АРҒЫМАҚ ТЕКТІ АРДА ЖЫР

Меніңше, қазақ қауымында ақыны көп болған, оның ішінде кітабы шыққан ақыны мол болған заман, ол – осы заман. Қазір өлеңге таласы бар әр «сәби» жөргегінен бір томдығын ала түседі десек, артық айтқандық емес. Бұрын балабақшаның бүлдіршінінен бастап, ел ағасына дейін оқуға ұмтылса, қазір оқуды ұмытып, жаппай жазуға жанталасқан уақыт. Бұрын бір облыстан кітабы бар бір адамды әрең тапсаң, қазір бір аймақтың қаламұстарларынан бір Жазушылар одағын құрып алуға болатындай. Кейде санның сапаға жол ашатынын ескерсек, бұл жақсылықтың нышаны да шығар. Сондықтан, әр жаңа авторға, әр әдемі кітапқа үлкен үмітпен қарайсың. Бірақ біз шығармасын аз-кем сөз еткелі отырған ақын Ілияс МҰҚАЕВҚА «әр жаңа авторға» деген тіркестің әсте қатысы жоқ. Олай дейтініміз, өлең өлкесіне әу бастан ішкі дайындықпен келіп, оны мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Ғұмырымның көктемі» атты ойлы да орнықты жыр кітабымен, Бұқар жырау, Төлеген АЙБЕРГЕНОВ, Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаттығымен, бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпаздығымен және бауырлас түркі жұрты басылымдарында жарияланған топтама өлеңдерімен дәлелдеген ақынның қазір дер шағы, демінен жыр, лебізінен гүл төгілетін тұс.

