Тұлға

4. Әлемнің сегізінші кереметі

Келер жылы мерекеленгелі отырған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының мазмұны Рух, Бірлік, Жасампаздық, Елорда, Елбасы деген ұлы ұғымдар тұтастығының символына айналуы тиіс. Тәуелсіздіктің 29 жылының жүгі жеңіл болған жоқ. Әсіресе, ел тағдыры деген жауапкершілікті жан-тәнімен сезіне білген Көшбасшымыз – Нұрсұлтан Назарбаев үшін. Тәуелсіздіктің әр жылы – ғасырға, әр күні – жылға татыды. Әлгінде ғана тілге тиек еткен бес ұлы ұғымның берекесі елімізді биік белеске бастады. Бұл бес ұғым бір қолдың бес саусағы деп алсаңыз, біз ел тағдыры таразыға тартылған сындарлы сәтте осы бес саусақтың жұдырықтай жұмылуының арқасында тығырықтан шыға білдік. Мәселен… Бағзыдан рухы мықты ел едік. Көшбасшымыздың көрегендігі ұлы даланы мекендеген жүзден астам ұлттар мен ұлыс өкілдерін бірлікке ұйытты. Рухтың айбары мен бірліктің бекемдігі жас мемлекетті жасампаздыққа бастады. Жарқын жасампаздықтың шынайы үлгісі ретінде ерке Есіл бойынан еңселі Елордамыз бой көтеріп, Елбасының еңбегі жанып, абыройы асқақтады. Сондықтан да, Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойы осы ұғымдардың балталасаң бұзылмас тұтастығын паш ететін және елдік рух құдіретін өскелең ұрпақ бойына сіңіре білетін мазмұнға шақ болуы шарт. Сонда ғана біз санамызды сарсытып келген «мереке – ас ішіп, аяқ босату» деген ұғымнан арыламыз. Ендігі әңгіме ауанын Отанымыздың жүрегі, елдігіміздің тірегі, Елбасының тілегі, төл перзенті – Елорда жайына ойыстырсақ…

Бұзоқтан – бүгінге

Нұр-Сұлтан – өте жас қала. Қаланың Елорда мәртебесін иеленгеннен бергі жылнамасы адамзат тарихы үшін қас-қағым сәтпен пара-пар екендігі даусыз. Алайда, бұл қаланың шежіресі тарих тереңінен тамыр тартады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Қазақстанның қазіргі астанасы бабалардың бағзы мекенінде қоныс тепкендігін атап өтеді. Астананың авторы, әрі бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тұжырымын қуаттайтын ғылыми негіз де бар. Археологтар қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстікшығыс беткейінен орта ғасырдағы Бұзоқ қаласының орнын тапты. Ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, осыдан он екі ғасыр бұрын іргесі қаланған ежелгі қалашық ғасырлар бойы салқар Сарыарқаның саяси және рухани орталығы қызметін атқарған.

Сонымен, бірнеше жыл тынбай зерттеу жүргізген Есіл археологиялық экспедициясы Елорданың төл тарихы іргетасы ІХ ғасырда қаланған ежелгі Бұзоқ қаласынан бастау алатынын дәлелдеді. Сол замандағы Оңтүстік пен Шығыс өркениетін Русь, Византиямен жалғастырған алтын көпірдей болған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Бұзоқ шаһары Қыпшақ хандығының резиденциясы һәм дала көшпелілерінің ірі сауда-әкімшілік орталығы болғанмыс деген дерекке сүйеніп отырмыз. Кейбір деректер бүгінгі Елордамыздың түп тарихы XVIII ғасырдан бастау алады деген болжам жасаған-ды. Алайда, еңселі Елордамыздың ежелгі Бұзоқ қалашығының орнына салынғаны туралы ғылыми тұжырымдар әлгі болжамды жоққа шығарады. Сонда біздің астанамыздың мыңжылдық тарихы бар деген батыл тұжырым әр қазақстандықтың мақтаныш сезімін оятары даусыз.

