Covid-19Коронавирус

Стелс-омикрон анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі стелс-омикрон штамының айналымын анықтады. Мамандар жаңа штамм елдің барлық өңірінде болуы мүмкін деп болжайды.

Сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингтің қорытындысы бойынша барлық өңірде омикрон штамы 98,6%-ға, оның ішінде 12 өңірде стелс-омикрон штамы 36,7%-ға анықталды. Министрліктің Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының директорының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, стелс-омикрон жұқтырғандар дельта жұқтырғандарға қарағанда жеңіл түрде ауырады.

– Стелс-омикрон омикрон штамының бір түрі. Оның белгілері – омикрондікіндей. Яғни, дем, иіс сезудің жоғалуы, жөтел, тұмау белгілері, дене қызуының көтерілуі мүмкін. Осындай белгілер байқалғанда дәрігерге бару керек. Сонымен қатар, инфекцияның қайтадан айналып соғу қаупі жоғары. Сәуірдің басында келген үлгілерден анықталғанын ескерсек, бүгінде стелс-омикронның барлық жерде жүріп жатқанын айтуға болады. Біз ДДҰ мәліметтеріне мониторинг жасап отырмыз, қазір әлем бойынша ауру жұқтыру мен өлім-жітім көрсеткіші төмендеп келеді, – деді М.Смағұл.

Елде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанына қарамастан, ведомство коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация мен ревакцинацияны уақытылы жасауды ұсынады. Вакцинаны 6 ай немесе одан бұрын алған адамдар ревакцинация жасатуы тиіс. Қазіргі уақытта Қазақстанда Pfizer, QazVac және Синофарм вакциналары вакцинация үшін де, ревакцинация үшін де қолданылады.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button