Өз басым Ілияс шығармашылығын ертеден бақылап келем. Жас кезімнен мекен-тұрағым Алматы боп кеткендіктен, ежелден ән мен күйдің, сыр мен жырдың ордасы атанып кеткен Ақтоғайымнан өнер жазирасында көгере өсіп келе жатқан кімдер бар екен, – деп елеңдеп жүру әдетім. Сондай кезде көзіме шалынған бала бұл. Бертін келе етене таныстық.
Ілияс – мен ақынмын деп кеудесін кермейтін, көрінген жерге көрініп қалайын деп қаламын ала жүгірмейтін байсалды ақын. Қайсыбір қаламдастары секілді ақ қағаздың бетін аткөпір ету – оған жат қылық. Ойын қорытып, сезімін тұндыру үшін қанша уақыт керек болса, сонша уақытқа шыдайтын шымыр мінезі бар. Бұл ретте оның екі жинағының арасына екі он жыл салған қазақ поэзиясының классигі, Шығыс шайырларының екінің біріне жұға бермейтін жұпар қасиеттерін бойына дарытқан ерекше талғам иесі атақты Қуандық Шаңғытбаевқа ұқсап кететін кездері де бар. Бірақ, одан Қуан ағасы секілді Ілияс та ұтылған жоқ. Ең бастысы өлеңінде қорғасын құйған сақадай салмақ бар.
Ақын өлеңдерінен өзі өмір сүріп отырған заман, уақыт алдындағы жауапкершілікті сезіну үнемі байқалады. Содан да болар:
Қойдым бәрін, қашанғы «жынды» болам, Хақтың жолы еді ғой үлгі маған.
Ішкенімнің барлығы неге арам да,
Істерімнің барлығы күлдібадам?! –
деп өзін-өзі оятып, қайрап отырудан жалықпайды. Асылы, адамды қай істе де алға жетелейтін өзіне деген сенімі болса керек. Сол сенім оның қаламына:
Ғайбат айтып, пыш-пыштап сандалған бар, Арамзаға арбалып, алданбаңдар.
Дүнгенбайдың жалғызы дүниені,
Дүр сілкінтсе бір күні таң қалмаңдар» —  деген жыр жолдарын да іліктіріпті. Айтқанына сендіріп, «айдауына» жүргізетін мұндай шымыр да шынайы шумақтар оның шығармашылығының шүйгіні десек болар. Содан да болар, ақын аузынан ақтарылған ақық жырға таңырқай бермейміз, табиғи құбылыс көреміз.
Ілияс өз өлеңдерінде өмірдің детальдарын сөйлету арқылы оның тұтас бейнесін беруге ұмтылады. Мәселен, ауылда шаруа бағып қалған досы Аманбек туралы өлеңінде ол:
Ауылдағы аңғал досым Аманбек,
Жабыққанда сырымды айтам саған кеп.
Борбай етің борша болды-ау сенің де,
Бес тауықтан бес жұмыртқа алам деп, –
деп толғанады. Байыптап қараған адам осы «бес тауық, бес жұмыртқа» деталінен бір Аманбектің ғана емес, қазіргі біраз ауыл адамдарының ахуалын аңғарар еді. Ауылда азғантай малының сүмесіне қарап қалған қауымның қарабайыр халін айғайлатпай, абайлап берудің бұдан асқан тәсілі көп бола да қоймас. Бұл тәсілді ол күре жолдар бойына қойылатын қыран ескерткіштері жөніндегі өлеңінде де шебер пайдаланған. Мұнда ақын ойы қалыптасқан стандарттан шығып, тосын түйінге тұмсық тіреген. Шағын өлеңді түгелдей оқу – артық емес:
Өтінем мұны естен шығарма,
Мүсіншім, шабыты шарқ ұрған.
Ескерткіш қоймаңдар қыранға,
Мыс түгіл алтыннан.
Сөзіме қарама күмәнді,
Тұғыры олардың қия-шың.
Төбеңде қалықтар қыранды,
Төменге қалайша қиярсың?!
Басында тұқыртпай төбенің,
Қыранның киесін танып бақ.
Кереге қанаттым, о, менің,
Ұшыңдар биікте қалықтап.
Ал, жер ме?!
Жер лайық жыланға,
Жыбырлап жүрсін ол шаң жұтып.
Қоймаңдар белгі, тек, қыранға,
Қарғалар кетеді саңғытып!
Иә, асыл тек, алтын өзек тектілеріміздің бәсі мен бағасы жөнінде тебіреніс бұл. Мәселе жол бойында орнатылған тас мүсіннің сырт көрінісінде емес, соның тасасында тұрған орны отаудай оғландарымыздың тұғырын төмендетіп, тұрағын тоздырып алмайық деген астарында тұр.
