Жаңалықтар

Ұлттық құндылыққа бет бұрған ауыл

Өткен аптаның сенбісінде Абай ауданы Южный кенті тұрғындарының, ауыл жастарының және осы шараға ұйытқы болған ақсақалдардың демеуімен «Нұрлан Қияшұлы атындағы атшабар алаңының» салтанатты түрде ашылуы өтті. Ұлттық құндылыққа бет бұрған ауыл азаматтарының «Балалар жылы» аясында өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие болсын дегеннен туған дүние бұл. Южный кентінің төңірегінен шыққан тарихи тұлғаларды жас өркендерге таныстыру мақсатында өткен игі іске ауыл тұрғындары ғана емес, Саңырық байдың ұрпақтары мен алыс-жақын ауылдардан атсүйер қауым жиылды.

«Тұлпарға алтын таға тағылады,

Көңілден шіркін өлең ағылады.

Соқырды Тентегіңмен ен жайлаған,

Саңырық Сарыарқаның саңылағы», – деп тұстасы Тұрабек ақын жырға қосқан Саңырық байға 75 мың жылқы біткен.

Әйгілі шежіреші, көрнекті ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» атты кітабында: «Саңырықтың бәйбішесі Асан Тастемірқызы (шын аты – Ұлбала) он ұл туған. Тоқалының аты – Айымжан. Бұл үш ұл туған, бәрі де өсіп-өнген» делінеді. Саңырықтың бәйбішесінен туған он ұлдың бірі – қалың қазақтан оза шығып, ел ішіндегі түрлі мәселелерді ұрпақтарымен бірлесе шешіп отырған Қияш.

«Қияштың Нұрланы Шерубай-Нұра болысын 1893 жылдан 1919 жылға дейін (қайтыс болған жылы) басқарғаны жазушы-өлкетанушы Ю.Поповтың «Қареке-Алтай (Шерубай-Нұра) болысының билері» деген мақаласында баяндалған», – деп жазады академик Рашит Каренов ағамыз.

Қатарынан бірнеше рет Шерубай-Нұра болыстығына сайлауға түсіп, жеңіп шығуы Нұрланның әрі би, әрі шешен ретіндегі қасиетін ашады. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, Нұрлан болыс араласқан шешуі қиын дау-дамай, түйінді мәселелер әділ, тура шешіліп отырған екен.

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақиық ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты романында Нұрлан Қияшұлының бірнеше рет аты аталып, әңгімеге арқау болады. Оның 1916 жылғы көтеріліс туралы баяндаған тұсында: «Біздің елмен жапсар ағайын Қареке деген екі болыс ел. Солар Қияштың Нұрланын халыққа белгілепті. Нұрлан – көп жыл болыс болған кісі. Ел адамдары соны лайықтапты», – деп жазады.

Нұрлан Қияшұлы – Алаш жұртына бай-болыстығымен қоса жүйрік баптаған атбегілігімен де танымал. Бұл туралы «Шорманға ас бергенде Нұрланның «Меңсізқарасы» бас бәйге алып, қазақ арасында «Нұрланның бағы жүйрік, Тойынбектің аты жүйрік» деген сөз қалған», – дейді Бауыржан Қарабеков ағамыз.

Сонымен, Южный кентінің әкімі Исламбек Жұмалдинов, Саңырық байдың ұрпақтары ақ жол тілеп, ақсақалдар бата беріп, кент имамы Рүстем Нілдібекұлы аруақтарға Құран бағыштағаннан кейін Нұрлан Қияшұлы атындағы атшабар алаңының лентасы қиылды.

Айтыс көркін Тілеген Әділ, Айтбай Жұмағұл, Дидар Қами мен Мақсат Ахан қыздырды.

