Жаңалықтар

«Сырласым һәм мұңдасым»

Арқа жерінде қазақтың қара домбырасын күмбірлететін сары қазақ бар. Есімі – Виталий ФАЛИК. Қазақылық бойына сіңген сегіз қырлы, бір сырлы азамат домбырамен ән әуелетіп, күй күмбірлетеді. «Домбыра сырласыма айналды» дейді ол. Оған қоса ол қазақтың ұлттық өнері мен қолөнерін жас буынға насихаттап келеді.

Қиын-қыстау заманда анасы 2 баламен Шет ауданының Ортау ауылына қоныстаныпты. Бауырына басып, барымен бөліскен ауыл тұрғындарына қашанда құрметі шексіз. Виталий жерлестеріне қолдан келген көмегін аямайтын көрінеді.

Әкесі орыс, анасы кәріс болса да, өзін қазақпын деп есептейтін азамат мұсылмандықты қабылдап, қазақ ортасына әбден сіңіп кеткен. Бүгінде ол Саран қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Қазақылық бойына сіңген Виталий жас кезінен сырлы Сәкеннің сұлу әндерінен сусындап өскен. Ол бүгінде Сәкеннің әндерін домбырамен орындайды. Сары қазақ ұлттық аспаптың құдіретін жақсы түйсінеді.

– Домбыра – менің сырласым. Ол менің көңіл-күйімді дөп басады. Қамыққан кезде тартсам шерімді басады. Қуанғанда қолыма алсам, қоштап тұратын секілді. Жан-дүнием осы домбырамен егіз. Алғаш рет домбыраны қолыма өз балдызым ұстатқан. Өзі де ән айтатын. Соған қызығып, біз де осы аспапта ойнауды үйреніп кеттік, – дейді ол.

Көркем еңбек пәнінен сабақ беретін Виталий балаларды еңбекке баулып, қолөнерге үйретеді. Виталийдің шеберханасында Саран қаласының мешіті, мәдениет үйі нысандарының үлгісі бар. Он саусағынан өнер тамған азаматтың қолынан шыққан қазақтың қобызы, оюлы текеметі де бар. Сабақта күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды ағаштан ойып, оны ою-өрнекпен әрлейді. Ұлттық аспаптарды жасауға қара ағашты үйеңкі таңдалса, тұрмыстық заттарды, бұйымдарды жасауға терек ағашын пайдаланған жөн дейді ол. Сонымен қоса, арасында қолына қылқалам алып, сурет те салады екен. Ұстаздың айтуынша, әр туындының өз тарихы бар. Ал, бүгінде ағаштан түйін түйген шебер ортеке жасап, оны домбыраның әуеніне қосып, балалардың ұлттық аспапқа деген қызығушылығын оятуға сеп болып жүр.

Біздің мектептің балалары спортқа жақын. Домбыра тартуға қызықпайды. Бір күні ортеке жасап шығардық. Ортекені домбырамен шертіп, секіртіп ойнап көріп еді, ұлттық аспапты қолына ұстап көрмеген балалардың өзі қатты қызықты. Кейін олар домбыра үйірмесіне бара бастады, – дейді Виталий мұғалім.

Мектептің оқушылары да өнерлі ұстазды әбден танып алған.

Мұғалімнің көңіл-күйі болмаса, әндетіп жүретін әдеті бар. Бірде 6-сыныпта менің де көңіл-күйім болмай, ұстазым домбырасын алып, «Адай», «Балбырауын», «Еркесылқым» деген күйлерді орындап берді. Сол кезде мен ұстазымды мақтан тұттым, – дейді Артём атты оқушы.

Виталий Сергеевич ұлты өзге болғанымен, қазақтың төл өнерін дамытуға өз үлесін қосып келеді. Мектепте болатын мерекелік кештерде домбырамен ән шырқайды, күй орындайды. Тек домбыра ғана емес, қазақтың ұлттық бұйымдарын, тұрмыстық заттарын оқушыларымен бірге жасап, қалалық, облыстық түрлі байқауларға қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрінеді. Виталий Фалик секілді патриот азаматтарға біз құрметпен қараймыз, – дейді Абай атындағы мектептің педагог-ұйымдастырушысы Айым Қанапиянова.

Қазақтың ұлттық өнерін өнеге еткен өзге ұлттың өкілі расымен де құрметке лайық. «Домбыра сырласыма, мұңдасыма айналды» дейді Виталий. Мұны жаны таза адамның сырын шерткен домбыраның құдіреті деп білу керек.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button