Жаңалықтар

Ұлтын сүйген ұлылық

Ұлт үшін қызмет еткен ұлт зиялылары қазақтың басына үйірілген қара бұлттың әр жерінен жап-жарық сәуле боп түсті. Қуғын-сүргінде жүріп, халқының мүддесі үшін басын бәйгеге тікті. А.Байтұрсынұлының «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген сөзі – олардың өмірінің басты кредосына айналды. Расымен де, бүгінгі ұрпақ ұлы тұлғаны ұлықтаудан еш жалықпақ емес. Ұлты үшін опат болған тұлғалардың ешқашан өлмейтінінің дәлелі бұл.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінде «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының шақыруымен белгілі алаштанушы ғалым Айгүл ІСМАҚОВА университетке арнайы ат басын бұрып, «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаш саяси элитасының рухани көшбасшысы» атты дәріс оқыды. Мұнда жастар үшін А.Байтұрсынұлы өмірінің беймәлім қырлары ашыла түскендей.

Дәріске университеттің ғалымдары мен оқытушылары, тарих және филология факультетінің студенттері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Қазақтың келешегіне қалтқысыз қызмет еткен Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің қилы кезеңдері айтылды. Айдауда, қуғын-сүргінде жүрсе де, халқымды тар қапастан қалай құтқарамын деп тынымсыз еткен еңбегі сөз етілді.

Әлиханмен бірге Алаш саяси элитасының басында тұрған Ахаңның қоғамдық-саяси көзқарасы, еңбектері мен оқулықтарының, мақалаларының тарихи мазмұны талданды.

Мәселен, бастауыш мектеп жайлы мақаласында айтқан құнды ойлары – бүгінгі заманға керек дүние.

«А.Байтұрсынұлы бастауыш мектеп мақаласында сол мектептің екі қару жарағы бар дейді. Олар – жақсы мұғалім мен сапалы оқулық. Онда айтылған ой қазіргі күні де құнды. Бастауыш сыныпты жөндесек, мемлекеттің іргетасы жөнделеді», – деді ғалым.

Ұлт қайраткерінің қуғын-сүргінде жүріп, түрмеде отырып 14 кітап жазғанын айтты. 1911 жылы шыққан «Әліппе» қазақтың қадірлі сөзі – «Ар» сөзінен басталатынын біреу білсе, біреу біле бермейді. «Әліппенің басы «А» әрпінен басталатынын ескерсек, «ар» деген сөзді алуының да өзіндік қасиеті бар. Мектепте барған баланың кітабы «Ар» сөзімен ашылады. Біздің ұлттық кодымыз осында», – деді Айгүл Ісмақова.

А.Байтұрсынұлы – тіл білімінің атасы. Зат есім, сын есім, сан есім, етістік, есімдік, шылау, одағай терминдері Байтұрсынұлынікі екенін білесіз бе? Одан бөлек, қазақы ұғымға сай жаңа сөз жасап, ат тауып, айдар тағып берген әдебиеттану терминдері де Байтұрсынұлынікі екенін қазіргі ұрпақ тәуелсіздік алғалы бері біліп келеді. «Біз де ақталғаннан кейін ғана білдік», – дейді ғалым. 1977 жылы жас ғалым Рәбиға Сыздықова біз қолданып жүрген терминдердің бәрі Байтұрсынұлынікі екенін Кеңес үкіметі кезінде алғаш рет қаймықпай, қорықпай, батыл айтқанын да тілге тиек етті.

Ешқандай жоғары оқу орнын бітірмеген Байтұрсынұлының ғылыми түйсігі болғанын, ол жасаған терминдерді ғалымдар бүгінгі күні де ғылыми айналымда пайдаланып келе жатқаны айтылды.

«Романнан кейінгі жанр жоқ» деп орыс ғалымы М.Бахтиннен 70 жыл бұрын 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқыш» еңбегінде жазып кеткенін айтып, студенттерді таңдандырды. «Оқу құралында» балаларға алғаш рет қаржы ұғымы туралы түсінік қалыптастырып, жер астындағы, жер үстіндегі әлемдік энциклопедиядан алған мәтіндерді келтіріп, доллардағы Франклин туралы қазақ тілінде тұңғыш рет мақала жазған осы Байтұрсынұлы екенін айтты. А.Байтұрсынұлы мен Ә.Бөкейханұлының қолқа салуымен өнертанушы, поляк азаматы А.Затаевичтің қазақ әндерін қағазға түсірген кітабына қаламақысын Сәкен Сейфуллин төлегені, Сәкеннің ұлт қайраткерін қатты қадірлегені айтылды. Қазақтың құнды деректері Алаш саяси элитасының арқасында сақталып қалды дей келе, дәріс соңын «Әр қазақ адамдық диқаншысы болуы керек», – деп аяқтап, «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» өлеңін оқып, ғалым көзіне жас алды. Біз мұны ұлтын сүйген ұлылыққа бас ию деп ұқтық.

Дәріс соңында алаштанушы ғалымның ойын білмекке ұстаздар мен мұғалімдер, студенттер А.Байтұрсынұлының өмірі мен еңбектері, айтқан ойлары негізінде бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін қамтыған сұрақтар қойды. Латын графикасына көшу, «Әліппенің» жайы, Қарқаралы петициясы және Байтұрсынұлын ұстап берген адамдар туралы сұрау салған дәріс тыңдаушыларға ғалым қазіргі қоғамның көзқарасымен жауап берді. Ат төбеліндей аз қазақтың даңқын асырып, жаманын жасыру керек деп, Байтұрсыновты ұстап берген қазақтардың атын айтпау қажет деді. Себебі, ол адамдардың жер басып жүрген ұрпақтары бар екенін еске салды.

Ғалым Айгүл Ісмақова дәріс соңында журналистерге берген сұхбатында алған әсерімен бөлісті.

Тұлғатану ғылыми-зерттеу орталығының шақыруымен Қарағанды қаласына келіп, тарих факультетінің студенттеріне дәріс бердім. Алаш саяси элитасы 100 жыл бұрын қазақ ғылымына қандай үлес қосты, мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы үшін ана тіліміздің абыройын қалай көтерді, мемлекеттік тілдің мақсат-міндеттері қандай, тәуелсіз елдің тілі мемлекеттік болуы үшін қандай қағидалар қажет деген сауалдарға жауап бердім. Биыл Ахаңның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуде. Осы төңіректе А.Байтұрсынұлы, түркітану, қазақ тілтану, қазақ әдебиеттану негізін қалаған реформатор ғалым ретіндегі кәсіби мағлұматтарды, деректерді қамтыған дәріс оқыдым. Студенттердің қызығушылығы баршылық. Көп сауалдар қойылды.

Студенттер сауалында бүгінгі заманға А.Байтұрсынұлының ғылыми, рухани, саяси мұрасы қажет екенін айтқандығы мені таң қалдырды. Бұл ықылас қазіргі жастарда өте көп. Алаш мұрасының ғылыми қажеттілігі ешқашан өлмейтініне көзім жетіп, бұл дәрістен еңсем көтеріліп шығып тұрған жайым бар, – деді алаштанушы.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button