Олай болса, ежелгі өркениеттің ошағы болған Есілдің бойында тәуелсіз Қазақстанның еңселі Елордасының бой көтеруі тарихи заңдылық емес пе?! Көшпенді елдің көш тоқтатып, керуен шөгерген жерінде ұлы мұратты көздеген ұрпақтары астана салса, айыбы қане?!

Ұлы көш

Еліміздің бас қаласын Алатаудан Арқаға көшіру жөніндегі Елбасы идеясы 1994 жылы жария етілген. Тосын жәйт, әрине. Ел күтпеген. Сондықтан да, Мемлекет басшысының бұл байламы қоғамда екіұдай пікір туғызған-ды. Шынымен де, бұл кезеңде ел экономикасы еңсесін тіктей қоймаған. Өзіміз «өтпелі кезең» деп айдар таққан уақыт. Мұндай кезеңде астананы көшіру өткелде ат ауыстырғанмен бірдей еді. Солай бола тұра, дағдарыс қыспағындағы елдің бас қаласын Арқаға көшіру туралы Елбасы шешімі шын мәніндегі тарихи тәуекел болды. Дәл осындай батыл қадамды бірде-бір елдің басшысы жасамағаны тарихтан белгілі. Әлемдік тәжірибеде саяси орталықтарын ауыстыру арқылы экономикалық дамуына серпін берген мемлекеттер жоқ емес. Жаңа астана жаңа экономиканың, жаңа дәуірдің символына айналуы шарт. Біздің Елордамыз осындай мазмұндағы тарихи жауапкершілікті еркін еңсергеніне бүгін куә болып отырмыз. Сонымен, бүгінгі астанамыз Қазақстанның әкімшіліксаяси орталығы ғана емес, жаңа дәуірдің сәулеті мен дәулеті жарасқан жаңа қаласына, ұлттық тарихымыздың жаңа парағына айналды. Рекордтық қысқа мерзімде.

Иә, Елорда – Елбасының төл перзенті. Елбасы – Елорданың авторы һәм сәулетшісі. Ерке Есіл жағасынан бой көтерген жаңа астананың құрылысы әлемдік қауымдастық алдындағы Елбасы қайраткерлігі мен көрегендігінің парқын айғақтай түсті. Ең әуелі, Елорда – еліміздің мемлекеттік қауіпсіздігінің кепілі. Шекараға тым жақын орналасқан астана мемлекет үшін қатер алаңы болатыны дәлелдеуді қажет етпесе керек.

Көшбасшылығында – көрегендік, саясатында – сұңғылалық бар Тұңғыш Президенттің астана жөніндегі бастамасы ажарлы Арқа төсін үміт пен сенімнің символына айналдырды. Оның айғағы – Елорда!

Иә, ширек ғасырға ұласқан Назарбаев билігі ел экономикасын кейбір елдерге кесапат әкелген «сәтсіз сценарийлерден» айналып өтіп, берекелі белестерге бастай білді. Ғасыр ғаламаты саналатын Елордамыз – Елбасының қиын сәттердегі ерік-жігерінің жеңісі.

Астана көші – ұлы мұратты көздеген Ұлы көш!

Күлтөбе емес – Күретамыр

Елорда күн сайын, сәт сайын ажарлана түсті, ерекше келбетке ие болды. Жұмыр жерде сәні мен салтанаты жарасқан небір әсем қалалар бар болса, біздің астана қайталанбас үлгіде асқақтай түсті. Сәулеті жағынан бір-біріне егіз қозыдай ұқсайтын қалашықтар көп болғанымен, бір-бірін қайталаған астаналар кемде-кем. Жоқ деуге де болады. Әсіресе, әлем елдері елордаларының ішінде Нұр-Сұлтан қаласы көш басындағы елдердің көшірмесіне айналмай, айрықша айшықпен дамыды.

