Жаңалықтар

4. Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: «Барыс жылы туған асау балықпын…» ( ғұмырбаяндық эссе)

(Жалғасы. Басы газеттің №№35, 38, 41 сандарында).

Ауылдан шыққан ақынның аудандық газеттен басқа барар жер, басар тауы жоқ. Менің ғұмырымның жартысы Қарқаралы, Ақтоғай аудандық газеттерінде өтті. Бұларда Ғабдиман Игенсартов, Сапарғали Ләмбеков, Мұқатай Жылқайдаров, Дәуітәлі Стамбеков сынды ақындар қызмет істеген. Өзі де күллі ғұмыр-жасын аудандық газетте өткізген балалар ақыны Кәрім Сауғабай: «Журналистердің миының барлық шаригі толық. Ақындардың бір шаригі жетіспейді…» деп отырушы еді. «Облыстық газеттерде де солай» «Менікі ше?» – деймін әдейі сыр тартып: «Сенің бір шаригің артықтау болуы мүмкін».

Бүгін сол «кем немесе артықтау бір шарикпен…» мен де алпыстан асып барам, тіпті, менен 7-8 жас кіші Есенғали (Раушанов) та 60- қа тұяқ іліктіріп қалды. Ол да аудандық газеттен шыққан.

Ақын деген негізінен тұзы жеңіл, өзіне қайдағы мен жайдағы пәле, жала үйір, қорғансыз біреу ғой. Мағжанның «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына» дейтіні содан. Бірақ, оны қоғамның небір кесапат кесірі мен шайтанның алдап-арбауынан ылғи бір періште қорғап жүреді. Осындайда Есенинді Мәскеудің кілең маскүнем жайлаған шулы кабактарынан Бакуге алып қашып, «Парсы саздарын» жаздырған Петр Иванович Чагин еске түседі. Революционер-большевик, С.Кировтың жақын серігі. Алла абырой бергенде, маған да Қарағандыдан Нұрмахан Оразбек пен Әбдіжаппар Әбдіәкімов деген азаматтар кез болып, осы күнге аман-есен жеткен екенмін. Нұрағам мені баласындай бауырына тартып, балапанындай баулыды. Әбекеңнің мамандығы тарихшы, сол кезде обләкімдікте ірі шенеунік, қазақ жырының білгірі, газетке материалым шыққан сайын қуанып, менің жарық көрген дүниелерімді бір папкаға жинап, қомқор болып жүреді. Соның көбісі менде жоқ… Шіркін, қолқа салып, сұрап алар ма еді?

Камалтин Мұхамеджанов әкім боп келген кезде осы Әбдіжаппар Әбдіәкімов кеңесшісі еді, мені арнайы алып барып, әкіммен таныстырды. Кабинетінде отырмыз. Әкім мен ақын…

«Бұрынғы… обкомның бірінші хатшысының кабинеті осы ма?» – деймін мен жайыма отырмай, жан-жағыма қарап.

«Осы, сен, немене, оған бірінші рет бас сұғып отырсың ба?!» – дейді ол да таң қалып.

«Ия…».

«Сонда бұл обком кіммен жұмыс істеген, ей?» – дейді ол.

«Білмеймін…» – деп, мен де иығымды қиқаң еткізгем…

Дүниежүзілік саясаттан ойып кеп,–

Орын алған Политбюро,

Оғландарды шеттерінен сойып кеп:

Есенинді естіген тек «Ішкіш», – деп,

Пастернакты – «Жөйіт» – деп!

Игор Жырын қалдырды да ескіден,

Жылқыны да кем көрген-ді ешкіден!

Ахматованы оқымаған ол, тіпті,

«Жүргіш әйел…» – деп қана құр естіген…

Олар кімнің тереңіне бойлаған?

Ішсе – асқа, кисе – киімге тоймаған!

Әлиханды соттап – атып, «контр» – деп,

Абайды да ақымақ деп ойлаған…

Бізді деймін…

Бізді қойшы, бір елді,

Ойлап қашан тығырыққа тірелді?

Брежневті суреткер – деп – жазушы –

Лениндік сыйлық беріп жіберді…

Ал… айтайын… келтірмеңіз күлкімді,

Маған қалай қидыңыз сіз бұл күнді?