Сөз арқауы «Южный кенті атауын қазақыландырмаймыз ба?» дегенге сайды. Әлқисса, осы тойға арнайы келіп, көкпарда өнер көрсеткен Красная Поляна ауылының жігіттері де командасын «Жәңгір төре» деп атағаны тегін емес. Олар да елді мекен атауы «Жәңгір төре» деп өзгерсе дейді…

Тойда арнайылап киіз үй де құрылды. Южный кентінің абыройын көтеріп жүрген, бас демеушілердің бірі Дәулет Жүнісов, сонымен қатар Саңырықтан тарайтын Сәдуақас пен Әбіл ұрпақтары жеке-жеке үй тікті.

Атойлатып, ат ойнатқан командалық көкпарға 4 команда қатысты. Әр салымға 20-30-50 мың теңгеге дейін тіккен ауылдың мәрт жігіттері көкпаршыларды шабыттандыра түсті. Сонымен, І орынды Қарағандыдан келген «Өнер көкпары» қанжығаға байласа, Южный кентінің «Алаш» командасы ІІ орынға көтерілді. ІІІ орын «Жәңгір төре» атауымен шыққан Красная Поляна ауылының жігіттеріне бұйырды. Жүлделі ІV орын Қызылқо ауылында.

Ойынның бір қызығы – жаппай тартыс. Серке сойылып алаңға тасталды. Жаппай көкпардың ережесін сақтап, баруы, келуімен «Өгіз өлдіні» салған әрі үздік ойыншы атанған Батық ауылының азаматы Алмаз Саябекұлы ептілігін танытты.

Келесі жарыс – тай жарыс. 5 шақырым. Қатысқан тайдың саны – 20. Соңынан шаңды бұрқыратқан жас шабандоздар алға ұмтылды. Екі айналым көрер көзге оңай көрінгенімен, тай үстіндегі шабандозға сынақ. Тартысты өткен жарыста алғашқы келген бес жүйрікке жүлде тігілді. Бас жүлдені Нұра ауданынан келген Нұрлан Намысовтың «Кершолақ» атты сәйгүлігі қанжығаласа, ІІ орын шұбартаулық Ерлан Қадырберлин баптаған «Тұмарға», ІІІ орын ескенелік Матай Мәденнің «Қуанышына», ІV орын 56-шы разъезден тай қосқан Қинаш Қожахметовтің «Көкдауылына», V орын Қарағандыдан қосылған Кенжетай Асановтың «Мұрагеріне» бұйырды.

Ел асыға күткен аламан бәйгеге де уақыт келді. Меже – 22 шақырым. Қосылған аттың саны – 25. Жарыс болған соң дау-дамай болары сөзсіз. Дегенмен, Қарағандыдан арнайы келген Көкпар федерациясының жігіттерінің әділдігіне куә болдық. Мәселе оң шешілді. Бәйге басталды. Делебесі қозған жиналған қауым алға ұмтылуда. Бұл жерде сақшылар тәртіпті қолға алған. Соңғы айналым, шаңдатып шауып келе жатқан аттарды айыру қиын. Әйтсе де, жарыс болғаннан кейін жеңімпаз болуы шарт. Бірінші болып келген Көлденеңөзек ауылының тұрғыны Жетпіс Божбановтың «Ұлытау» атты сәйгүлігі қанжығасына мотоциклді байлады. ІІ орынды астаналық Қуанышбай Бекәділдің «Жебесі», ІІІ орынды тоғызқұдықтық Боран Тергеубековтің «Грета» атты сәйгүлігі, ІV орынды Өспен ауылынан ат қосқан Мұрат Ернияздың «Марселі», V орынды ақбастаулық Сейсен Аспандиярдың «Балакүреңі» иеленді.

Айта кету керек, әдемі әзілімен, тауып айтқан сөзімен тойға жиналған халықты баурап алған Құрманғазы Әлиманға ел алғысын жаудырды.

«Арқаның атбегілерінің абыройы артсын! Келесі жылы тура осы уақытта қайыра, басымыз аман, бауыр бүтін болып қауышалық. Әр жылдың шілдесінің 23-інде Нұрлан Қияшұлы атындағы атшабар алаңында бәйге өтетін болады» деп тарқасты тойшыл қауым…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button