Жаңалықтар

Депутат мүддесі – халықтың әл-ауқаты

Халық депутатқа жүгінеді. Ал, депутат өкілеттігі шеңберінде көтерілген мәселенің шешілуіне атсалысуға тікелей міндетті. Демек, өзекті мәселелер мен қордаланған проблемаларды реттеуде халық пен билік арасында алтын көпір болған облыстық мәслихаттың кезекті сессиясынан тұрғындар үлкен үміт күтетіні сөзсіз. Облыстық мәслихаттың кезекті Х сессиясы офлайн және онлайн режимінде өтті. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шешімдердің сапалы орындалу барысы туралы айтылған жиынға аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК, басқармалардың, департаменттердің, құқық қорғау органы басшылары, Қоғамдық кеңес өкілдері қатысты.

Депутаттар ақылауында

– Денсаулық сақтау, техникалық және кәсіптік білім беру, экология, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құрылысы, автомобиль жолдарын дамыту, жолаушылар тасымалы, дене шынықтыру және спорт, жастар саясатын және туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша бұрын берілген депутаттық ұсынымдарды іске асыру депутаттардың бақылауында. Қабылданған шешімдерді сапалы іске асыру облыстық мәслихат қызметінің негізгі басымдығы болып табылады, – деп атап өтті, сессияға төрағалық еткен облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Қарағанды облыстық мәслихатының шешімдерінің орындалу барысы туралы облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Қайрат Нүркенов баяндады. Оның айтуынша, 2021 жылы облыстық мәслихат 141 шешім қабылдаған. Оның ішінде процедуралық сипатта – 45, құқық нормаларын қамтитын – 22 шешім бар. Одан бөлек, 6-шақырылымда қабылданғандарына қадағалау жүргізу де жалғасуда. Мәселен, бүгінгі күні аппарат қадағалауында 10 іс болса, оның 7-і – алтыншы шақырылымда қабылданған.

Қайрат НҮРКЕНОВ, облыстық мәслихаттың аппарат басшысы:

Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 47 ұсыным орындалды. 73-і орындалу үстінде. Ал, 3-і алынып тасталды. Барлық тапсырмалар мен шешімдер облыстық басқармалар мен департаменттер, сондай-ақ, қала және аудан әкімдіктері тарапынан орындалуға жатады.

Сондай-ақ, Қайрат Нүркенов облыста денсаулық сақтау саласын, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, жолаушылар тасымалын, тұрғын үй құрылысын, жастар саясатын, денешынықтыру және спортты дамыту мониторингін жүргізу жалғасатынын айтады. Сәйкесінше, облыстық мәслихаттың міндетінде 46 тапсырма мен 6 шешім бар. Олардың барлығы бейіндік тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралған.

Әлеуметтік салада әр мәселе маңызды

Сессияда сондай-ақ, депутаттық корпустың өткен жылы атқарған жұмыстары туралы тұрақты комиссиялардың есептері ұсынылды. Алғаш сөз алған әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанованың айтуынша, есепті кезеңде 12 отырыс өтіп, 19 мәселе қаралған. Басты мәселесі – мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, тиімді әлеуметтік саясатты жүргізу шаралары болған комиссия жұмысының дені өңірлердің өзінде қаралады. Сәйкесінше, проблемалық мәселелер жергілікті атқарушы органдармен және тұрғындармен алдын ала талқыланады. Олардың қатарында жастар арасындағы жұмыссыздық, әлеуметтік осал топтарды қолдау шаралары, МӘМС аясында тегін медициналық көмек алу, ауыл кітапханаларын материалдық-техникалық базамен жабдықтау бар. Облыстық мәслихат қабылдаған 4 шешім негізінде жолданған 48 ұсыныстың 21-і атқарылып, 27-і биыл толығымен жүзеге асырылмақ.

Жұмыс регламентіне сәйкес, бірінші кезекте, біз партияның қоғамдық қабылдаулары және «Мәселелер мен бастамалар пулы» арқылы халықпен кері байланысқа назар аударамыз. Бейінді комиссия депутаттары 53 қабылдауда 130 өтініш қарады, – дейді Қадиша Оспанова.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында комиссия осы жылға арналған жұмыс жоспарларын қайта қараған. Азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды трансформациялау үшін дөңгелек үстел өткізіп, ұсынымдар әзірлеген. Одан бөлек, жастар саясаты, жастарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша көпшілік тыңдаулар, депутаттық сағат және депутаттық фракциялардағы өзекті мәселелерді қарау да комиссия жоспарында.

Облыстық бюджет мәслихатсыз қабылданбайды

2021 жылы облыстық бюджет 4 рет нақтыланды. Оған жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде қаржыландырылатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, әлеуметтік саланы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға байланысты мәселелер және басқа да негіздер негіз болған. Осыған орай, Бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қайрат Біржанов 74 түрлі мәселе қаралған 13 отырыс, оның ішінде 7 бейінді комиссияның отырысы ұйымдастырылып, өткізілгенін айтады. Мысалы, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында тұрақты комиссияның отырыстарында және облыстық мәслихаттың сессияларында бұл мәселе 5 рет қаралған. Қабылданған шешімдерге сәйкес облыста іске асыруға жоспарланған МЖӘ жобаларының жалпы саны – 66. Нақты айтар болсақ, білім беру саласында – 10, денсаулық сақтау саласында – 52, спорт саласында – 3 және тілдерді оқыту бойынша қызметтер көрсету саласында 1 жоба.

Одан бөлек, облыстық бюджеттен қаржылай көмек көрсетілетін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қызметінің тиімділігін бағалау мәселелері де ерекше назарда. Тіпті, депутаттық корпусқа «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру жөніндегі қызметіне ерекше назар аудару ұсынылып, бұл кейіннен облыстық бюджетте көрініс тапқанын да айтады Қайрат Біржанов.

Есепті кезеңде депутаттар дені оң шешімін тапқан 89 өтініш қарап, 72 сауал мен хат жолдаған. Одан бөлек, сайлаушылармен 54 кездесу, 43 жеке қабылдау өткізіліп, 66 азамат қабылдаған.

Депутат мандаты зор жауапкершілік жүктейді

«Депутат болу – ең алдымен, сайлаушылар мен қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік» дейді Өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық және жер мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Серғазы Әдекенов. Комиссия жұмысында аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, индустриялық-инновациялық саясат, бизнес-қауымдастықтардың жергілікті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту, өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыру, жер ресурстарын ұтымды пайдалану, жердің сапалық жай-күйін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша өңірдің эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мәселелерін қарайды. Мысалы, өткен жылы комиссия төрағалығымен 7 отырыс өткізіліп, 16 мәселе қаралған. Олардың дені – кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді төмендетуге, ауыл шаруашылығы өндірісіне, жастар кәсіпкерлігін дамытуға және оларды облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді тартуға, сондай-ақ бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағаларын реттеуге, ішкі нарықты жоғары сапалы, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерімен молықтыруға қатысты мәселелер.

Сессия соңында облыс басшысы Жеңіс Қасымбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға тоқталып, елімізде үлкен саяси реформалар басталғанын айтты. Осы орайда, мәслихат жергілікті билікпен ынтымақтаса жұмыс жасап, аталған реформаларды насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңыздылығына тоқталды.

– Алдымызда үлкен жұмыстар бар. Жолдауда облысымызға да қатысты шешім қабылданды. Жаңадан Ұлытау облысы құрылатын болды. Ол да үлкен жұмыс. Осы орайда мәслихат депутаттарымен бірлесе жұмыс істейміз деп үміттенемін, – деді ол.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button