Бас тақырып

Азат жолында – азат ой

Мемлекет басшыларының тиісті мерзімде өз халқына Жолдау арнауы – ертеден қалыптасқан үрдіс. Мұнда ел Президенті орман-жұртына ой тастап, алар асуды айқындайды, жетер межені белгілейді. Мемлекет басшысының әр Жолдауы сол елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі басты оқиға екені даусыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауы Қазақстан халқы үшін осындай ордалы ойға бөккен құнды құжат болды. Осы уақытқа дейін Жолдау атаулының талайын бастан өткерген қалың жұртшылықтың осы жолы тың серпін, түбірлі өзгерістер күткені анық. Өйткені, ұзақ жылдар бойы қоғам өмірінде қордаланып қалған мәселелер аз емес-ті. Жолдауды оқи отырып, Президентіміздің ел өміріне қанықтығын, оған бүгін таңда не қажет екенін жіті сезінетінін байқадық.

Аталған құжатта жалпылама сөзден арылып, нақтылы іске көшу мұраты анық аңғарылады. Бұл – ел дамуының «Жаңа Қазақстан» атты моделін ұсынған басшының сөзі мен ісінің қабыса бастауының белгісіндей көрінеді. Қазақ қауымы үшін жер мен тіл мәселесі аса қастерлі ұғым екені белгілі. Президент өз Жолдауында осы мәселеге баса назар аударып, бұрнағы жылдары белгілі бір себептермен қолды боп кеткен немесе иесі болса да игерілмей жатқан жерлерді қоғам кәдесіне жаратудың жолдарын ұсынады.

«… Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бары-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық», – дейді ол құжаттың құнды бір бөлігінде. Және осымен шектеліп қалмай: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблемалардың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді… бұл стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс», – деп алдыңғы ойын шегендей түседі.

Жалпы, осы жолғы Жолдауда Президенттің жер мәселесіне ерекше көңіл бөлгені байқалады. Бұл – жер мәселесі шешілмей, ел мәселесі шешілмейді деген сөз. Мемлекет басшысының: «… Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деп түйіндеуі осыны аңғартса керек. Өз тарапымыздан қосар болсақ, бұл бүгінде кенжелеп қалған ауыл шаруашылығының қамына алаңдап отырған көпшілік қауымның ой-үдесінен дер кезінде шыққан сөз, – деп білеміз. Мұның ортақ істі іліп әкетуге әзір отырған ауыл тұрғындарының тірлігіне серпін берері сөзсіз.

Президент – істің адамы. Содан да жайбасарлыққа жаны қарсы. Ол уақыт қадірін, онымен аяқты тең алып жүру ғана табыс кепілі болатынын жақсы түсінеді. Жұртшылықтың білетініндей, ол биылдыққа екінші рет Жолдау жариялап отыр. «Неге?» – дерсіз. Жауабын алыстан іздеп керегі жоқ. Жайбарақат заман артта қалды. Замана зар күйіне түсіп, бүкіл әлемді алаңдатқан геосаяси ахуал құбылып тұр. Бұл сыртқы жағдайдың сипаты болса, ел ішінің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жаңартып, саяси тұғырын нығайтуды күткен жоталы міндеттер тағы бар. Мұның бәрі өмір бойы кең масштабты ой қызметінде болған адамды алаңдатпай қоймайды. Мұраттас әріптестерімен кеңесе отырып, «Жаңа Қазақстанды» құрудың оңтайлы жолын іздейді. Іс пен сөздің арасын жақындатып, болуы мүмкін сынақтардан ел керуенін аман алып өтуді көздейді. Бір жылда екі мәрте Жолдау жасаудың сыры осында біздіңше. Ел игілігіне етер істің ауқымы көбейіп, соны жедел шешуге деген құлшыныстың артуында. Осы орайда тындырылған шаруа да аз емес, тындыратынымыз тіпті көп. Президент ел еңсесін көтеруде өндіріс пен ауыл шаруашылығы, сот жүйесі мен құқық қорғау салаларын реформалаудың бағыттарын белгілеп, оны «Әділетті Қазақстанды» құру идеясының негізі етіп алады. Жалпы, Мемлекет басшысы жолдаған қос құжаты оқи отырып онда қойылған мақсат-мұраттардың сабақтасып жатқанын байқаймыз. Екеуіне де геосаяси жағдайымызды тұрақтылықта ұстап, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу алтын арқау болған.

Жаңа Жолдаудан Президентіміздің өзіне сенім артып отырған халқына деген риясыз таза көңілі байқалады. Мұны оның кетіп жатқан кемшіліктерді бүркеп қалғысы келмейтін ашық мінезінен аңғарамыз: «Жалпы ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді», – деп ағынан жарылады.

