Колхозды ауыл «демократиясы»
Биыл Бұқар жырау ауданы Петровка ауылдық округіне қарасты Жастілек аулының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай ардагер журналист, өлкетанушы, осы ауылдың тумасы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Аман ЖАНҒОЖИН ауыл тарихына арналған «Ауылым жатыр Өткелсіз алабында» деген тарихи-танымдық кітап дайындап, баспаға ұсынды. Төменде тарихи құжаттар, газет-журнал мақалалары мен көзкөргендердің естеліктері негізінде құрастырылған сол кітаптың «Колхозды ауыл «демократиясы» тарауын жариялап отырмыз.
Сурет автордан
Кеңес өкіметі кезінде елімізде мемлекеттік меншікпен қатар колхоз-кооператив меншігі де болды. Яғни колхоздар мен басқа да кооперативтер (тұтынушылар одағы мәселен) өз мүлкіне өздері ие болатын. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы артельдерінің жарғысы деген құжатты басшылыққа алып, колхоздың ең басты басқарушы органы жалпы жиналыс болатын. Сонымен қатар колхоз басқармасының отырыстары да өткізіп тұрды. Жалпы жиналыс көбінесе айына бір рет өткізіліп, онда колхоз басшыларын сайлап, орнынан босатумен қатар шаруашылықтың өзекті мәселелері де қаралатын. Әр жиналыс сайын жалпы жиналыс төрағасы мен хатшысы және кейде бірнеше адамнан жиналыс президиумы да сайланады. Облыстық архивтен әбүйір болғанда «Жастілек» колхозының 1946, 1948-49 және толық емес 1950 жылғы жалпы жиналыстары мен кейбір жылдарғы басқарма отырыстарының хаттамаларын (протоколдарын) кездестірдім. (Бұлар мемлекеттік архивтің 248 қорында (фонд) сақтаулы. Көп құжаттарды мен бірінші болып ақтарыппын). Олар қолдан жазылып, түптелген кітапшаға мұқият толтырылған екен. Мұндай жиналыстар біздің кезімізде партия, комсомол және кәсіподақ ұйымдарында болып тұратын. Кеңестік дәуірдің таныс демократиясы. Бір байқағаным, колхоз мүшелерінің сауаты мен саяси қырағылығы ескеріліп, жалпы жиналыс төрағалығына колхоздың кез-келген мүшесі сайланса, хатшылыққа сауатты және колхоздың ішкі дүниесін жақсы білетін бухгалтер, есепші, немесе бригадир таңдап алынатын көрінеді. Сонымен қатар кемі үш адамнан колхоздың тексеру комиссиясы сайланып, оның төрағасы да көптеген құжаттарға қол қойып жүрген.
Бұл жиналыстардың біз үшін маңыздылығы, кеңестік демократияның көрінісі ретінде жиналыстарға қарапайым колхозшылардың, біздің әкелеріміз бен ағаларымыздың жиналыс төрағасы болып сайлануы дер едім. Өзіміз көзіміз көрген кешегі шала сауатты болса да шаруашылық ретін білетін азаматтар колхоз басшылығымен бірге маңызды мәселелерді шеше білген. Мәселен, 1946 жылы жиналыс төрағалары Мәкіш Мусин (2 рет), Ақуан Мұқтаров (2 рет), Ахмет Уаисов, Күрішбай Бекеев, Қасымов, Шақаев сайланған. Жиналыс хатшысы болып көбінесе есепші-бухгалтерлер Ескендір Барлыбаев, кейде Ахметов хаттамалар толтырып отырған. 1948 жылы жиналыс төрағалығына бұрынғылармен қатар Бадырақова, Нұрахметов, Досхожин, Құдайберген Қошанов, Омар Бейсенбаев, Қазал Тілешев, Жағда Жанғожин, т.б тартылған (хатшылары Қабиден Серкебаев, Көшен Асқаров, Мардан Оспанов болып отырған).
Сөздің реті келгесін айта кетейін (мұны мен де, Зияда ағай да жазған) біздің әкей Жағда Жанғожин жаңаша хат танымаса да ескілік қиссаларды, араб халқының діни эпостарын жатқа айтып отыратын. Қыстың ұзақ кештерінде ауыл адамдары бірін бірі соғымның сыбағасына шақырғанда әкейге қисса айтқызып қоятын. Керосин шамның жарығымен «Зарқұм», «Сал-сал», «Кербала шөлінде» деген қызықты қиссаларды кейде таң қылаң бергенше жалықпай тыңдаушы едік.
Әрине, ағымдағы мәселерді қараған хаттамалар қазір бізге онша қызықты емес. Қызықтылары қызу тартыспен өтетін, немесе жоғарыдан қысым болатын кадрлық өзгерістер және еңбек тәртібі деген желеумен азаматтардың құқықтарының бұзылуы дер едік. Содан бір-екі мысал келтірейік.
