Біздің сұхбат

Ержан ҚОШАНОВ: «Қылмыстың аты – қылмыс, оның ауыр, жеңілі жоқ!»

Прокурордың жұмыс кестесі сағатпен емес, минутпен жоспарланған. Заңдылықты қадағалайтын ең жоғары орган кез келген қылмыстың қалай тергелетінін қадағалап қана қоймай, өзі де тергеу амалдарын жүргізеді. Ол мемлекеттік айыптаушы болумен қатар, заң одан объективтілікті әрі бейтараптылықты талап етеді. Қарапайым адам түсіне бермейтін прокурорлық қызметтің ерекшелігі де, қиындығы да осында. Әлихан Бөкейхан ауданының прокуроры Ержан ҚОШАНОВТЫҢ та жұмыс кестесі тығыз. Уақытпен санаспай, сотқа дейінгі тергеп-тексеруде қатар жүріп, заңдылығын қадағалау, сот отырыстарына қатысу, тергеу органы тапсыратын істердің заңды түрде рәсімделуін қадағалау… Оны аталған ауданда тіркелетін қылмыс санына көбейтсеңіз, адамның, оның ішінде прокурордың мүмкіндігінің қаншалықты зор екеніне көз жеткізуге болады. Осының барлығы прокурордың тікелей міндеті. Уақыт тығыздығына қарамастан, аудан прокуроры сұхбат беруге келісті. Айтпақшы, қылмыстың алдын алу шаралары да прокурордың міндеттерінің бірі. Әлбетте, бір ғана сұхбатпен аталған аудандағы қылмыстық ахуалды толық айтып шығу мүмкін емес. Дегенмен, тұрғындардың қауіпсіздігі басты мәселе. Прокурордың да, сұхбаттың да көздегені – осы.