Сіз кетесіз… Сіз кеткен соң бұ жерге,

Мені қайта кіргізбеуі мүмкін-ді…

Қазақстан Жазушылар одағының

Қарағанды облыстық бөлімшесін (кейіннен филиал болды) 1987 жылдан басқарып келдім. Жанашыр әкім-қаралар облыстық “Орталық Қазақстан” газетіне «тіркеп қойған». Тиын-тебенді содан алам. Еркін шығармашылық жұмыс болды. Қасымның 80 жылдығынан бастап, 100 жылдығына дейін алты Алашқа азан сап өткіздік. Бірде облыс әкімінің шығармашылық өкілдермен кездесуінде «Қаныш Сәтбаевтың Бұқар жырау даңғылындағы ескерткіші де ұнамайды…» дегенбіз. «Неге?» – деді әкім жұлып алғандай. «Бұл Жезқазғандағы ескерткіштің нашар көшірмесі… Ағылшынның атақты аристократы, Англияның Премьер-Министрі Уинстон Черчилль Қанекеңді алғаш көргенде: «Қазақтардың бәрі де Сіздей еңселі ме?» – деп сұрағанда, ол «Ең аласасы мен едім…» деген ғой. Қанекеңе өзі сынды асқақ ескерткіш қою керек Арқаға».

Қазір сол ерен ескерткіш – еңселі бейне Қарағандының керуен сарайында қалың жүргіншіні қарсы алып тұр.

Қаздауысты Қазыбекке ескеркіш орнату қаһында мәселе көтердік. Облыстық әкімшіліктің алдынан! «Неге тура сол жерге орнатқыларыңыз кеп тұр?» – деп сұрады сол кездегі облыс әкімі. «Сіздердің ғимараттарыңызға кіріп бара жатқан әкім-қаралар Қаздауысты Қазыбектің қасынан өтіп бара жатқанда, аздап ойланып, толғанып кірсе деп едік…» дедік біз. Әкім аталы сөзге ұйып қалды…

Бұ жақта филиалдың тындырған шаруасы жетіп артылады. Қарағандыға жолы түсіп бір келген сапарында менің құрдас-сырлас досым Несіпбектің (Айтұлы) Қарағанды мемлекеттік университетінде тебірене сөйлеген сөзі бар еді: «Қазір Қарағандының әдеби ортасы алдына қара салып тұрған жоқ. Мұндай тегеурінді жас ақындар шоғырын Қарағандыдан басқа бірде-бір облыстан кездестірмейсіз. Тіпті, ұлы Абай, Мұхтар, Шәкәрім шыққан біздің Семейде де жоқ. Кезінде қазақ даласында Абай қалыптастырған ақындар мектебін. Көзіне мақтады демеңіздер, Қараған[1]дыда мұндай орта қалыптастырып отырған – мына менің досым, ақын Ақсұңқарұлы! Оның қадіріне жетіңіздер!».

(28.12.2018 ).

Қадірге жетуді айтасыз… Осындағы бас-аяғы он шақты жазушы Қарағанды облыстық филиалы жөнді жұмыс істемейді деп арыз жазды да отырды. Қажыдым… Ғалым Жайлыбай екеуміздің ұсынысымызбен «Сарыарқаның 100 томы» жалғанның жарығына шықты. Қаламдастардан алғыс аламыз деп ойлап едік, қарғыс алдық: жалпы, жинаққа шыққаны: «Неге бізге бір томын қимаған?» – десті, бір том иеленгендеріне екі том, екі томы барларға үш том керек көрінеді. Тургеновтің «провинциялық батпақ» – дегені бар; сол батпақ мен туған жерде де жалпайып жатыр екен…

Жазушылардың Құрылтайы алдындағы Пленумға қатысып, Нұрлан Оразалинге: «Сіздің үстіңізден жүз шамалы жазушы арыз айдаса, маған мына он шақтының өзі маза бермей жүр. Босатыңыз мені!» – деп едім, «Сені босатып, мен елдің бетіне қалай қараймын?!» – деді. Төрағаның бірінші орынбасары Ғалым бауырым да, менің мерейтойым өткенше қоя тұрыңызшы деп базына айтты.

