Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Қайғы-шерін парасатқа жеңдірген

Майдангер әкем Әбіл ҮДЕРБАЙҰЛЫНЫҢ мықтылығы – нардай, сабырлылығы – сағыздай, шыдамдылығы емендей еді. Бала шақтағы жетімдік азабын, сабылысқан ақ пен қызылдың құқайын, ашаршылық нәубетін, қуғынсүргін зардабын, Ұлы Отан соғысы салған жан мен тән жарасын, ең ақыры, өз басына, отбасына түскен мезгілсіз әрі таудай қайғы-қасіретті адамгершілік пен парасаттылыққа жеңдіріп, сан зауалға шыдас берген жан. Соның бәрін тізе берсем, әрқайсысы – бір дастан.

1902 жылы Атбасар дуаны, Терісаққан болысына қарасты Құлжан елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жасы онға толмаған шағында Әкесі Үдербай дүниеден озады. Мүмкіндігі шектеулі жесір әйелдің жетім баласы сауатын ашпай қалған. 1916 жылы Ақ патша жарлығы негізінде бар болғаны 14 жасар Әбілге 18-де деген жалған құжат жасалып, қара малай тізіміне енгізеді. Жарлыққа қарсы ел жігіт жинауға келген патша әскеріне қарсы көтеріліп, ақырында пулеметтен бораған оқтан шығынға ұшырапты. Әкемнің нағашы жұрты – Ұлытау-Кішітауды қоныстанған атақты Уәйіс бидің бел балалары. Олар Есіл бойын жайлап, қысы қатты, шөбі аз кей жылдары Ащыкөл-Телікөлге барып қыстайды екен. Аласапыран шақта нағашыларымен бірге көшіп жүріп, 1922 жыл шамасында тұз таситын кіреге ілесіп, Қызылордаға кетеді. Түріксіб темір жолын салуға қатысып, кейін Сұлутөбе, Бірқазан станцияларында жолсерік қызметіне орналасады. «Түркіменстан, Тәжікстанға дейін бардым, Чарджоу қаласында болдым. Ол жақ өте ыстық болады екен» деп отырушы еді. Елді ашаршылық жайлаған тұс – 1932 жылы 1 май колхозында комбайншы болыпты. Жалғыз ағасы Әңкіш Тілеубаевтың «Елге қайт!» деген ақылына құлақ асып, аттың басын кері бұрады. 1938 жылы Қарсақбайға келіп, мыс зауытының әскерилендірілген өрт сөндіру депосына өрт сөндіруші болып орналасады.

Фашистік Германия тұтқиылдан соғыс жариялап, елімізге басып кіргенде әскери депо азаматтары тік тұрып, іле-шала жаппай майданға аттануға өз еріктерімен тіркеледі. «Зауыттың жүйкені шымырлатар азалы дабылы сағат сайын соғылып тұрушы еді» дейтін өзі. 39 жастан асып, 40-қа қараған шағында соғысқа аттанады. Майдан шебіне беттеген пойыз бомбыланып, бір эшелоннан аз ғана адам аман қалады. Сол жерде кейін тылдан келгендерге қосылады. Жаяу-жалпылаған күйі күні-түні жүріп, Ленинград майданындағы 23-армия құрамына қосылады. Пулеметші ретінде ұрысқа кіреді.

Әкемнің әсерлі естелігінің бірі – Маршал Ворошиловты көріп, даңқты қолбасшының сапта тұрған сансыз жауынгерлер алдында сөйлеген сөзін естуі.

Содан Ленинград қоршауының құрсауы 1943 жылдың 18 ақпанында бұзылғанға дейін соғысып, сол маңайдағы фашистерді түбегейлі талқандау ұрыстарына қатысады. Кескілескен бір шайқаста сол қолының буынына оқ тиіп, қатты жараланады. Жарақатын емдетіп, Воронеж қаласында орналасқан госпитальде алты ай жатады. Содан әскери медициналық сараптама комиссиясының қортынды шешіміне сәйкес, елге ІІІ топ мүгедегі атанып, 1943 жылдың аяқ шенінде оралады. Сол үшін үкіметтен ай сайын 30-40 сом ақша алып жүруші еді.

Қолы иығына дәкемен асулы қалпы колхоздың қым-қуыт жұмысына араласады. Тылдағы кәрі-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға – «Бәрі де майдан үшін» ұранымен күні-түні жанқиярлықпен еңбек еткен адамдар. «Қызыл Ту» колхозының орталығы – Қоскөл ауылында. Әкемді еңбеккер қауым кезекті жалпы жиналыста колхоз төрағасы Қасым Баймендиновтің орынбасары қызметіне сайлапты.

Аудандық партия комитетінің пәрменімен1952 жылы Ұлытау өңірінде алғаш ашылған машина-трактор станциясына жіберіледі. «ХТЗ» (қазық аяқ) тракторын алғаш от алдырып, ұйқыдағы Арқа төсін дүр сілкінткен майталман маман еді жарықтық. Ұлытауда тұңғыш тың көтерушілер қатарында болды. Егіс бригадасының бригадирі, Ұлытау совхозында МТМ механигі болып жұмыс істеді.

Ұлы Отан соғысында алған медальдары мен бейбіт кезеңде кеудесіне таққан төсбелгілері де баршылық.

Әкейді атаулы күндердегі жиындардан қалдырмайтын, сондай басқосуларда көсіле сөйлеп тұрған сәттері көз алдымда қалып қойыпты…

Мұханбетжан ӘБІЛОВ,

қаржы саласының ардагері, жазушы.

Басқа материалдар

Back to top button