Жаңалықтар

Балықшының жайын кім ұғар?

Мемлекет басшысы азаматтардың өтініштері мен арыздарын әділ қарауға ерекше назар аударады. Халықпен жұмыс барынша жоғары деңгейде болуы өте маңызды. Сыпайылық пен адалдық, ақпараттың ашықтығы мен толықтығы – адамдармен жұмыс істеудің стандарты болуы тиіс. Халықпен тиімді кері байланыс, қоғамдық диалог, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қою басты басымдықтар болып табылады.

Мен, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты ретінде, балық аулауды атакәсіп етіп келе жатқан қарапайым балықшылар отбасының балық аулау саласындағы соңғы онжылдықтарда жинақталған барлық сұрақтары мен мәселелерін қарастыруды толықтай қолдаймын.

Биылғы жылдың 9 ақпанында Шашубай кентінің Мәдениет үйінде бірінші кездесуде балық аулау кәсібімен айналысатын Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының Балқаш көлі жағалауындағы ауыл тұрғындарының өтініштері тыңдалды. 250-ге жуық қатысушы балықшыларды толғандыратын өткір мәселелерді көтерді. Балықшылар көтерген мәселелерді атқарушы және ведомстволық органдарға жеткізу туралы шешім қабылданды.

Облыс әкімінің орынбасары С.Шайдаровтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің Төрағасы Н.Жүнісовтың, «Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы» АММ басшысы А.Сүйюбаевтың, «Балық шаруашылығы ҒӨО» Балқаш филиалының директоры Е.Құматаевтың, үш облыстық басқарма басшыларының және тағы басқаларының қатысуымен онлайн режимде бірнеше жұмыс кеңестері өткізілді.

Оған қосымша ретінде түрлі балық аулау пункттеріндегі балықшылардың бастамашыл топтарымен бірнеше жұмыс кездесулерін өткіздім.

Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі балықшылар қауымдастығының үкіметтік емес секторының басшылары мен мамандарынан, заңгерлерден, балық аулау ардагерлерінен және басқалардан кеңестер алынды. ҚР кәсіптік балық шаруашылығы заңнамасының интернет ресурстары мен нормативтік-құқықтық базасы зерделенді.

Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша депутат, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы А.Қожахметовтың атына депутаттық сауал жолданды.

Балықшыларды толғандыратын сұрақтар:

1. Балықшылардың көтерген мәселелерін заңнамалық шешу кезеңінде тиісті органдар бекіткен балық аулағаны үшін уақытша өтем алымын төлеген жағдайда балықшыларды қудалауға және оларды қандай да бір жауапкершілікке тартуға мораторий жариялау.

2. Моноталшықтан жасалған синтетикалық ауларды және қалыңдығы 0,5 мм-ге жетпейтін кез келген диаметрдегі моножіптерді пайдалануға рұқсат ету. 100 миллиметрге жетпейтін ұяшықтың өлшемдеріне рұқсат беру.

Осы өзгеріс Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 18-04/17 бұйрығымен бекітілген «Қолдануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдары мен тәсілдерінің тізбесіне» енгізу.

3. Көксеркені аулауға лимиттер көбейтілсін. Шын мәнінде, ол аулау туралы есептерде көрсетілгеннен әлдеқайда көп ұсталады. Бұған көксерке экспорты бойынша ресми статистикалық деректер дәлел бола алады. Көксерке лимиттерінің ұлғаюы балықшылардың су айдындарындағы сыбайлас жемқорлық жағдайларын болдырмайды.

4. Балық кәсіпшілігі учаскелері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 18-04/245 «Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру жөніндегі байқауды өткізу қағидаларына және байқауға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес бекітіледі.

Осы Ережелерге сәйкес учаскелер аукцион әдісімен, яғни алдын ала белгіленген бастапқы бағаны көтеру арқылы сауда-саттықта белгіленеді. Бағаны көбірек белгілеген адам жеңеді. Аукцион әдісін жою керек, ол қарапайым балықшылардың көпшілігіне қолжетімді емес.

Жеңіске жеткен учаскелердің «иелері» көп жағдайда нақты балық аулаумен айналыспайды, олар рұқсаттарды қарапайым балықшыларға қайта сатады. Бұл сыбайлас жемқорлық, бұқаралық және жаппай құқық бұзушылыққа алып келеді.

Кәсіпшілік балық аулау барлық ықтимал байқау қатысушылары үшін қолжетімді болуы тиіс. Жағалау аумақтарында тұратын тұрғындар үшін, негізінен ауылдық өңірлерде орналасқан шалғайдағы балық аулайтын елдімекендердің тұрғындары үшін қолжетімді болуы керек.