1948 жылғы 19 август болған жалпы жиналысқа Қ.Досқожин басшылық етіп, Қ.Серкебаев хатшысы болады. Жиналыста тексеру комиссиясының председателі А. Ошанова сөз сөйлеп, колхоз председателі Ж. Жүнісбеков Үкіметке астық тапсыру орнына РПС-тан колхозшыларға 4 тонна қарыз алып, таратып берген. Бұл ауыл шаруашылық уставын өрескел бұзу деген кінә тағады. Сондықтан колхоз председателі орнынан алынсын деген ұсыныс жасайды. Әрине, бұл ұсыныс жоғары жақтың келісімімен жасалғаны сөзсіз. Сөйтіп, арып-ашып жүрген колхоз мүшелеріне азық ретінде қарызға астық алып, таратқаны үшін Ұлы Отан соғысының ардагері, халық қамын ойлаған басшы орнынан алынады. Онымен қоймай аудандық партия комитеті бюроға салып, партиялық жаза қолданады. (Сол бюро архив құжаттарына қарасақ, 1943 жылғы 24 майда (хаттама № 161) колхоз председателі етіп бекіткен еді). Орнына колхоз председателі болып Имаш Нұрахметов сайланады.
Имаш ақсақал бұл орында көп отырмайды. 1943 жылғы 5 январь күні болған жалпы жиналыста колхоз председателінің денсаулығына байланысты қызметтен босату туралы өтініші қаралып, Матай (Мадияр) Ермағамбетов колхоз мүшесі және колхоз председателі болып сайланады. Біз облыстық архивтен Мадиярдың жеке басының құжаттарын тауып алдық. Ол соғысқа қатысқан, Омбы жақта колхоз басқарған тәжірибелі азамат екен.
Мадиярдың колхоз басшысы болған тұсындағы мына оқиғаны айтып өтпесе болмайды.1949 жылғы 18 апрель күні колхозшылардың жалпы жиналысы өтеді.. Күн тәртібіне еңбек тәртібі және 1948 жылғы 2 июньдегі ССРО Жоғарғы Советінің Указы туралы мәселелер шығарылады. Жиналысқа ауатком председателі Сүлейменов, аупартком хатшысы Тургунов қатысады. Осыдан-ақ қаралатын мәселеге өте маңыз берілгендігі көрініп тұр емес пе. Колхоз председателі Ермағамбетов пен аудан басшысы Сүлейменовтер баяндама жасап, алдын-ала жасалған сценарий бойынша еңбек тәртібін бұзған біраз колхозшылырға кінә артылады. Әсіресе колхозшы Оспан Жүнісовке жұмыс істемейді, екі әйел алған деп тиіседі. Тіпті соғыс кезінде «бандада» болған деп шүйлігеді. Онда «қырағы» НКВД органдары қайда қараған деген сұрақ туындайды. Баяндамашыларды біраз колхозшылар қолдаған болады. Сөйтіп, дәлелдері болмаса да колхозшы Оспанды 8 жылға жер аудару туралы шешім қабылданады. Соттың шешімі емес, жиналыстың шешімімен. Бұл сол кездегі советтік «демократияның», адам құқықтарының аяққа тапталғанының бір көрінісі. Осы шын болған оқиға ма деп баласы Серіктен сұрадық.
Серік Оспановтың естелігінен: Иә, сөйтіп әкеміз 8 жылға сотталып, Якутияға жер аударылды. Соның 5 жылын өтегеннен кейін Сталин қайтыс болып, Берияның жарлығымен 3 жылы кешіріліп, елге келді. Сонда да ауылға жоламай Үлкен Михайловка станциясында, Заречныйда, Ақбастауда, аудан орталығында, Ботақарада тұрып, қайтыс болардан он жылдай бұрын ауылға оралды (1980 жылы қайтыс болды. А.Ж.) Бұл ауылдың кейбір адамдарының қасақана ұйымдастырған ісі ғой, – дейді қынжыла.
Не себептен екені белгісіз (өйткені бұл протокол сақталмаған) 1950 жылдың шілде айында колхоз председателі орнынан босатылып, орнына мамандығы бухгалтер, осы өңірдің тумасы Сағымбек Айкенов сайланады. Сағымбек ағамыздың үлесіне «Жастілек» колхозын таратып, оны «Жаңақала» колхозымен біріктіру міндеті тиеді.
1950 жылғы 6-қыркүйектегі жиналыста колхозшылар үкіметтің колхоздарды ірілендіру саясатына сәйкес «Жанақала» колхозымен бірігуге келісім беріп, 7 қыркүйек күні колхоз мүшелері тегіс қол қояды. Колхозшылар қатарында соғыс жылдары Қазақстанға күштеп жер аударылған чечен ұлтының өкілдері де бар.
