Жаңалықтар

«Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!»

Қазақ әйелінің күйбең тірлігі әркімнің көз алдында. Ауылдағы әйелдің жұмысы, тіптен, көп. Сіз сиыр саусаңыз да, үй жинап, тамақ пісірсеңіз де, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шықсаңыз да әрбір сәтті қалт жібермей, ұялы телефонға шырт еткізіп, әлеуметтік желіге бөлісе аласыз ба? Әсте, мүмкін емес нәрсе. Көп әйел көптің алдына шығуға қымсынады, одан қалды бітпейтін тірліктің екі шылбыр, бір тізгінін ұстап, соңынан кете барады.

Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қаражал қаласына қарайтын Ақтай ауылының тұрғыны Әсем АХАНОВА қатып-семіп қалған сеңді бұзып, өзінің Instagram парақшасында ауылда тұратын келіннің бейнесін көрсетіп, көпке үлгі қылып жүр.

Әсем ауылда тұрады. Жолдасымен шаңырақ құрғандарына биыл 4 жыл. Оның екінші жұмысы – блогерлік – 2019 жылдан басталса керек. Ауылдың интернеті белгілі ғой, бірде ұстап, бірде ұстамайды. Бастапқыда интернеттің жоқтығынан әлеуметтік желіден қол үзіп, ойда бар істің орайы келмей қояды. Десе де, кейіпкердің өзі айтпақшы «Адам жаны нені қаласа, соны жасауға талпынады».

Бүгінде Әсемнің танымалдылығы зор. Оның әлеуметтік желідегі шынайы өмірі көпті сүйсіндірді, қызығушылығын оятты. Тіпті кейбіреулердің ауылға деген сағынышын маздатты.

Ауылдың тірлігі қызық болады деп ойламаппын. Блог ашу бұрыннан ойымда болды. Оңтүстік жақта келіннің блог жүргізуі бұрын басталып кеткен еді. Ал, мен «Орталықта мұндай неге жоқ?» деп, осы істі қолға алуды жөн көрдім. Алғашында қандай бағытта бастайтынымды да білмедім. Ауылдың өмірі ешкімге қызық емес шығар деген ой болды. Келе-келе ол ойымнан біртіндеп арылып, үйдегі тірлігімді түсіріп бастадым. Өзімнің өмірдегі қалпымды шынайы көрсетуге тырысып, үй киіміммен, халатпен (келінді халатсыз елестету мүмкін емес) Stories түсіріп, фото жариялап жүрдім. Сөйтіп, ол менің қалыпты ісіме айналып кетті, – дейді блогер келін.

Парақшаны ашып қарасаңыз, тұнып тұрған ауылдағы қазақ әйелінің өмірі. Сиыр сауу, бала бағу, үй жинау, тамақ пісіру, үйдегілерге шәй беру т.б. «Осыншама жұмыстардың арасында бейнебаян, фото түсіріп, оны жариялап қалай үлгересіз?» дегенімізде, «бәріне бірдей үлгеруге болады» деп жауап берді. Басқа әйелдер сияқты таңертең ерте тұрып, тірлікке араласып кеткен соң, арасында уақыт тауып, осы ісін қолға алады екен. Шаруасын істеп жүріп, түсіріп үлгерсе де, оның монтаждалуы бір бөлек әңгеме. Кей кездері үй шаруасына үлгермей жатса, қол ұшын созатын жақын жандарының бар екенін айтты.

Оның жазбаларын оқып көрдіңіз бе? Оның таңдауынан, ойынан, сөзінен даналықтың лебі есіп тұрады. Өзінің айтуынша, жазбаларды өзі жазады екен. Кейбір кезде танымал қаламгерлердің сөзімен өрбітеді. Соның арасынан ұнатқанымыз мынау болды: «Әйелді биіктететін де, еркекті табындыратын да – оның адалдығы. Әйел мақтанса, адалдығына мақтануы керек», – деген Б.Нұржекеевтің шығармасынан алынған жазбасы.

Рас, әйелдің адалдығы маңызды. Жолдасының қас-қабағына қарап, қамын күйттеп жүрген әйел қазір бір жыл тұрып, ажырасып жатқан жастарға үлгі боларлықтай.

Қазақ әйелінің ең жақсы қасиеті – оның мықтылығында, сынбайтынында. Біздің қазақ «Әйелдің қырық жаны бар» дегенді бекер айтпаса керек-ті. Кей кездері осы «әйелдерге ауыруға да болмай ма?» деген ойға қаласың. Неге? Өйткені, тірліктің бәрі әйелдерге қарап тұр. Осындай ойдың жетегінде жүрген әйелдердің барлығы Әсем сияқты істеген ісін түсіріп, жариялап жүрген жоқ. Оған уақыты да тапшы. Қала келінінің өзі уақыт жоқ деп, кей жұмыстарына үлгермей жатса, жұмысы көп, бітпейтін ауыл тірлігінің шаңына көміліп жүрген келін ауылда тұрып, блогерлік іспен айналысса, бұл көпшілікті ойландыратын нәрсе…

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген осы да.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button