Бас тақырып

Адамзат аспан есіктерін қалай ашты?…

Құранда ғарышқа кімнің бұрын ұшатыны және ол адамның алғашқы әсерінен айтылған сөзі анық берілген.  Мұны Біріккен Араб әмірлігінің ғалымы профессор Аднан ШАРИФ өз зерттеуінде дәлелдеген.

Ғарыш әлеміне бүкіл түбі бір түркі халқы атынан Тоқтар Әубәкіров аттанды. Онан соң, қазақ ғарыш тарихында тағы екі ғарышкердің аты қалды. Олар Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Бұл үш адамның ұлты бір, діні бір. Мұсылман қауымының арасынан алғаш қазақ ғарышкерінің аспанға ұшуы тегін емес-ті. Барша адамзатқа мәлім болғандай ғарышқа Белка мен Стрелкадан (иттерден) соң 1961 жылы ресейлік Юрий Гагарин ұшты. Бұл әлемдік эксклюзивті жаңалыққа айналды. Төрткүл дүниенің төбесінен ғарыш кемесінің иллюминаторы арқылы қараған ұшқыш «Мен не көріп тұрмын, бұл түс емес пе, әлде менің көзім байланды ма?» деген. Оның бұл сөздері ұшуды басқару айлағындағы радио аппаратқа таспаланып қалған. Профессор Аднанның зерттеуінде адамзатқа 1400 жыл бұрын түсірілген қасиетті Құранның «Әл-Хижр» сүресінің 12,13,14 аятарында дәл осы тіркес айтылған.

«Бұл халық бұрын сенсе де, кейін Аллаға сенбеді. Біз оларға аспан есіктерін ашуға мүмкіндік бергенде, олар оған көтеріледі. Көтерілген сәтте «Мен не көріп тұрмын, бұл түс емес пе, әлде менің көзім байланды ма? дейді», делінген. Бұл ғарышқа бұрын кімнің ұшатынын және қашан ұшатынын һәм оның алғашқы әсерінен айтқан сөзін білген жалғыз Хақтың айтқаны. Кеңес одағының қаһарманы, ғарышкер Павел Попович бұл сөзді естіп, «Мұның барлығынан маған ең қызығы Алланың «Біз оларға аспан есіктерін ашуға мүмкіндік бергенде» дегені». Қарап отырсаңыз, ғарышқа әлемнің кез келген жерінен ұшу мүмкін емес. Бірнеше ғалым дәл осы есіктердің кілтін табу үшін ғұмырын сарп етті зерттеуге. Аталған есіктерге егер ғарыш кемесі дұрыс бағытталмаса оның өртеніп кетуі, немесе ауа қысымынан ғарышта қалып қоюуы ғажап емес. Оған бір мысал 2018 жылдың 11 қазанында Байқоңыр ұшу айлағынан аттанған «Союз МС-10» кемесінің жарылуы. Кеме Жезқазған қаласының шығыс жағынан санағанда 25 шақырым қашықтықтағы жерге құлаған. Абырой болғанда ресейлік ғарышкер «МКС-57/58» экспедиция мүшесі Алексей Овчинина мен америкалық астронавт Ника Хейг дін аман. Ғалымдар мұнан өзге де тағы біршама жайттардың куәсі болған. Тіркелген фактінің барлығы ғарыш кемесінің аспан есігінің бағдарынан ауытқуынан делінген. 

– Ғарышқа кемелер тек бір ғана жолмен ұшып қайтады. «Әт-Тариқ» сүресінің 11 аятында «Мезгіл сайын жаңбыр төгуші, кері қайтарушы аспанға серт», – делінген. Расында, тек XXI ғасырда ғана аяттың мағынасына мән бере бастадық. Дәл осы жағдай альфа, бетта, гамма сәулелерімен де дәлелденген. Олардың біздің ғаламшарға түспей ұшының ғарышқа бағытталғанын байқаймыз. Демек, аспанның кері қайтарғыш қасиеті бар, – дейді Аднан Шариф. 

Құранның 67 сүресінің 3-4 аяттарында: «Ол бір-бірінің үстіне жеті қат аспан жаратты. Аса қайырымды Алланың жаратқанынан ешбір сәйкессіздік таба алмайсың. Тағы да қарашы. Мін көре аласың ба? Сосын тағы да, тағы да көз жібер. Көзің талып, қор болып, өзіңе қайта келеді» деп келеді. Ал, енді осы жолдардың мағынасын талдап көрелік. Ғаламдағы миллиардтаған жұлдыздар мен галактикалар тек өз орбиталары бойынша ғана кереметтей үйлестікпен жылжиды. Жұлдыздар, планеталар, олардың серіктері бір жағы өз осінен екінші жағы өздері кіруге бағытталған жүйемен айналып жүреді. Аспан әлеміндегі жылдамдықты түсіну адамзат санасы үшін өте қиын. Өйткені, ғаламдағы жылдамдық шамаларын жер бетіндегі біз түсінетін жылдамдықпен салыстыра алмаймыз. Салмағы миллиардтаған, триллиондаған тоннадан асатын планеталардың санын да тек үздік математиктер ұғатын ғаламат галактикалар санаға сыймас жылдамдықпен қозғалады. Мысалы, жер шары өз осінен сағатына 1670 шақырым жылдамдықпен айналады. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ең соңғы үлгідегі баллистикалық зеңбіректен атылған оқ сағатына 1800 шақырым жылдамдықпен ұшады. Енді жердің өз осінен қаншалықты жылдамдықпен айналатындығын осыдан-ақ білуге болады. Ал, жер шарының күнді айналу жылдамдығы сағатына 108 мың шақырым яғни баллистикалық оқтың жылдамдығынан 60 есеге тез. Күн жүйесінің галактика орталығын айнала қозғалу жылдамдығы болса сағатына 720 мың шақырымға тең. Шамамен 200 миллиард жұлдызды шоғырландырған біздің галактикамыз Құс жолы ше? Ол ғарыш әлемінде сағатына 950 мың шақырым жылдамдықпен қозғалады. Мұндай күрделі әрі өте ұшқыр жүйеде ірі апаттар мен соқтығыстар болуы әбден мүмкін.  Бірақ, ондай апат әлі болған емес. Біз де адамзат баласы ғарыштан әлдеқандай қауіп келеді деп сескенбейміз. Себебі, бұл дәлме дәл есептің нәтижесі. Құранда осы тәпсірленген. 71 сүренің 15 аятында: «Алланың жеті аспанды қатар етіп, бір-бірімен үйлестіре жасағанын қалайша көрмейсіңдер?». Сондай-ақ, 25 сүренің 2 аятында: «Ол аспан мен жердің иесі. Ол өзіне бала жаратпады. Оның билігіне теңдес жоқ. Ол бәрін жаратты, бәрін тәртіпке келтірді, бәріне тиісті өлшем берді» делінген. Бұл 18 мың ғаламды «Бол» дегенде болдырған Хақтың жарлығы. Оның жаратқан ғаламы әлі толық зерттелген жоқ. Тек бір ғарыш әлемінің өзі әлі ғасырлап зерттер мыңдаған ғалым ғұмырын сарқары сөзсіз. 

Себебі, сыры қисапсыз. Жалғыз жаршы Құран сөзі. Қасиетті кітаптың аяттарынан ғарышқа, жұлдыздарға қатысты сүрелерді оқып таңданбасқа амал қалмайды. Ол бұл әлемді өзінің ең сүйікті жаратылысы адамзатқа арнаған. 

Ғаламның ғаламаты біз үшін құрылды…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button