Ұлықбектің сайланатыны белгілі болып, Одақтың он бесінші Құрылтайы өткелі жатқанда оған да осы тілегімді жеткізгем, ол да көнбейді. «Ұлқаш-ау, дедім, ең болмаса өтінішімді оқып берейінші». «Ал, оқышы» Мен оның жастарды жақсы көретінін жақсы білем, Қадырдың «О, сұмдық-ай, сұмдық-ай! О, ант атқан, ант атқан, Осал жерін ерлердің қалай ғана дәл тапқан? – дегені бар ғой, ұрымтал тұсын дәл таптым: «… орынды менен көрі жастау, менен көрі талантты, менен көрі қайратты жасқа беруіңізді сұраймын» деген жерін оқып едім, Ұлқашым сылқ ете түсті: «Бар ма ондай жас оғлан?!» – деді. «Бар! Серік Сағынтай! «Қасым» журналының Бас редакторы!» – дедім. «Келістік!».

Жазушылар одағының филиалы

Қазақстан Жазушылар одағының филиалы,

Етек-жеңін енді кеп жинады.

Оны қинаса,

Совет өкіметі қинады;

Қаздауысты Қазыбектен

Мирасқа дейінгі буынның жүз томын,

Оған Тәңірі сыйлады!

Қазақстан Жазушылар одағының филиалы,

Етек-жеңін енді кеп жинады.

Мен оған сыймасам қайтейін,

Бір кезде Жақаң да* сыймады…

Жарқырап Күн дидары,

Етек-жеңін ел жаңа жинады.

… 70-ке, 80-ге келгенше жазбаған дүниеңді,

Жазып бере ме –

Жазушылар одағының филиалы…

*Жайық Бектұров – Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды-Жезқазған облыстық бө[1]лімшесінің жауапты хатшысы (1957-1990 ж.ж.).

– 4 –

Шешемнің әкесі Рамазан төрт жасында кісі қолынан қаза болса, Рамазанның әкесі Кешінбай, анасы Сара апай да 90-ға тақап дүниеден көшкен. Шешем де ұзақ жасаушы еді, 25 жылдай демікпе деген кеселге ұшырап, ақыры сол алып кетті.

Таубайдан тоғыз ұл туған. Бертінге дейін қуғын-сүргінде жүрген. Бұлар төре Әлихан Бөкейхан ауылының қожалары. Мекені Арқаның Жыланды тауы. Ұлы аталары Құлжада би болған, сүйегі сонда қалыпты. Соның бір тұяғы Сәуле Мешітбай тәтем – Жамбылда. Қытайдан да, советтен де қуғын көрген тұқым. Әкесіз қалған жетім қыз, шешесі басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткен соң, бір әйелі өліп, екінші қатынынан айырылысқан Ақсұңқарға 16 жасында тұрмысқа шыққан (1944 ж.). Әкем «сенің шешеңді жүз қыздан таңдап алдым!» – деп, мақтанып отырушы еді…

Шешем қатал, туасы аристократ, әйел затының сұлуы болған, діндар адам еді (1928-2003 ж.ж). Мендей емес, тұңғиық, терең, тәкаппар. «Сен әкеңе тартқан ұшқалақсың!» – деуші еді. Елді мысы басып отыратын… Маған ақындықтың желігі Мекке-Мәдинадаға жырмен түзіліп, Көктен түскен Құранды зердесіне құйып алған нағашылардан жұққан болуы керек. Түп атам қырғыздан Арқада Шөжеден басқа жөні түзу шайыр көрінбейді…

