Жаңалықтар

Әскери журналистика жайлы не білеміз?

Әскери десек, санаға сап етері соғыс, қару құрсанған сарбаздар сапы. Дегенмен, әскери өмірде де шығармашылықтың шыңырауына бойлағандар қаншама?! Оның ішінде әскери журналистика саласын игерген мамандар бір төбе. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағандыдағы 52859 әскери бөлімінің сержанты, материалдық және техникалық қамтамасыз ету бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мақсат БАЛЖАНОВ.

Әскери журналист мамыражай тірлікті былай қойып, майдан даласында, окоптан-окопқа бұқпантайлап жүгірген жанкешті емес. Бұл жаңсақ пікір. Жалпы, журналистиканы игеріп оны әскери әлеммен тоғыстыру бұл екінің бірінің игере алмайтын ісі.

– Жасымнан журналистикаға әуес болдым. Кейіннен оқу бітіріп, әскери өмір жанға жақын болып кетті. Алайда, бір жазарым қойын кітапшамның парағында сақталушы еді. Кейін, түрлі іс-шара ұйымдастырып, әлеуметтік желіге посттар салып, өзімнің бойымнан тілшіге тән қырларды таптым. Қабілет-қарымы барға бағыт пен құлық қана ғой жетпейтін. Кез келген іске құлқың болса оны күткеніңнен де әсерлі етуге болады. Ал, журналистика бұл бір философиялық мамандық десем артық болмас. Атақты әлеуметтанушы, публицист жазушы Николай Михайловскийдің айтқаны бар. «Журналистика қоғаммен қатар өмір сүреді һәм қоғаммен қатар тыныстайды. Қоғам барда журналистика да мәңгі жасамақ» – деп. Міне, осы бір сөздің өзі журналистикаға жалпылама баға бергендей. Журналистика біздің өмір. Енді сол өміріңізді түрлі әсерлі оқиғамен ұштастырсаңыз онда кей экшен жанрдағы фильмдерге дайын сценарий болар еді. Ал, әскери журналистика – бұл маманданған, әскер қызметінің спецификалық жағдайларында жұмыс жасайтын, әскерилердің қоғамдық көзқарасын, саяси пікірін, әлеуметтік рөлін қалыптастыруға әсер ететін, Қарулы Күштердің күнделікті тұрмысын бұқара халыққа насихаттайтын, оның ішінде патриотизмге бастар басты құрал екенін білеміз. Біз және біздің атқарған қызметтің ел үшін маңызы біздің оны халыққа жеткізуімізден, – дейді сержант Мақсат Өміржанұлы.

Бүтін бір мемлекетті заңсыз, қоғамсыз елестету мүмкін емес. Осы сынды оны әскерсіз де елестету қиын. Бір елдің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етіп отырған сала әскер болғандықтан, оның өз баспасөзі мен радиосы, тіпті телеарнасы болуы да заңды. Сондықтан, әскери журналистика тек соғыс алаңынан ғана хабар берер мамандық емес, әскердің күнделікті тірлігінен де қара халықты хабардар ететін құрал.

– Бізде осы әскери журналистикаға жаңаша тыныс беріп, әр сарбаздың жеке басын елге, қоғамға танытар жобалар ұйымдастырылса. Мысалы, әр сарбаздың отбасымен жеке қарым-қатынасы дегендей. Ол қандай отбасының ұрпағы. Тәрбие алған, түлеп ұшқан ұясы қандай екенінен хабардар болса әскери бөлім. Мемлекет саптағы сарбазының алдымен жағдайын қолға алып, ахуалын түзесе, сонда еліне қызмет етер нағыз патриот сарбаз тәрбиеленуі мүмкін шығар. Қоғам Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарындағы борышын өтеушілерден хабардар болса кейінде жиілеген сарбаз өлімі де сирер ме еді бәлкім?!

Әскери журналистика тек сарбаздың қатталған төсегімен, тойып ішкен тамағын көрсетумен шектелмесе игі еді, – деп тағы пікір ұштағандай болды Мақсат Балжанов.

Расында, әскери журналистика қарапайым қоғам мен әскер арасындағы алтын көпір екенін естен шығармаған абзал. Әскери журналистика мамандығын тек бір ұшты ұқпай, қырық қырынан түгел түрлендіре берсек, төбедегіміз әлдеқайда төтелей жолығар еді. Бұл үшін газет-журналдардан арнайы тілші алдырып, әскери терминдерді оқытып, даярласа, кәнігі маман шығатыны хақ. Бір сарбаздың күніне тоқталып, шағын репортаждар әзірлеп, оқырман назарына ұсынса, ұтымды болмас па еді?!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button