Сурет Е.ҚОШАНОВТЫҢ жеке мұрағатынан

– Ержан Жұмабекұлы, қылмыстың алдын алу бойынша прокуратура жұмысының нәтижесін қалай бағалайсыз?
– Құқық бұзушылықтың алдын алу – прокуратура органдарының стратегиялық бағыты. Осыған байланысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биылдың өзінде аудан прокуратурасының платформасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша уәкілетті органдармен 2 ведомствоаралық кеңес өткізілгенін айту керек. Одан бөлек, заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізіліп, прокурорлық ден қою актілерімен бірқатар лауазымды тұлғалар жазаланды. Халықпен тұрақты жиындар және жалпы білім беретін оқу орындарында қылмыстың алдын алу мәселелері бойынша дәрістер өткізу тәртібі де прокуратураның үйлестіруімен жолға қойылған. Сондай-ақ, прокуратураның нұскауымен учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындармен Whatsapp әлеуметтік желісінде топтар құрып, түсіндіру сипатындағы бейнероликтерді тұрақты жариялап отырады.
– Осы жұмыстардың нақты нәтижелеріне тоқтала кетсеңіз…
– Нәтижелер бар. Мысалы, биыл қылмыс 15%-ға төмендегенін айта аламын. Нақты айтар болсақ, жеке тұлғаға қарсы қылмыстар 10%-ға, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар 71%-ға, меншікке қарсы қылмыстар 18%-ға, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қарсы қылмыстар 50%-ға азайды.
– Қазір қылмыстың түрі де көп. Әсіресе, кейінгі кезде тұрмыстық қылмыстың белең алғанын айтады деректер. Қалай ойлайсыз, өзіңізге қарасты ауданда қылмыстың қай түрі жиі жасалады?
– Қылмыстың аты – қылмыс. Ол ауыр немесе жеңіл деп бөлінгенімен, біз ешқайсысына басымдық бермейміз және тұрғындарды қылмыстық белсенділіктің кез келген көрінісінен қорғауға тырысамыз.
Дегенмен, қылмыстың сандық арақатынасы туралы айтар болсақ, жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың көпшілігі – алаяқтық пен мүлікті жасырын жымқыру. Бұл – барлық тіркелген қылмыстардың үштен екісі.
– Цифрлық технология дамыған сайын, қылмыс та түрленіп, дами түсуде. Кейінгі кезде интернет- алаяқтардың қармағына өзі барып түсетіндер де көп. «Сақтықта қорлық жоқ». Әттеген-ай деп, сан соғып қалмас үшін берер кеңесіңіз қандай?
– Алаяқтар – қылмыс әлемінің интеллектуалды элитасы. Олар заңды мықты меңгерген және жалған келісімшарттарға қол қою арқылы өз әрекеттеріне азаматтық-құқықтық сипат беруге тырысады. Оның үстіне, тұрғындардың сенгіштігін тағы қосыңыз.
Өзіңіз айтып отырғандай, алаяқтар өздерінің қылмыстық әрекетін интернет арқылы жүргізеді. Яғни, көп жағдайда азаматтар банк карталарын пайдалану қауіпсіздігінің қарапайым негіздерін білмейтіндіктен, алаяқтардың құрбанына айналады.
Егер банктен шотқа қатысты қоңырау шалса, бұл алаяқтар болуы мүмкін. Мұндай арандатуларға бой алдырмай, банктердің ресми өкілдерінен ақпаратты нақтылау керек.
Интернет-алаяқтықтың тағы бір танымал түрі – интернет алаңдарында тауарларды сату немесе белгілі бір қызметтерді көрсету туралы хабарландырулар орналастыру. Әдетте, алаяқтар өз құрбандарын төмен бағамен немесе тауарларды тез жеткізумен қызықтырады. Мұндай жағдайда хабарласатын адамды кез келген жолмен тексеру қажет. Мысалы, ресми кепілдіктер беруді талап ету, жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, куәлікке сәйкестігін тексеру үшін бейне қоңыраулар жүргізу және т.с.с.
– Ұрлықтың көбейгені жайлы айттыңыз. Осы орайда, неден абай болу керек және ұрының назарына ілікпес үшін қандай шара қолданған жөн?
– Биыл мүлікті жасырын жымқырудың 300-ден астам фактісі тіркелді, бұл жасалатын қылмыстардың жартысына жуығы десе де болады. Оның ішінде, автокөлік және велосипед ұрлығы тіпті жиілеп кеткен. Енді қараңыз, ұрланған автокөліктердің барлығында автосигнализация болмаған және күзетілмейтін орындарға қойылған. Кім кінәлі? Велосипедтің ұрлануында да осындай жағдай. Түні бойы подъезде қараусыз тұрған велосипед, әрине, ұрының назарына түспегенде қайтеді?! Осы орайда тұрғындарға міндетті түрде көліктеріне автосигнализация орнатуға және күзетілетін тұрақтарға қоюға, ал, велосипедтерді пәтерге кіргізіп қоюға кеңес берер едім.
– Бүгінде кәсіпкерлердің құқығын қорғауға көп көңіл бөлінуде. Қадағалаушы орган ретінде құқық қорғау шараларына тоқталсаңыз…
– Әлихан Бөкейхан ауданында бизнесті қорғайтын мобильді топ жұмыс істейді. Келіп түскен сигналдар бойынша 2 кәсіпкер полиция қызметкерлері заңсыз салған 245 040 теңге әкімшілік айыппұл төлеуден босатылды.
«Атамекен» Ұлттың кәсіпкерлер палатасының аумақтық бөлімшесі және уәкілетті органдармен бірлесіп, сауда үйлерінде ай сайын кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, туындаған мәселелер бойынша заң кеңестері беріледі.
Сондай-ақ, прокуратура кәсіпкерлік қызметіндегі олқылықтар болмаса, бизнес жүргізудегі кедергілерге тұрақты түрде талдау жүргізіп отырады. Мәселен, қадағалау актілері бойынша 19 кәсіпкердің пайдасына мемлекеттік сатып алулар бойынша 33,2 млн. теңге мөлшерінде қамтамасыз ету сомасы қайтарылғанын айтуға болады. Одан бөлек, қалалық білім бөлімі тарапынан 45 кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласу фактілерінің жолы кесілді.
Біздің ұсынысымыз бойынша қала әкімі 10 мыңнан астам кәсіпкердің сауда орындарын белгілеу туралы қаулы шығарды. Мұндай жағдай бұған дейін болмаған.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және кез келген кәсіпкер заңсыздық орын алған жағдайда, бізге хабарласса болады.
– Кәмелетке толмағандардың мәселелері бойынша не айта аласыз?
– Әрине, балалар ерекше назарда болуы тиіс. Олардың әл-ауқаты – Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі.
Балалардың құқықтарын қорғау шеңберінде тұрақты негізде тексерулер мен талдаулар жүргіземіз. Мәселен, балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметін тексеру кезінде медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету саласында құқық бұзушылықтар анықталды. Нәтижесіне, 10 қызметкер жазаланып, мекеме басшысына 400 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Сондай-ақ, балаларды мектеп автобустарымен тасымалдау ережелерін сақтау бойынша талдау жүргізіледі. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2 мектепте құқық бұзушылықтар орын алғаны анықталды. Қадағалау актісі бойынша 938 оқушының құқығы қорғалып, 2 адам жазаланды.
Сондай-ақ, бүгінгі күні кәмелетке толмағандардың пайдасына алименттік төлемдерді төлеу проблемалары өзекті болып табылады. Біз атқарушылық іс жүргізу шеңберінде алимент бойынша берешекті азайту бойынша жұмысты тұрақты жүргізіп келеміз. Нәтижесінде биыл көрсеткішті 53 млн. теңгеге төмендетуге мүмкіндік туды.
Жұмыссыз борышкерлердің мәселесін шешу үшін ЖСО және жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп оларды жұмысқа орналастыру бойынша 6 жәрмеңке өткізілді, алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша 4 қылмыстық іс тергелуде. Қадағалау актілері бойынша балалардың пайдасына 7 млн. теңгеге алимент өндіріп алынды.

