Жаңалықтар

Нашақорлар жасарып барады

Нашақорлық – қазіргі уақыттың өткір мәселесіне айналды. Ол елдің болашағына балта шабуда. Себебі, ел ертеңі деген жастарымыз, тіпті, жасөспірімдердің арасында нашақор атанғандардың көбеюі алаңдатады. Нашақорлардың жасы 13-тен басталады.

Нашақорлық – әртүрлі тәсілдер арқылы (ішке қабылдау, иіскеу, теріге инъекция) қолданылатын есірткі заттарына ауыр құмарлық немесе тәуелділік. Медицинада ол ағзаның қатты дисфункциясына әкелетін, есірткіге паталогиялық құмарлықпен сипатталатын ауру, ал, психологияда – қолдануды тоқтатқанда пайда болатын жайсыздықты жеңу үшін кез келген дәрілік құрылғыларды не болмаса химиялық заттарды қолдану қажеттілігі. Есірткіге тәуелділіктің екі түрі бар: психикалық және физикалық.

Ата-анасы мен баласының арасындағы түсініспеушілік, махаббат пен жылулықтың жетіспеуі жас буынды есірткіге деген қызығушылыққа алып келуі мүмкін. Жағымсыз эмоциядан арылып, отбасындағы проблемаларды ұмытқысы келген бала нашақорлыққа салынады. Жаңа эмоция сезінгісі келген жасөспірім, дәмін бір рет татып көргеннен кейін, тағы сезініп көргісі келеді. Осылай әуестік пайда болады. Есірткі орталық жүйке жүйесіне, ми жасушаларына әсер етеді.

Мамандардың айтуынша, ең басты қатер есірткінің жаңа түрлерінің пайда болуынан туындайды. Психоактивті заттардың 485-тей түрі бар екен, соның ішінде кең тарағаны – амфетаминнен, яғни, орталық жүйке жүйесінің синтетикалық стимуляторынан синтезделіп алынған мефедрон. Халық арасында «тұз», «ұн», «меф» атауларымен белгілі.

Мефедронның жастар арасында кең тарауының тағы бір себебі – ол клубтағы есірткі болып есептелінеді. Түнгі клубтарда түрлі-түсті таблетка түрінде таралады. Бізді алаңдататыны – есірткіге жас буын мен әйел адамдардың салынып жатқандығы. Оның үстіне нашақорлық жасаруда. Бұдан 3-4 жыл бұрын есірткіге әуестенетіндер 16-17 жастан басталатын болса, қазіргі таңда бұл 13 жасқа төмендеген, – деді облыстық психикалық денсаулық орталығының күндізгі бөлім меңгерушісі Бақыт Дүйсембаева.

Ал, нашақорларды емдеу әдістері туралы осы орталықтың медициналық-әлеуметтік реабилитация бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Кәкімова айтып берді. Оның айтуынша, әр пациентпен жеке жұмыс атқарылады.

Алғашқы емнен кейін басқа да әдістерді қолданамыз. Емдеу шаралары екі кезеңде өтеді: стационарлық және амбулаторлық. Емделушілеріміз эмоционалды тұрғыда тұрақсыз болады, сол себептен бастапқыда психолог мамаңдарымыз рационалды психотерапия өткізеді. Біздің орталықта реабилитация өтіп жатқан 13 емделушіміз бар, мұнда медикаментті емдеу жоқ. Психолог мамандар жоғары санатты медициналық көмек көрсетеді. Әр пациентпен жеке жұмыс жасалады. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыскер де қызмет көрсетеді. Статустарын бағалап, сауалнама жүргізеді. Бізден емделіп шыққан адамдарды жұмысқа орналастыруға да тырысамыз. Бұл науқастардың әлеуметтенуіне, қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Гүлнар Аманжолқызы.

Дәрігерлер мамандардың көмегінен бөлек, жақындарының қолдауы мен сенімі ауадай қажет екенін айтады. Яғни, осындай жайтты естіген туыстары одан теріс айналмай, керісінше, көмек қолын созса, науқастың өз-өзіне деген сенімі пайда болып, дертті жеңіп шыға алады.

Дильназ ШӘҢГЕРЕЙ,

ҚарУ-дың ІІ курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button