Жаңалықтар

Күзде ет қымбаттамақ

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше әлеуметтік маңызы бар азық түлік қымбаттаған. Халық тұтынатын негізгі тауарлар бірден 17,7 %-ға өскен. Енді, «Күзге қарай ет бағасы өседі» деп дабыл қағуда сарапшылар. Ақтылы қой өргізіп, төрт түлікті өсіріп отырғанда ет пен аққа ауыз жарымаса, сырттан келетін тауар туралы сөз қозғауда артық болар.

Көтерме базардағы баға өскеннен кейін, алыпсатар дүкендер тауар бағасын тіпті қымбаттатып жіберген. Қанттың бағасы шарықтап, сүт өнімдері күнара көтеріліп жатса, кір сабынның құны 400 теңгеден жоғары. Айтып айтпай не керек, Мемлекет басшысы бағаны бұғалықтауға тапсырма бергенімен, орындалысы мардымсыз. Дүкен сөрелеріндегі тауар бағасының түскенін емес, өскенін көріп келеміз. Күзден бастап ет бағасының қымбаттайтыны жығылғанға жұдырық болып отыр. Бүгінде сиыр етінің келісін 2800-3500 теңге аралығынан сатып алатындар, енді қаншаға барып тіреледі деп алаңдауда. «Бүтіндей бір малдың етін сатып алуға қалта көтермейді. Сондықтан, апта сайын ептеп келілеп аламыз. Сатушылар «ет қымбаттайды, молырақ алыңыз» дейді, оған шама қайда?» дейді қарағандылық Сара апай. Қазақстан әлем бойынша ет тұтынудан 49-шы орында тұр. Сөрелердегі ет бағасының қымбаттағанынан сатушылар етті үстеме бағамен сатуға мәжбүр.

– Фермерлік дүкендер тұтынушылармен тікелей жұмыс істеуі қажет. Бағаны ұстау – уақытша құбылыс. Еттің қымбаттауы импортқа тәуелді етеді. Ал ондай ет Қазақстандікі сияқты сапалы болмайды. Түсіндірейін, бүгінде ірі қара малды шаруашылықтан тірідей салмағының келісін 850 теңгеден сатып алады. Еттің келісі 1700 теңгеден бағаланды. Ал сиыр етінің нарықтағы бағасы бүгінде 3 мың теңге шамасында, яғни, шаруа етін арзанға сатады. Бірақ ол есептегішке жеткенше үстіне ақша қосыла береді. Ал ет онсыз да нарықта қымбат болып тұрғанда бұл шаруаның кінәсі емес,–дейді «Angus Qazaqstan» республикалық палатасының директоры Дәурен Салықов.

– Егер шекара ашылып, тірі мал сыртқа шығарылатын болса, еттің бағасын реттеуге әбден болады. Бұл шаруашылық басшыларының жанайқайы. Егер дәл осылай жалғаса берсе, біріншіден еттің бағасы өсіп кетеді, екіншіден, етті бағыттағы, асылтұқымды мал басы мен аналық сиырлардың саны күрт азаяды. Тіпті, 2-3 жылда жойылып та кетуі мүмкін.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button