Бұл өз алдына. Жаз басталысымен, балалардың қауіпсіздігі де басты назарда болады. Өздеріңіз білесіздер, жаз басталғалы суға шомылуға жарамсыз су айдындарына 2 жасөспірім суға батып кетті. Сондықтан, біздің тапсырмамыз бойынша уәкілетті органдар өздері қызмет көрсететін учаскелер бойынша жұмысты жандандырды.
– Бүгінде мемлекеттік органдардың бюджетті толықтыруы өзекті болып табылады, оның ішінде прокуратура органдары да бар, осы мәселе бойынша не айта аласыз?
– Бюджетті толықтыру, оның ішінде мемлекет кірісіне өтеу прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі.
Биылғы жылы біздің әрекет ету актілері бойынша мемлекет кірісіне 182 млн. теңгеден астам салық берешегі өндіріп алынды, 254 млн. теңгеге 8 заңсыз Мемлекеттік сатып алудың алды алынды, бюджетке 13,4 млн. теңге өтелді.
Уәкілетті органдар әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуға көп көңіл бөледі, өйткені бұл өндіріп алу бюджетті толтырудың пәрменді көздерінің бірі.
Прокуратураның үйлестіруімен, атап айтқанда, бірлескен жедел алдын алу іс-шараларын өткізу арқылы уәкілетті органдар жалпы сомасы 47 млн. теңгеге 3,5 мың айыппұл өндіріп алды.
Қадағалау актілері бойынша 4 млн. теңгеге жуық, ал атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау желісі бойынша 5 млн. теңгеден астам сома өндіріп алынды.
Айыппұлды уақытылы төлеу жаңа құқықтық мәдениетті және азаматтардың жаңа құқықтық санасын қалыптастырады, бізді заңдылықты бұзуға нөлдік төзімділік қағидатын ұстануға мәжбүр етеді. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жүргізіледі.
– Ержан Жұмабекұлы, уақыттың тығыздығына қарамастан, аудандағы жағдайды қысқаша сипаттап, тұрғындарға тиісті кеңестер бердіңіз. Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button