Адам баласының көпшілігі әуелде өмірге періштедей таза болып келіп, бірте-бірте пенделікке бой алдыратыны жасырын емес. Мұны мыңның бірі ғана мойындайды. Және тірліктің тозаңына аз тұтылған адалырағы да солар. Осыны өлеңде қалай беру керек? Екінші жаққа аудара салу керек пе, әлде бірінші жақта сөйлеген жөн бе? Мұның алғашқысы оңайырақ болғанымен фальшке бастайды, екіншісі қиынырақ болғанымен шынайылыққа жетелейді. Осыны сезген ақын өлеңнің «қиын» құрылымын таңдаған. Және мұнысы мейлінше дұрыс болған. Қанекей, жырдың («Көкжиекті көрмегелі…») соңғы екі шумағын оқып көрелік:
…Сұрауы бар судың-дағы,
Табиғатпен тілдестім.
Періште боп тудым-дағы,
Пенде болып күн кештім.
…Алмақ түгіл тіптен ақтап,
Уақыт ізге құм себер.
Бір кездері сүттен аппақ
Болдым, – десем кім сенер?!
Ақын бұл жерде жырдың шыншылдығы үшін өзін «құрбандыққа» байлайды. Сол арқылы сөз сенімділігін, ой орнықтылығын қамтамасыз етеді.
Егер осыны «ол сондай» деген екінші жаққа құрсақ не болар еді? Оның жауабын жоғарыда айттық. Барар жері жасықтық пен жасандылық.
Ілиястың қазіргі қараусыз қалған ауыл жағдайын бейнелейтін «Сыныптасы жоқ бала» атты өлеңі кезінде оқырман қауымды дүр сілкіндіріп, автор мен ауыл халқын көп хабарлас еткен туынды. Проблема мынада. Далада қалғалы тұрған ауыл. Жабылғалы тұрған мектеп. Бір сыныпта бір ғана бала – «Сыныптасы жоқ бала…» Уақыттың уытын, заманның запыранын өзек еткен осы өлең бір ауылдың ғана емес, жалпы қазақ жұртының науқас нүктесін дәл басқан десек артық емес. Өлеңдегі проблема әлі де өзекті. Сөзіміз жалаң болмау үшін бірер шумағына үңіле кетейік:
…Туған жерді (тұратын жаным қалап),
Ойлар болсам уайым қалыңдамақ.
Бал күнімнің куәсі ескі үйіме,
Ескі көршім жүр дейді малын қамап.
…Жасы кетіп жұртынан жырақ, дара,
Жат өңірден тауыпты тұрақ, пана.
Үркердей-ақ үй қапты үрпиісіп,
Бір сыныпта бар екен бір-ақ бала.
…Болмаған соң болаттай ірге мықты,
Орман жұртым селдіреп үлгеріпті.
Сырласы жоқ кәріні көріп едік,
Құрдасы жоқ баланы кім көріпті?!
Қандай белгі қалады өткенінен,
Балалықтың балауса көктемінен.
Жалғыз аяқ жолымен жалғыз барып,
Жалғыз қайтар жабырқап мектебінен,
құрдасы жоқ бауыр-ай, досы да жоқ,
Қалай айтам жабықпа, жасыма деп.
Қараша үйде қариям отыр дейді,
«Көрсеткенің е-е-е, тағдыр, осы ма?» — деп.
Бұл не? Бір шал мен бір баланың уайымы ғана ма? Жоқ, әрине. Бұл – өмір сүруге қауқарсыз деген желеумен күнара жабылып жатқан ауыл «ажары», адамы атажұрттан ауа көшкен қоғам келбеті. Бұл – шешімі бар мәселені шетқақпай қылған саясатқа деген ақынның айыптау актісі. Бұл – мынандай алмағайып заманда «өнер өнер үшін» деп отырмай, өршіл өлеңімен мінез көрсеткен ақын жүрегінің атша тулаған дүрсілі.
Әрине, уақыт тынысын қапысыз қадағалауды әдет еткен ақынның қозғайтын тақырыбы, қаузайтын мәселесі бір бұл айтылғандармен шектелмесе керек. Оның:
Көкше теңіз…
Тірлікте жақынды жау, дос та етеміз.
Жағасында жалғанның сен қаласың,
Біз өмірге бос келіп, бос кетеміз, – деп «Көкше теңіздей» толқитын философиялық толғамын, тек, табиғат туралы ғана, ал:
Терезесін көңілдің қырау шалып,
Сені іздедім жаһаннан сұрау салып, – деп тебірене төгілетін «Сағынышын», тек, махаббат мақамы, – десек, астары әріге тартатын бұл туындылардың толық бейнесін тани алмағандық болар еді. Өйткені, ақынның аталған һәм аталмаған көпшілік жырларында қозғаған төл тақырыбымен қатар, жанама мағынасы мол меңзеулер мен мазмұндар өзектесе өріліп отырады.
