Жаңалықтар

Түлектер тартуы

Ералиев ауылы – елдігімен еңселі. Былтыр үздік отыз ауылдың қатарына кірді. Ауыл қалаға көшіп жатыр дейміз. Керісінше, бұл ауылда жылына 10-15 үй бой көтереді. Және бір ілкімді үрдіс – мектеп түлектері өздерінің мерейлі жылдарында ауылға тарту жасайды. Биыл ауыл арасын жалғайтын көпір және мектеп жанынан балалар ойын алаңы бой көтерді. Бұл да ауыл азаматтарының елге болсын деген ниеттері…

Жаңа көпірге ел риза

1982 жылы мектептен қанаттанған түлектер ауылдың ортасынан қиып өтетін «Төребұтақ» өзенінің үстінен жүргіншілер көпірін салып берді. Көктем кезінде су тасып, адам түгілі көліктің өзі қатынай алмай қалатын. Әсіресе, балалардың мектепке қатынауы қиындық тудыратын. Және ойын баласы болған соң, өткелден өтер кезде алаңдайтын еді ата-аналар. Бұрын қалай қатынады дейсіз бе? Қазіргі жаңа көпірдің орнында қатар қойылған ескі екі бөрене арқылы. Ал, көлік өтетін көпірді 1988 жылғы түлектер салып берген еді осыдан төрт жыл бұрын.

«Көпір – алаңдатып жүрген мәселеміз еді. Осы іске ұйытқы болған азаматтарға ауыл халқы атынан айрықша алғыс білдіремін. Осы уақытқа дейін де ауыл азаматтарының демеушілігімен көптеген жұмыстар атқарылды. «Ауылына қарап, азаматын таны» демей ме? Ауыл халқының бірлігінің арқасы – бәрі», деді ауыл әкімі Жанбол Көпбосынов көпірдің ашылу рәсімінде. Салтанатты жиынға басылымның бас редакторы, ауыл мақтанышы Ерсін Мұсабек те арнайы қатысып, көпірдің ел игілігіне қызмет етуіне ізгі тілегін жеткізді.

– Іргесі – берік, ымырасы – бекем, еңсесі биік Ералиев ауылы – менің мақтанышым. Күні кеше үздік отыз ауылдың тізіміне енді. Мұның бәрі сыртта жүрген біз үшін абырой. Міне, ауыл арасын жалғаған көпір де – көпке үлгі боларлық іс. Тойды шашып-төгумен де өткізуге болады. Бірақ, біздің азаматтар туған жерге ту тігуді өздеріне міндет етіп алған, – деді Ерсін Кәрібайұлы.

Түлектер салтанатты рәсім барысында сынып жетекшілеріне, ардагер ұстаздарына естелікке сыйлықтарын табыстады. Шәкірт шарапатын көру де – үлкен қуаныш қой.

«Біз осындай түлектерімізді мақтан етеміз. Елге болсын деп тұратын шәкірт тәрбиелегенімізге біз де қуаныштымыз. Міне, сіздер игі істеріңізбен өткелдің арғы бетіндегі ауылдастарға үлкен жақсылық жасап отырсыздар. Балалары мектепке қатынай алады көктем кезінде. Сауапты істеріңізге үлкен алғыс айтамыз», – деді ардақты ұстаз Мәрия Әлібаева.

1982 жылғы мектеп түлегі, игі істі ұйымдастырушылардың бірі Берден Ысқақұлы көпірді салуға 1 600 000 теңге қаражат кеткенін жеткізді.

– Басында ауылға не тарту керектігін қатарластармен ұзақ ойландық. Өйткені, жылдағы түлектердің тартуымен ауылдың ажары артты. Содан ақылдаса келе, көпір салғанымыз дұрыс шығар деп шештік. Ауыл әкімшілігі ұсынысымызды бірден қолдай кетті. Көпірдің материалына 1 300 000 теңгедей ақша кетті. Шебердің қолақысына 300 000 теңге бердік. Бастысы, көпір көпшіліктің көңілінен шықты деді ол.

Шара соңында ауыл ақсақалы, тыл ардагері Әден Тәжібай мен Барбол Бахтияров түлектерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Балаларға сый

1992 жылғы түлектер мектеп жанынан балалар ойын алаңын салып берді. Соңғы қоңыраудан кейін салтанатты түрде лентасы қиылды. Жалпы, жоғарыда атап өткеніміздей, ауылда жыл сайын түтін саны артып отырады. Демек, бала санында да өсім бар. Қазірдің өзінде балалардың шағын орталығында 75 бала тәлім алып отыр. Енді, бүлдіршіндер бір уақыт әткеншек теуіп, асыр сап ойнап, бой жаза алады.

Мектек түлегі Жантаза Бекеновтің айтуынша, алаңға 3 500 000 теңге жұмсалыпты.

– Тапсырысты орындаушы – мердігер «Мағзұмов» ЖШС. Дер уақытында сапалы әрі ойдағыдай аяқтап шықты жұмысын. Құрдастарымызбен жылдың басында бұл іске кірісіп кеткен едік. Ашылу салтанатын дәл осы соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында тоқайластырғанды жөн көрдік. Шамамен 3 500 000 теңгедей қаражат жұмсалды. Биыл «Балалар жылы» ғой, сондықтан, ауыл бүлдіршіндерін қуантқанды жөн санадық, – дейді Жантаза Аманғазыұлы.

Өз кезегінде мектеп директоры Досбол Әлі түлектерге білім алған мектептеріне деген қамқорлықтары үшін ризашылығын жеткізді.

– Түлектеріміз жылда мектепке сыйлық тарту етіп жатады. Ұшқан ұясын ұмытпау, оны ұлықтау – тартымды үрдіс. Міне, шағын орталықтың балаларына арнап, мектеп жанынан балалар ойын алаңы салынды. Биыл мектеп бітірген түлектер актзалдың 50 орындығына реставрация жасап берді. 2017 жылғы түлектер акт залдың линолеумін жаңартып берді. 181 000 теңгеге. Ал, жалпы мектеп ата-аналары жиналып, 250 000 теңгеге гүл әперді. Міне, осының бәрі – мектеп әкімшілігі үшін үлкен қолдау. Ал, 1992 жылғы түлектердің қомақты тартуы – үлкен сый болды, – дейді Досбол Ғалымұлы.

Сонымен қатар, 1992 жылғы түлектер сабақ берген мұғалімдеріне, ардагер ұстаздарға сый-сияпат көрсетті. Балаларға түрлі ойыншықтан шашу шашты. Мектеп түлегі Ерлан Қышамбаев ән әуелетті. Шара соңында ардагер ұстаз Оразбек Кемелов түлектердің тартуына ризашылығын жеткізіп, жолдарының ақ болуына тілектестігін білдірді.

P.S:Ойын алаңының ашылғанына бір аптадай уақыт өтті. Ауыл бүлдіршіндері қызығынан шыға алмай жүр. Ауылдастарым «бұған дейін балаларымызды әр жерден іздеуші едік, қазір ойын алаңынан оңай тауып алатын болдық», дейді. Шаттанса, бала шаттансын…

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button