қызыл әскер шебіне қосылған. Қазақстаннан майданға өз еркімен бару туралы түскен өтініштердің 40%-ы әйелдерден болды. Мыңдаған қазақ қыздары мен әйелдері мейірбике мен санитар мамандығын тездетіп үйренуге кірісті. Қазақ әйелдерінің өтінішімен мемлекетте соғыстың алғашқы екі айында шамамен 206 мейірбике курсы ашылып, санитарлық бірлестіктер құрылды. 200 мыңдай қыз бен әйел ГСО үйірмелерінде оқыған көрінеді.

Нақтылай түссек, 80 мың әйел офицер болған екен. Жалпы, соғыстың басынан аяғына дейін 1 миллионға жетеғабыл әйел адам алғы шепте ұрысқа қатысқан деген дерек бар. Тек қана әйелдерден тұратын атқыштар бригадасы, 3 авиациялық полк және тағы бір резервтегі атқыштар бригадасы құрылған. Қыз-келіншектерге арналған мергендер мектебі, сондай-ақ, теңізші әйелдер де болған.

Соғыс уақытында балқаштықтардың ерекше есінде қалған жауынгер Вера Хоружая (суретте). Ол алғашқыда 1935 жылдың мамыр айында ВКП (б) Орталық Комитетінің жолдамасымен Прибалхаш аудандық партия комитетіне қызметке жіберілген болатын. 1941 жылы Витебщинадағы жасырын партия ұйымының құрамында болды. 1942 жылы Витебск қаласында немістердің қолынан қаза тапты. В.Хоружаяға КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1960 жылғы 17 мамырда Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Балқаш қаласының бір көшесі батыр қыздың есімімен аталады. Кеңес Одағының батыры Вера Хоружаяның құрметіне Балқаш қаласындағы «Балқаштүстіметалл» өндірістік бірлестігінің аумағында 1968 жылы ескерткіш орнатылған (авторы – суретші Вера Маркина). Бронзалық тақтада: «Кеңес Одағының Батыры Вера Захаровна Хоружаяға алғыс білдіруші ұрпақтарынан» деп жазылған.

Тылда жеңіс үшін бел бүкпей еңбек еткендер де аз болмады. 1941 жылдың қыркүйек айында Балқашта 716 әйел жаңа маман иесі болып шыққан. Оның ішінде, 370-і мыс қорыту зауытындағы жұмысқа дайын болса, 128-і Қоңырат кенішінде еңбек етуге дайын еді. 20 әйел электр дәнекерлеу мамандығын игерсе, 71-і – слесарь, 24 әйел электровоз машинисінің көмекшісі мамандығын үйренген, ал, 41-і турбина машинисінің орнына дайын болған.

Бұл уақытта жергілікті комсомол қыздардан Ғайша Оспанова, Вера Бровкина, Сара Маметова, Қапиза Қадіржанова, Мадина Бегалиева, тағы басқалары қазақ әйелдері қоғамдық еңбекке араласып, қажырлы жұмыстар жүргізді. Балқаш қаласындағы барлық саланың қанат жаюына еңбек сіңірді.

Кейінгі тарихшыларымыздың деректеріне сүйенсек, майдан даласына мергендерді даярлау әйелдер орталық мектебі ұрыс алаңына 1061 мерген және 407 мерген ісі жаттықтырушысын әзірлеген. Бұл мектептің түлектері 11 280 жау солдаты мен әскерін жойған. Мерген қыздарды дайындап шығаратын бұл мектеп Кеңес Одағында ғана емес, әлемдегі ең алғашқы мерген әйелдерді даярлау мектебі болған.

Ерлік, еңбек үлгісін көрсеткен нағыз жауынгерлердің қолқанатына айналған әйелдер қауымы жеңістің туын желбіретуге зор мүмкіндік туғызды. Бұл ерлік ұмытылмауға тиісті.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Back to top button