Ілиястың қай өлеңін алсаң да оның ойға басымдық беретінін аңғарасың. Өлең әсем сөздер мен тақылдаған ұйқастың ғана жиынтығы емес екенін жақсы білетін ол, қай тақырыпты қозғаса да өзінше тарқатып, өзінше шешімін табуға тырысады. Бұл жалғанда ашылмаған ой, айтылмаған сөз жоқ-ақ шығар. Бірақ, соған қарамастан, әр құбылысқа өз көзімен қарап, өз түйінін ұсынуға деген талпыныс үдерген уақыт көшінде бір сәт те толас тапқан емес. Өнердегі бұл үрдіс адамзат сапары қанша мерзімге созылса, сонша ғұмырмен жалғаса бермек. Осы орайда, ғаламдық өлең мұхитына тамшыдай болса да үлес қосармын деп үміт еткен ақынның:
Соғады жатқа ел, сенемін,
Алады ол билеп ерікті.
Өйткені, менің өлеңім,
Күнікейден де көрікті.
…Туған ел мені қолдаған,
Мақтайды-ай, ауыз көпіртіп.
Менімен жерлес болмаған,
Жандардың бәрін өкінтіп – деп шалқуын да құптап қойған жөн секілді.
Ілияс Мұқаев қандай ақын дегенде, оның ойшылдығымен қоса, тілге бай, техникаға шебер, фигураларды қолдануда (теңеу, метафора, гипербола, градация, контраст, аллитерация, ассонанс т.б.) икемді өнер иесі екенін баса айтқан жөн. Ақын өлеңнің әуенділігін арттыруда ішкі ұйқас пен дыбыс үндестігіне де жиі жүгінетінін байқаймыз:  Сыныптасы жоқ екен бір інімнің,
Түлік басы көп екен бір ағамның.
Немесе:
Сырласы жоқ кәріні көріп едік,
Құрдасы жоқ баланы кім көріпті?!
Сондай-ақ:
Тектіге ғана бұйырар бақты,
Ептіге неге таңып береміз?!
Келтірілген өлең тармақтарындағы «сыныптасы, түлік басы», «сырласы жоқ, құрдасы жоқ», «тектіге, ептіге» секілді ішкі ұйқастар мен «бір інімнің, бір ағамның», «кәріні, баланы» деген контрастар осының айғағы. Ақын шеберлігінің көрінісі.
Мұндағы тағы бір көңіл аударатын дүние «Дидарғайып» поэмасы. Өмір шындығының ащы бір тұсын арқау еткен бұл туындыны көзіңе жас, көңіліңе қайғы алмай отырып оқу мүмкін емес. Оқиғасы ауыр мұңға жетелейтін бұл шығарманы талдап, талқылап жатқаннан гөрі, оны әркімнің өзі оқып шыққаны жөн-ау, – деп шештік…
Әрине, қандай қаламгердің болсын шығармашылық қасиетін алғысөз ауқымына сыйғызу мүмкін емес. Біз де айтары бар ақынның өлең-көшін көктей шола отырып, «теңіздің дәмін тамшысынан» татуға тырыстық. Бір қуанарлығы – жазған сайын тәжірибесі молығып, тапқаны толығып келе жатқан автордың азаматтық үнінің айқындығы. Мұны талғампаз шайырдың «Жүрегім жырға жерік болғалы» атты жырындағы:
…Шығам деп алып түнектен көпті,
Жанымның мені үні өктем етті.
Қазаққа төнген қауіптің бәрі,
Алдымен мендік жүректен өтті.
...Соны ойлап көңіл күпті алабөтен,
(Жанымды мұңмен жұптаған ба екен?).
Ақынның егер азабын артса,
Атанға қанша жүк болар екен?..
секілді қаламгер жауапкершілігін анық сезінген шымыр да шыншыл шумақтары да қуаттап тұрғандай. Сонымен шайыр арғымақ текті арда жырдың шылбырын шиырды. Жортқанда жолың болсын, – дейміз.

Абзал БӨКЕН,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының иегері

Қ Ұ Л А Қ Қ А Ғ Ы С

2022 жылдың 12 мамырында Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжінің ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ілияс Мұқаевтың «Жанымның жамыраттым арай-нұрын» атты шығармашылық кеші өтеді. Кешке белгілі қаламгерлер мен өнер шеберлері, С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері қатысады.

Кеншілер Мәдениет сарайы

Басталуы: Сағ. 16 .00