Тізімде келтірілген чечен азаматтарын анықтау үшін біз құқықтық статистика комитеті басқармасына хат жолдадық (жауап хат №2-20903-22-02934 осы жылдың 30 мамырында жіберіліпті). Чечен азаматтарының басым көпшілігі анықталып, аты-жөнінің жазылуы ресми құжаттары бойынша түзетілді. Бірақ құжаттармен танысуға мүмкіндік болмады, олар 1968 жылы ЧИАКСР-ға жөнелтілген екен. Реті келгенде айта кетейік, біз сонымен қатар соғыс жылдары Иранда қызмет еткен Қайыржан Әбілғазин және партизан болды деген сөз шыққан соң Ошанов Қаптал туралы да сұрау салған едік. Комитет бұл сұрақ бойынша әскери комиссариатқа жүгінуді ұсынды. Отбасылары талай жылдан бері сұрау салып, бір жапырақ қағаз тауып бермеген әскери комиссариаттан не қайыр?
Сөйтіп, колхоздарды ірілендіру науқаны кезінде «Жастілек» колхозы «Жаңа қала» колхозымен бірікті. «Жастілек» колхозы өз дербестігінен айрылды. Әйтеуір ірілендірілген колхоз бастығы болып «Жастілек» колхозының бұрынғы председателі Сағымбек Айкенов сайланады.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1954 жылы 16 шілдедегі қаулысымен Пушкин және Жаңақала ауылкеңестері бірігіп, Пушкин селолық кеңесі құрылды. 1945 жылдан Жаңақала селолық кеңесін басқарып келген Ашық Түсіпбековтей ел ағасы денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауысты. Кеңестің құрамында Пушкин, Жаңақала, Жастілек, Алабас және Құрама ауылдары болды. Пушкин атындағы колхоздың Баянауыл ауданымен шекаралас аймақта Тоқан, Шолаққайың, Қайыр, Сұңқарқия және т.б. «отгонный» учаскелері болып, онда қой шаруашылығы жақсы дамыды, шопандар үшін шағын елді мекендер құрылды.
Тың игеру дәуірінде «Жаңақала» колхозының еңбекшілері жақсы қырынан көрініп, бітік егін өсірді. Шаруашылықтың озат тәжірибесі облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде бірнеше рет мақтап жазылды (мысалы, «Жаңақала» колхозының жаңа көріністері», О.Сағынаев, 1.06. 1957 ж.; «Тоқандағы қойшылар», М.Қордабаев, 17.05. 1957 ж.). Екінші мақалада Тоқан қыстағында еңбек етіп жүрген қой фермасының меңгерушісі Имаш және оның жұбайы, он баланың анасы Бәтіш Нұрахметовтардың еңбегі жақсы әспеттеледі. Алайда басшылықтың қырсыздығынан колхоз жиналған астыққа ие бола алмай қалды. Бұл жергілікті баспасөз органының назарынан тыс қалмады. Колхоз бастығы Айткен Арыстанбеков (ол бұл қызметке 1954 жылы келген) сын тезіне салынды (ақын Мақсұт Байсейітовтің «Шіренген бастық пен шіріген астық» деген сықақ өлеңімен бірге). Мұны мен облыс баспасөзі тарихын зерттеуші ретінде аудандық «Бұқар жырау жаршысы» газетінің 80 жылдық мерейтойы құрметіне 2019 жылғы 13 сәуірде «Аудан айнасы» деген мақалада жариялаған едім. Баяғыда болған оқиға ғой (мақала мен сықақ өлең газеттің 1958 жылғы 4 маусым күнгі санында жарияланыпты).Сондықтан сықақтың кейбір шумақтарын келтіре кетейін:
Айткен Арыстанбеков,
Айтқанына қарысқан бекіп,
«Жаңақалаға» бастық болған,
Былтыр далаға астық толған
Бидай, «Қоймаға сыймай»,
Қырманға құйылып,
Тау болған үйіліп.
Сабанмен жабылған,
Қар жамылған,– деп қызықтыра басталады. Одан әрі не дейді екен:
Бастық оны көрсе де көрмеген,
Өзгеге де бермеген.
Бидай өнген,
Көктем келіп,
Қар көзі терлеген,
Өнген астықтың сабағы
Жайқалған желменен.
Бірақ, бірақ,
Мұнда бір сұрақ,
Иістен жерімейтін шошқа
Бір айналып соқса,
Маңынан жүре алмас,
Басы айналып,
Ауру-сауын біле алмас,– деп бір тоқтайды да мәселенің тоқетерін айтады:
Ешбір жазасыз,
Шіренген бастық жатыр
Батпаққа малынып,
Шіріген астық жатыр.
Кім жауап береді?
Бізге керегі–
Соның дерегі!
Заң орындары
Бұған не дер еді?– деп аяқталады да сөзін жазған М.Байсейітов деп авторын келтірген».
Газет сынынан кейін шіріген астық үшін шіренген бастық Арыстанбеков орнынан алынады.
Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы.
Суреттерде: Жастілек аулының әр жылғы басшылары: Ж.Жүнісбеков, И.Нұрахметов, С.Айкенов, А.Арыстанбеков, А.Түсіпбеков.