COVID-19 індетіне шалдыққан пациент Қарағандының инфекциялық госпиталіндегі ем шаралары туралы айтып берді

Қарағанды қаласы Балалар ауруханасының реаниматологиялық бөлімінің меңгерушісі Елизавета Кальмбах қазір COVID-19 індетінен емделуде. Екі күн бойы жан сақтау шараларын жүргізіп, жағдайы жақсарғаннан кейін ол палатаға ауыстырылған. Өзінің жағдайы туралы сырқаттанған әйел баспасөз-конференциясында айтып берді.

Елизавета Кальмбах коронавирустық инфекцияны қайдан жұқтырғанын білмейді.

— Жұмыста біз барлық сақтық шараларын қатаң сақтадық. Менің бірнеше әріптестерім және мен COVID-19 жұқтырғанымызға қарамастан, біздің пациенттеріміздің ешқайсысы ауырып қалған жоқ. Бірақ біз, дәрігерлер қоғамнан оқшауланбағанбыз. Мен кез келген қарапайым адамдар секілді дүкенге барамын, автобуста жүремін. Әрине, біздің жұмысымыздың ерекшеліктеріне орай біз қауіп-қатер аймағындамыз, — дейді ол.

Өз ағзасында аурудың алғашқы белгілерін дәрігер-реаниматолог өзі анықтаған. Сол күні ол қоғамнан өз еркімен оқшауланып, әріптестеріне көмек сұрап жүгінді.

— Мен коронавирустық инфекцияны жұқтырғаныма бірден күдіктендім. Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Екіншіден, менде осы дертке тән белгілер болды: бұлшық еттердің, кеуденің ауыруы. Бұл белгілер менің ыстығым көтерілгеннен кейін бірнеше сағаттан кейін пайда болды, — деп есіне алады Елизавета Кальмбах.

Жедел жәрдемге жүгінгеннен кейін оны ауруханаға жатқызып, анализдер алып, компьютерлік томография жүргізілді. Зерттеу нәтижелері дайын болған соң дәрігерлер COVID-19 барын растады. Бірнеше күннен кейін пациенттің жағдайы нашарлап, оны жан сақтау бөліміне ауыстыруға мәжбүр болды.

— Әрине, дәрігер болғандықтан маған  пациент ретінде жатып, емделу таңсық болды. Жағдайды бақылай алмайтыным, оған еш әсер ете алмайтыным маған өте қиын болды. Бірақ мені емдеудің барлық кезеңдерінде әріптестерім бар күш-жігерін салғанын айта аламын. Олар мені қолдады, барынша үйлесімді және тиімді жұмыс істеді және маған көмектесіп отырды, — дейді балалар реаниматологы.

Сырқаттанған әйел инфекциялық госпитальда болған кезде, ол телефон арқылы туыстарымен және жақындарымен байланыста болған.

Профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жұқпалы аурулар госпиталі 100 төсекке есептелген. Қазір олардың бірде бірі бос емес.

СОVID-19 дертіне шалдыққан тоғыз науқас жан сақтау бөлімінде, оның ішінде біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

— Түрлі елдердің дәрігерлік тәжірибесіне негізделген соңғы мәліметтер бойынша, ӨЖЖ-ге қосылу — соңғы төтенше шара. Оған қосылу үшін адамның тыныс алуын толық тоқтату керек. Егер мүмкіндік болса, инвазивті емес әдістерге жүгінген жөн. Бұл ретте адам өзі дем алады, ал аппарат оған көмектеседі. Жан сақтау бөлімінде қазір сегіз науқас дәл осылай дем алуда. Олар есін біледі, біз тіпті тамақтандыру үшін олардың аппараттарын кейде өшіреміз. Кейбіреулерінің жағдайы дәретханаға өз бетінше баруға да жетеді, — дейді профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жан сақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Сергей Ким.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 1 188 COVID-19 жұқтыру оқиғасы тіркелген, 477 пациент сауығып, 6 адам көз жұмды.