«Қызға қарап қайтеді, Домбырасы бар кісі?!» – деп Жұмекен (Нәжімеденов) айтпақшы, мен қара өлеңнің соңына түсем деп, 30 жасымда 1980 жылы әзер үйленгем. Не бір аруға ғашық болғанымды ұмытып… Ғалияшқа тоқтадым… «Таланттың кім екенін анықтау оп-оңай – дейді Михаил Жванецский. Қараңыз, оның қасында қандай әйел жүр екен? Пушкиннің қасында Есениннің, Высоцкийдің қасында қандай айдай арулар жүрді? Ал, сонсоң, Сталиннің қасында, Хрущевтің, Брежневтердің қасында қандай әйелдер жүргенін есіңе түсіріп көрші. Олардың қасында ондай арулар жүрген жоқ қой?!». «Из жён надо выбирать весёлых. Из весёлых умных. Из умных нежных. Из нежных верных. И терпеливых» – дейді ол тағы да ағынан жарылып. Тағдырдың жазуымен маған солардың сұлуы, көңілдісі, ақылдысы, нәзігі кез болды ма? О жағы кесіппішіп айта алмаймын. Бірақ, ең адалы, ең төзімді, ибалы, имандысы тап болды – Ғалияш. Тәңіріме тәубе, тағдырыма ырзамын: Ақынға жарды Алла таңдап береді екен.

Әкейдің ЦК-ның Бас хатшысы болады деген арманы өзімен бірге кетті… Шешем – ауру. Төрт ұлдың үлкені – мен. Өлеңімді жазған бетте ылғи шешеме оқушы едім. 1978 жылы армияда, Ресейдің Пенза дейтін қаласынан «ХХ ғасырдың 20 сәтін» жазып келіп, Тәтеме: «Мұқағалидан кейінгі мықты ақын менмін!» – деп мақтанғанымда о кісі: «Алдыңда Абай тұр ғой! Алладан ұят болады! Өзіңді өзің мақтама, өзге біреу айтсын» – деген.

Содан бері мақтан атаулыға тым салғырт һәм күдікпен қараймын. Осы жасымда өлеңді (Алланың хикметін) тақпақпен (пенденің гөй-гөйі) шатастырмаған екі-үш-ақ кісі көрдім, шешем Һалифа, Нұрмахан Оразбек, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Құл-Мұхаммед…

1986 жылы Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Сайын Мұратбеков пен Дәуітәлі көкем мені Олжас Сүлейменовке алып кірген. Қасында Тұмаға (Тұманбай Молдағалиев) отыр екен. Ол кісі үшінші хатшы. Үшеуі менің мақтауымды асырып жатыр.

«Өлең оқышы» – деді Олжекең гүр етіп.

«Арғымақтарды» оқи жөнелдім.

«Сұңқар ақын екен!» – деді Олжекең тағы да гүр етіп, сөзін сойыма қарап айта салған болуы керек.

«Мені қалай ұмытып қалған?» – деп ойлап тұрмын ішімнен, жас ақын атаулыға тән менмендігіме басып, «1974 жылы Павлодарда өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінде Қуан (Қ.Шаңғытбаев) аға таныстырып еді ғой».

«Мұны жедел түрде одаққа өткізу керек! – деді Сайын ағаға қарап, – неше кітабың шығып еді?».

«Бір-ақ кітап – дедім мен, – «ХХ ғасырдың 20 сәті» деген…»

«Үш кітап керек қой – деді Сайын ағам күмілжіп, – әйтпесе Мәскеу бекітпейді».

«Үшеу деп жаза салыңдар» – деді Олжекең Тұмағаға.

«Бұл менің шәкіртім ғой. Талантты шәкіртім! Қырыққа да келіп қалды өзі…» – деді Тұмағам. Онысы – жас емес, толысқан ақын дегені…

Сонымен, мен СССР Жазушылар одағының мүшелігіне 1986 жылы өттім. Желтоқсан оқиғасының ушығып тұрған кезі, орыстан басқа ұлттарға ала көзбен қарап тұрған уақыт… Онда Дәуітәлі (Стамбеков) одаққа әлі өтпеген. Мінезімен көп пендеге жақпай жүрген шағы, маған ыңғайсыздау болған… Сонда оның Одаққа өзі өткендей қуанғаны әлі есімде: «Мені қойшы… Мен өтем ғой. Ауылда жүрген сенің өткенің дұрыс болды ғой» – деп еді.

Әлі есімде, 90-шы жылдардың тұсы. Қазақстан Жазушылар одағының бір құрылтайы өтіп жатқан. Империя құлап, баяғы құндылықтар аяқтың астында қалған шақ. Гу-гу еткен ел… Түр-түсі бейтаныс, кеуделері аяқ-қаптай ақын-жазушылардың қарасы да көбейіп кетіпті. Темағам (Медетбек): «Серік, бері келші» – деп мені қасына шақырып алды, – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері бөлек тұр ғой.. Біз, СССР Жазушылар одағының мүшелері, бірыңғай, бөлек тұрайықшы».