Сайын Сарыарқаның сары белінде сан қилы сәулет үлгілері сап түзеп, ажары – әйбәт, салтанаты – саңлақ шырайлы шаһардың құрылысы қарқын алған сайын барша қазақстандықтардың кеудесінде мақтаныш сезімі маздай түсті. Бір кездері егіс алқабы болып, «неміс автономиясына» айнала жаздаған Арқа төсіндегі ажарлы мекен бүгінгі таңда Қазақстан саяси элитасының алтын тұғырына айналды.

Шежіресі ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бүгінгі Елорданың сән-сәулеті барша халықтың көз алдында дамып, миллиондаған халықтың көзайымына айналды. Асқақтаған астана туралы сөз қозғағанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ой-қиялынан туындап, бүкіл әлемге әйгіленген «Бәйтерек» сынды символы, әйгілі сәулетші Норман Фостер салған Бейбітшілік пен келісім сарайы және келешек керуеніндей бой түзеген басқа да әкімшілік ғимараттары ауызға алдымен ілігеді.

Әлемдік сәулет өнерінде баламасы жоқ көркем туындылардың көрмесіндей болған көрікті қала аз уақыт ішінде қарыштай дамып, тәуелсіз Қазақстан дамуының көрсеткішіне айналды. 2010 жылы ЕҚЫҰ сынды халықаралық беделді ұйымның төрағалық тізгінін ұстап, сол жылы Астана төрінде 56 мемлекеттің өкілдері бас қосқан саммит салтанат құрғаны жадымызда мәңгі жаңғырар оқиға болған. Одан кейін асқақ рухты Астана Қысқы Азия ойындарының жалауын желбіретті. Бір емес, бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын өткіздік. Сондай-ақ, жыл сайын әлемнің 80-нен астам елінен 5000-ға жуық делегат қатысып, әлемді әбігер еткен экономикалық дағдарыс салқынын салмақтайтын Астана форумы да Елордамыздың ашық пікір алаңына айналғанын дәлелдейді. Жаһандық проблемалардың түйінін тарқатып, алты құрлықты аузына қаратқан Астанамызды күлтөбеге балай аламыз ба? Жоқ, әрине. Қазақстан Астанасы – күлтөбе емес, жаһандағы экономикалық ахуалдың күретамыры.

Ол аз десеңіз, 2017 жылы «ЭКСПО» дүниежүзілік көрмесін абыроймен өткіздік. Міне, аз уақытта әлем назарын өзіне аудартып, таңдай қақтырған Елорданың абыройы! Иә, «ЭКСПО» – ел мерейі, Елорда абыройы, Елбасы еңбегі. ТМД елдері арасында тұңғыш, Азия елдері арасында төртінші болып «ЭКСПО» көрмесін қабылдаған Елордамыз ертеңіміздің еңселі келбетіне кепіл болды.

***

Сағым ойнаған сары белде елінің бағын ойлаған Ұлт Көшбасшысы өз қолтаңбасын қалдырды. Қилы-қилы тарихи кезеңдерді басынан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ елі Елбасы еңбегімен еңселене бой көтерген Елордасы барда тағдырына мың мәрте шүкіршілік етеді.

Келешегі – кемел, ертеңі – нұрлы Қазақстан мемлекетінің әлемдік аренадағы абыройы да, ары, беделі де, бағы – Нұр-Сұлтан қаласы. Елорда – Еуразия жүрегі. Кәрі құрлықтың тамырына қан жүгірткен жүрегі мәңгілік соғуын тоқтатпаса екен! Ұлтымыздың ұясы, Қазақстан секілді қыран елдің тұғыры болған Елорда мәртебесі жоғарылаған сайын Тәуелсіздігіміз мәңгі жасайтыны һақ.

Біздің еңселі Елорда – ғасырдың ғаламаты, Әлемнің сегізінші кереметі! Авторы – Алла алқап, Алашы қолдаған Елбасы!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button