Жаңалықтар

Өзекті мәселелер талқыланды

Қазір қазақ тілінің мәртебесін көтеру өткір тұр. Мемлекеттік деңгейде қызу талқыда. Жол сапасын арттыру да – күн тәртібіндегі күрделі мәселе. Жасыратыны жоқ, аудан, ауыл жолдарын былай қойғанда республикалық маңызы бар тасжолдардың өзі сын көтермей тұр. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қамсыздандыру да – біздің азаматтық борышымыз. Міне, осы секілді тақырыптар облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында қаузалды. Аталған жұмыстардағы кедергілерді жою жөнінде Кеңес мүшелері өздерінің өткір ұсыныстарын айтты. Ашық жеткізді…

Алғаш қаралған мәселе – облыстағы тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілді дамыту және қолдану аясын кеңейту туралы. Қоғамдық кеңестің төрағасы Жәнібек Садықанов облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбековаға сөз берді. Басқарма басшысы өз баяндамасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Тіл үйренуге құлық танытқандар саны 2011 жылмен салыстырғанда, қазақ тіліне екі жарым есе, ал, ағылшын тілін үйренушілер 9 есеге өскен. Сәйкесінше, қазақ тілін білмейтіндер саны төмендепті. Осы орайда әлеуметтік зерттеулер нәтижесін мысалға алсақ, 2011 жылы мемлекеттік тілді білмеймін деген тұрғындар саны 57,5 пайызды құраса, биылғы жылғы бұл көрсеткіш 14,6 пайызға дейін төмендепті. Дегенмен, жаман көрсеткіш емес.

Басқарма тіл үйренемін деушілерге барынша жағдай жасап отыр. 6 оқыту орталығы мен 13 оқыту курсынан жылына 2500 жуық адам қазақ тілін, 1900 адам ағылшын тіліне оқытылады. Сонымен қатар, қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында Қарағанды қаласында «Мәміле», «Тағылым», Балқаш қаласында «Маржан сөз», Теміртау қаласында «Бастау», Саран қаласында «Til.kz», Сәтбаев қаласында «Қоңырау» секілді клубтар жүйелі жұмыс жасауда.

– Әлеуметтік желі әлеуетін пайдалана отырып, латын негізді әліпби жобасын түсіндіру, таныстыру мақсатындағы «Айтылым мен жазылым бірдей ме?» жобасы мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыруды көздейтін «Сөйле!», «7 септіктің құпиясы» жобалары жалғасуда. Биыл Ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай арнайы онлайн «Ахметтану дәрістері» ұйымдастырылған. Облыстық телеарналарда басқарма тапсырысымен 2021 жылы салт-дәстүр, тарих пен тіл байлығын арттыруға арналған «Ойөріс» зияткерлік телеойыны мен қоғам белсенділері және тіл жанашырларымен сұхбатқа арналған «Мәміле» телехабары жарық көрді. 2022 жылы «Ойөріс» телеойыны жалғасын тауып аймақтағы тіл саясаты мәселелеріне арналған «Тіл-тұғырым!» телехабары қолға алынған. Дегенмен, «Тіл-тұғырым» хабарының екі саны ғана жарыққа шығып, бюджетті оңтайландыру кезінде қысқартуға мәжбүр болдық, – дейді басқарма басшысы.

Баяндамасын қорытындылай келе Гүлнәрайым Қаңтарбекова «облыстағы тіл саясаты саласында атқарылып жатқан шаралар барлық тіл мәселесін шешіп отыр деп айта алмаймыз. Оған бір ғана тіл басқармасының әлеуеті жете бермейді. Қазақ тілін дамыту тұрғысында түйткілді мәселелер жетерлік. Тіл мәселесі – жалпы қоғамдық мәселе. Сондықтан да, бұл салада үлкен нәтижеге жету үшін мықты бірлік пен ұйымдасқан жұмыс қажет» деді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мүмкіндігі шектеулі жандарға да көңіл бөлу – басты назарда. Осы тұрғыда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласында Үйлестіру кеңесі құрылған болатын. «Инватакси» қызметі ұлғайтылды. Бұл қызметті тек облыс орталығы ғана емес, моноқалалардың тұрғындары да игілігіне жаратып отыр. Естуінде кемістігі бар жандарға ымдау тілі маманының қызметтерін көрсету уақыты ұлғайтылып, оңалтудың техникалық құралдарының тізбесі 32-ден 55 түрге дейін кеңейтілді.

– Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мақсатында облыста 55 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оған 596 жұмыс беруші қатысты, 8850 бос жұмыс орны ұсынылды. Қатысушылар саны 2934 адам, олар жәрмеңке өткізу барысында кеңес алды, 630 адам жұмысқа орналастырылды. Қала мен аудандағы бос орындар жәрмеңкесі онлайн және офлайн форматта өткізілді. Халықты жұмыспен қамту орталығының базасында онлайн өтсе, офлайн форматтағы жәрмеңкелер «Таир», «Алтын Арба», «Abay Citi», «Глобал Сити» сауда үйлерінде өткізілді, – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Сонымен қатар, Әсем Айтжанқызы осы уақытқа дейін мүгедектігі бар адамдар арасында проблемалық мәселелердің бірі – медициналық картаны екі рет өту болатын дейді. Яғни, өтініш берген кезде, сосын оңалту орталығына жіберген кезде.
Бұған дейін басқарма еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медициналық картадан қайта өтуді болдырмауға қатысты Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бірнеше рет ұсыныс жібергендігін айтты. Қазір бір-ақ мәрте өтеді. Осы секілді жұмыстардың жолға қойылғандығын алға тартты.

Әңгіме ашық өрбіген тұс – жол мәселесін талқыға салған сәт. Кеңес мүшелері қала жолдарын және республикалық маңызы бар тасжолдарды, оларға жасалатын жөндеу жұмыстарын өткір сынға алды.

Биыл «Новодолинка-Шахан-Молодецкое» автожолының 17 шақырымын, Абай ауданында ұзындығы 21 шақырым «Жартас-Долинка» тасжолын қайта жаңартуды жалғастыратындарын мәлім етті. «Үштөбе-Құрылыс» бағытындағы жолды қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. «Қаражал-Атасу» автожолының 28 шақырымы қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар, «Осакаровка-Молодежное» автожолының 16 шақырымын, «Нұра-Шахтер» бағыты бойынша автожолдың 20 шақырымын қайта жаңартуда. Нұра кенті мен Осакаровка кентінің арасындағы жолды жөндеу жұмыстарының аяқталуына да аз қалды. Сондай-ақ, ұзындығы 19,5 шақырым болатын Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне баратын жолдың құрылысы басталады.

– Автожолдарды орташа жөндеу облысымыздың барлық аудандарында қарастырылған, Жалпы ұзындығы 416,5 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 30 учаскесі қамтылған. Биыл бір ай ішінде Ақтоғай мен Ақсу-Аюлы ауылының автожолы орташа жөндеуден өткен. Жүк көліктерінің қарқынды жүруіне байланысты жолдың бүлінген тұстары бар. Енді, мердігер ұйым өз қаражаттарынан барлық анықталған ақауларды жояды. Аталған факті бойынша басқарма Ақтоғай ауылының жергілікті тұрғындарының қатысуымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, басқарма материалдарды ауыр жүк көліктерімен тасымалдауға жол бермеу туралы мердігерлік ұйымдармен жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда халықпен, қоғам белсенділерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Жедел шешімді талап ететін мәселелер бойынша бірлесіп жол учаскелеріне шығамыз. Негізгі мәселе автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Әкімшілік полиция басқармасы берген нұсқамалар негізінде жол белгілерін, сигнал бағаналарын орнату, жол таңбаларын салу, шұңқырларды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қысқасы, біз «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жалғастыратынымызды және облыстың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша барлық ағымдағы және алда тұрған міндеттерді уақытылы және сапалы орындау жөнінде шаралар қабылданатынын атап өткім келеді, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сәбит Оспанов.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button