Әдебиет атаулыдағы алтын айдарлы жанр осы Ұлы Мәртебелі Поэзия екенін ешкім де жоққа шығара алмас. Адамзат қауымдастығының алғашқы бірлестігі тайпалық қоғамда да көмейінен небір інжу-маржан жыр төккен арқалы ақындар болған шығар. Бірақ, тарихта солардың бірде-біреуінің аты-жөні қалмағаны қалай? Әргі-бергі әдебиет тарихын зерттеушілердің бірде-біреуі осы сұраққа әлі күнге дейін жауап іздеп көрмепті. Ойланатын-ақ мәселе. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомер құл иеленушілер заманында дүниеге келген. Бұл – тарихи факт. Күнделікті күйкі тіршіліктегі материалдық игілік, дүниеуй мәселелердің басын қайырып, өзін бір сәтте болса да тұрмысқа тәуменді емес тәуелсіз тұлға ретінде сезінген құл иеленуші өз жүрегінің лүпіліне құлақ аса бастаған кезде Ақын атаулының қадір-қасиетіне жетті. Сөздің қадірін біліп, қасиетін бағалады. Жерден жеміт теріп, жеуді ғана ойлайтын құл мен күңнің баласы өзінің қу қарақан басын көтере алмай жүріп, өлеңді қайтушы еді. Қазір де – солай!.

Дүниежүзілік поэзияда поэма жанрының не бір шедевр (Жұматай Жақыпбай оны «шақһар» деуші еді) үлгілері Батыс-Шығыста да баршылық. Соның ішінде менің жаныма жақыны А. Блоктың «Скифтері» («Мильоны – вас. Нас – тьмы, и тьмы, и тьмы…»). Поэма деген, міне, осындай болса керек-ті! Не деген кең кеңістік! Түбіне өлең ғана бойлайтын тереңдік! Әрі – қысқа, әрі – нұсқа. Поэманың қазақша атауы – Жыр ғой!

1991 жылғы тамыз бүлігіне дейінгі аралықтағы орасан зор тарихи оқиғаларға қарамастан Россия екі-ақ заманда, Пушкин дүниеге келгенге дейінгі және Пушкин дүниеге келгеннен кейінгі Россияда өмір сүріп келеді. Біздің исі қазақ та Абайға дейінгі һәм Абайдан кейінгі қазақ болып қаққа бөлінеді. Біз Пушкиннен кейінгі, Абайдан кейінгі заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Олардың өр рухы өзегімізге өрт салмаса – өз обалымыз өзімізге! Құран мен Абайды ертеректеу оқығанда өлең жазбай кетуші едім. Бас хатшы болмасам да, П.Неруда сынды бір елге елші болар ма едім, кім біледі?!.

90-шы жылдары «Қазақ әдебиетіне» (Бас редакторы Оралхан Бөкей) Қарқаралыдан бір топ өлеңдерімді (топтама) жіберіп, күтіп жүргем… Газет ол кезде Қарқаралыға шыққан күні жетеді, жұмада «Қазақ әдебиетін» айқара ашып жіберсем, екі бетін еңсеріп, «Қабіріңе қоям бес шоқ қара гүл…» тұр! Ол кезде қалта телефон деген жоқ. Жұмысына телефон шалып, рахметімді жаудырып жатсам: Орағам: «Мен бұл жырды жаттап алып, айтып жүрем!» – деді сүйсініп. Содан бір күні Үндістанға кетіп барады деп естігем… Қайтып оралмады… Қайран, Орағам…

Менің шығармашылығыма ерекше назар салып, қанатыма жел берген Қуан-аға (Шаңғытбаев), Тұм-аға (Молдағалиев), Мұхтар аға (Мағауин), Нұр-аға (Н.Оразбек), Шер-аға (Мұртаза), Әбіш аға (Кекілбай), Жұмекен аға (Нәжімеденов), Фариза әпке (Оңғарсынова), Сәкен аға (Иманасов), Марал аға (Ысқақбай) менің жүрегімнің төрінде тұр!