Жолдаудан ел келешегінің иесі – жас ұрпақтың оқу-тоқу, тәлім-тәрбие мәселелері де мәнді орынын тауыпты. Сапалы жұрт, саналы ұлт болудың шарты – білімділікті дамыту екенін барлығы біледі. Десек те, айту оңай да, жасау қиын. Кейінгі жылдары білім беру саласында кенжелеп қалған тұстарымыз мұның дәлелі. Осыны сергек сезінген Президент: «Орта білім сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деп биік міндет арқалайды. Осы орайда, ғылым мен білімі ілгерілемеген елдің болашағы да бұлдыр болатынын білетін оның жуырда ғана республика Ғылым Академиясын қайта ашу жөнінде тапсырма бергені де еске түседі. Бұдан ел ағасының әр ісін жеке-жеке қалдырмай, сабақтастыра жүргізетінін байқаймыз.

Жолдау Мемлекет басшысын жұртымен жақындастыра түсетін жаңалықтарға толы екенін оның әр азат жолынан басталатын азат ойларын байыптап оқыған адам анық аңғарса керек. Жемқорлардың арам жолмен тапқан ақшаларын мемлекетке өткізбей, бірден мектеп құрылысына аудару, мектеп формасын барша оқушыға қолжетімді ету, әлеуметтік жағынан әлсіз балаларға оны бюджет есебінен беру – мұндай игілікті шаралардың біз атаған бірді-екілісі ғана. Президент осы Жолдауында ел тұғырын биіктетудің бірталай батыл қадамдарын жасады. Жас буынға 18-ге толғанда игілігін көретін инвестицияның салынуы, сәби күтіміне бөлінетін қаржы уақытының ұзартылуы, әйелдердің зейнет жасының төмендетілетіні, тағы басқа да орнықты ойластырулар – Отанның ортақ қазанындағы ырыс-құттың жалпы қауымға да бұрыла бастағанын байқатады.

Әрине, мемлекетіміздің тақау аралықтағы экономикалық, әлеуметтік және саяси стратегиясын белгілеген құнарлы құжаттың барша баптарын бір мақалада түгел теру мүмкін емес. Ондағы теңіздей терең тұжырымдардың тамшысын ғана ұсындық. Түгелдеп айтса түнге, таратып айтса таңға кететін тұстарын көзіқарақты қауымның өзі-ақ көңіл жайлауына қондырып, тірлігіне тірек етер, – деп сендік.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы қазіргі заманауи әлемдегі геосаяси хал-ахуалды терең сараптай келіп, ең өзекті деген мәселелерді шешудің нақты жолдарын көрсетуімен ерекшеленеді. Жолдаудың экономикалық, рухани, саяси саладағы жаңа міндеттерді белгілеудің кешенді бағдарламасы екендігіне ден қойсақ, айрықша құптап, қолдайтынымыз: ондағы ой жүйесінің дербестігіне бастайтын заманауи ұсыныстар; өнім өндіру үшін қажетті жерді ашық әрі жедел түрде бөлу, жер қойнауын игеру, тұлға ретінде қалыптасудың оқу орнынан басталатынын ескере отырып, балабақша, мектеп, басқа да оқу орындары мұғалімдерінің кәсіби біліктілігі мен еңбекақысын арттыру, жемқорлардан өндірілген қаржының мектептерді салуға жұмсалуы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасы балаларына мемлекет тарапынан жәрдем көрсету, мединституттарды аттестациялаудың жаңа жүйесі тағы да басқа айтылғандар ұлт санасын сапалы білімге бастайтын маңызды тетік екендігіне нақты айғақ деуіміз керек» дейді, Жолдаудан ордалы ой түйген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзин.

Иә, Жолдаудың тарихи құжат екені баршаға белгілі. Өйткені, онда мемлекет дамуының басты бағдарлары белгіленген. Мәселен, соның бір ғана парасы – Президенттің өкілеттік мерзімін жеті жылдық бір-ақ мерзіммен шектеу, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу, сот-құқықтық салаларды реформалау секілді іргелі істер қоғамның саяси өмірін жаңғыртып, билікті монополиялау үрдісін реттеуді қамтамасыз етпек. Мұндай маңызы зор қадамдар жаңа құжатта молынан көрініс тапқан. Жинақтай айтқанда, жаңа Жолдау жұртшылық жүрегіне жақын келді, енді оны жүзеге асыру баршамыздың басты міндетіміз болмақ.

Ұлылардан қалған ұлағат қашан да алдыңнан шығып отырады. Кезінде «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», – дегенді оқып өсіп едік, өзі де тәуелсіздік таңымен бұғаудан босаған Шәкәрім шайырдың кітабынан. Содан бастап ұлы ақын әнінің аталған тармағы жаңалықты құптаған жан атаулының қанатты сөзіне айналды. Жолдаудағы мемлекет құрылысын бекем етіп, қоғам жағдайын жақсарта түсуге бағытталған жанды шара, жағымды жоспарларды көре отырып, біз де ұлы ойшылға ұқсатып: «Иә, бұл Жолдау бұрынғы жолдаудан өзгерек», – дегіміз келеді. Демек, оны іске асыратын еңбекшілдігіміз де өзгеше лепті болғаны жөн. Оның берік негізі – баршамыздың ұйымшылдығымыз бен бірлігіміз болмақ.

Ілияс МҰҚАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button