Жаңалықтар

Облыстық мұражайға Сәкен Сейфуллин күй шерткен домбыра әкелінді

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайына Шет ауданынан танымал тұлғалардың домбыралары жеткізілді. Ұлттық домбыра күніне арналған «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары мұражайдан тарихи жәдігерлерді көре алды, деп жазады Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Облыс орталығындағы мұражайға Шет ауданынан барлығы 7 аспап әкелінді, олардың алтауы аудандық мұражайда және біреуі Өспен кентінде сақталған жәдігерлер. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша оның бірінде Сәкен Сейфуллин ойнаған.

«Шет ауданы шертпе күйдің отаны болып табылады. Біз Қайролла Дәулетбекұлы, Дәулетбек Сәдуақасұлы, Әбікен Хасенұлы , Әбди Рысбекұлы, Маясар Жапақов секілді танымал орындаушылардың домбыраларын алып келдік. Әбікен Хасенұлының домбырасында атақты қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин Өспен кентіне қонаққа келгенде ойнаған екен. Бұл аспапты мұражайға 2011-ші жылы күйші Тұрсын Мұқанұлы сыйлаған», – дейді Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайы директорының міндетін атқарушы Салтанат Қаматбаева.

Мұражайға келушілер Шет ауданының өлкетанушысы, «Еңбек ері» медалінің иегері Ертай Жәнібековтің орындауындағы «Естірту» күйін тыңдады. Сондай-ақ, қолөнер шеберлері Ержан Тұрсынов пен Мәлік Қайролла өздерінің домбыра жасаудағы сырларымен бөлісті.

«Мен 25 жылға жуық уақыт бойы домбыра жасаумен айналысамын. Егер асықпасам, бір домбыраны жасауға 15 күн уақыт кетеді. Қазіргі заманғы домбыралар ескі домбыралардан ерекшеленеді. Кәсіби орындаушылар домбыраны дүкеннен сатып алмайды, бізге тапсырыс береді. Маған күйші келгенде, мен ең алдымен оның даусын тыңдаймын, содан соң сол дауыс ырғағына сай аспап жасаймын», – дейді Ержан Тұрсынов.

Қолөнер бұйымдарының шебері, Гумманитарлық колледждің ұстазы Мәлік Қайролла домбыра жасау бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Оның айтуынша, ең маңыздысы – ағашты тыңдап, оны артық заттардан тазарту.

«Біз жасайтын стандарт бар, ол 40 та 48 сантиметр. Мен көбінесе шырша, қайың, қарағай, алма ағашы және тағы да басқа ағаштарды қолданамын. Ең бастысы – аспапты музыкалық қабілеті бар адам жасауы тиіс. Ағашты тазарту үшін оны қайнаған суға саламыз. Ұлттық аспапты жасаумен 30 жыл айналысып келемін. Жылына қолымнан алпысқа тарта домбыра шығады. Қобызды да жасай аламын», -дейді Мәлік Қайролла.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button