2018 жылға сом бір жинақ («Уа, Ақсораң») дайындап өткізіп, ғұмырымда бірінші рет қомақты қаламақысын да алып алғам, сол дүние енді біздің меншігіміз емес көрінеді, мемлекеттікі екен. Сол қолжазба биыл «Дәуір» баспасынан әзер жарық көрді. Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырым: «Басқа сатса да, өлеңді сіздің сатуға қаһыңыз жоқ еді ғой?!» – дегенде, қара жерге кіріп кете жаздап едім…

Өмір деген қас пен көздің арасы. Есіктен төрге шыға салғандай-ақ болды. Соның көбін шарап ішіп шалқып, пендемен пенде болып тантып… босқа өткізіппін. Өкінішті! Енді Алладан он жыл сұрап отырмын. Берсе…

Мағауин маған айтқан: «Арқаңа аруақ қондырған – Алла! Ендеше Ол жазған-сызғаныңның жарыққа шығуына мүмкіндік беретін ғұмыр-жас та береді» – деп.

Кейінгі кезде Абай мен Мағауинге Аллаға сенгендей ұйып барам…

Оқымыстылар бір өлген марқұмның мәйітін крематориге алып келіп, өртейін деп жатса, әлгі өлі дененің оттан қорқып, қалшылдаған кезін байқап қалыпты:

Тозақ өрті

Мына Марқұм өртенерде, расында,

Шошып кеткен…

Миы жоқ па басында?!

Крематорий оты деген немене,

Күйіп тұрған сойқан өрттің қасында?!

Өлгеннен соң, шірік өкпең сырылдап,

Иттей кешкен ғұмырың да ырылдап! –

Қалады екен қара жерде! Ғарышқа –

Шыбын жаның ұшады екен шырылдап…

Тәніңе ие болады екен молда кеп,

Жан кетеді: «Бөрі азығы – жолда» – деп.

Шыбын жаным, он шақты жыл жүре тұр,

Сонан кейін, қайда кетсең, онда кет…

Атыраудан Алтайыңды шолып кеп,

Енді мұнда жүре берме тоңып көп;

Жаназаңды шығарғанша, асықпай,

Ақсораңға бір-екі күн қонып кет.

Уақыт бере қойса соған, ай, Алла,

Мен де біраз жүрейінші саяңда.

Қарқаралыдан өтер тұста, асықпа,

Жиренсақал Әулиеге аялда.

Уақыт болса, біраз сайран саларсың,

Асықпағай, барар жерге барарсың;

Жетісудан өтер тұста, өкіріп,

Жер бетіне бір құлдырап аларсың.

Алып кетсе қайтем ертең жүр демей,

Сайрап тұрған кезде айтайын тіл-көмей:

Тәңірі егер мен жайында сұраса,

«Жақсы еді…» – де,

Үндемей ғап жүрмегей!

«О, Тәңірі!

Өзің ғана қолда!» – деп,

Жүрсең, нәсіп болады екен сонда көп.

Шыбын жаным оншақты жыл жүре тұр,

Содан кейін, қайда кетсең, онда кет…

Мына заман мені де бұзып қойған: ақ қағазға қаламсаппен үңілмегеніме 7-8 жылдай болып қалды. Бәрібір «Қауырсынын қолыңа алып ақ қаздың» (Қасым), қаламмен жазғанға түк жетпейді екен.

 Әлеуметтік желілерде кілең «Заманның жеңіл ауыз джентельмендері» (Қасым) отыр екен. Бәрі шетінен шешен һәм көсем боп алған. Олжастан бастап, Әбішті қоса қаралайды… Олар – Айсберг қой. Ел оның мұздықтың бетіндегісін көреді де, тереңіне үңіле алмайды. «Сені де жамандап жатыр» деген соң, еріксіз кіріп едім, шыға алмай қалдым, апиын секілді өзіне арбап, тарта береді екен… Содан «Фейсбуктегі фәни жалған» атты кітап та жазып қойдым (253-300 беттей). Хосе Ортега-и-Гассет айтатын тобырдың көтерілісі («Восстание масс») қазаққа да келді!

Жалғасы бар.

Басқа материалдар

Back to top button