5. Байқау қорытындысы бойынша жеңіске жеткен балық және оған іргелес жағалаулық жер телімдерін 49 жылға жалға беруді жою керек. Біріншіден, рұқсаттарды қайта сату қосалқы мердігерлерінің көп сатылы сызбасын болдырмау үшін, екіншіден, барлық төлемдер тікелей бюджетке түсуі үшін, үшіншіден, балық аулағаны үшін өтемақы алымын төлеу арқылы қарапайым балықшылардың көпшілігіне кәсіпшілік балық аулауға қол жеткізуге мүмкіндік беру үшін балық аулауға рұқсат беру толығымен мемлекеттік органдарға берілсін. Бұл заң бұзушылықтарды қысқартуға мүмкіндік береді.

6. Алматы облысы Балқаш ауданының аумағында жолбарыс популяциясын қайта түлету үшін құрылған «Іле-Балқаш» резерватын тексеру үшін қоғам мүшелері мен балықшылардың қатысуымен бірге мемлекеттік комиссия құрылсын. 2018 жылдан бері 40 жылға арналған осы бағдарлама бойынша жүргізілген жұмыстардың барысы туралы қалың жұртшылыққа еш ақпарат ұсынылған жоқ. Бұған салынған бюджеттік және шетелдік қаражаттың тиімділігі қандай?

7. Жағалау аумағында балықшылар үшін лагерьлерді ұйымдастыруға рұқсат етілсін. Аққұм түбегінің аймағында Орлиное және Ұзынарал шығанақтары шектеулі шаруашылық қызмет жүргізуге болатын буферлік аймақ болып табылады. Онда балықшылар тек қайықтарды қоюға, балық аулау құралдарын сақтауға және түнеуге арналған тұрақтарға ғана ие, өйткені әрдайым тұрақты тұратын мекенжайларына 40-50 шақырым су жолымен барудың мағынасы жоқ. Сонымен қатар су қоймасындағы ауа-райы да үлкен рөл атқарады, желдің қатты толқуларынан балықшылардың паналап, жасырынатын жері жоқ.

8. Балықшылардың «тынысын тарылтып», тексеруші құрылымдар тарапынан заңды бұзу фактілері орын алған балық шаруашылығы инспекциясының, табиғат қорғау полициясы, көлік инспекциясының, қорықшылардың және тағы басқа балық ресурстарын пайдалануды бақылау және қадағалау бөлігіндегі көптеген тексерулер мен өкілеттіктерді ретке келтіру. Балықшылар арасында алдын алу және ескерту шараларын көбірек жүргізу.

9. Уылдырық шашуға тыйым салудың маусымдық күндерін елдің әртүрлі аймақтарындағы маусымдық-климаттық жағдайларға және балықтардың уылдырық шашу дайындығына байланысты өзгерту.

10. Мелиорация және балықты көбейту жұмыстары көп жағдайда әдемі сөзбен қағаз жүзінде жүзеге асырылады. Шын мәнінде, балықшылар бұл жұмысты су қоймаларында көрмейді.

11. Балықшылар балық аулау кәсібін дамыту үшін мемлекеттен субсидия алмайды.

12. Әкімшілік жазаға қолданылатын қылмыстық жауапкершілікті алып тастауды және өзгертуді қарастыру керек. Біріншіден, бұрын ұсталған 300 келі балық үшін қылмыстық жаза тағайындалған болса, қазір 52 келі үшін жаза қолданылады. Екіншіден, жаза сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балық ресурстарын, Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлерін заңсыз аулау кезінде ғана қарастырылуы керек. Үшіншіден, бірінші мәселені шешкен кезде қарапайым балықшылардың көпшілігі арасындағы әлеуметтік шиеленіс жойылады.

13. Балық шаруашылығы субъектілерінің, балық шаруашылығы комитеті ведомстволық ұйымдарының, барлық деңгейдегі атқарушы органдардың жергілікті тұрғындардың жұмысы үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік жауапкершілігін арттыру.

Кезекті кездесу Қарағанды облысының Балқаш көлі жағалау аймағындағы Саяқ, Ақжайдақ, Ортадересін, Шашубай, Балқаш қаласы, Тораңғылық, Тасарал, сарышағандық 400 балықшымен және Алматы облысының өкілдерімен биылғы 25 ақпанда Шашубай кентінің Мәдениет үйінде өтті.

Балықшылар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.Қожахметов пен Е.Абақановқа, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары А.Асылбековке, облыс әкімінің орынбасары С.Шайдаровқа, Ақтоғай ауданының әкімі С.Абеуоваға және Балқаш қаласының әкімі О.Тәуірбековке, аудан-қала-облыс құрылымдарының басшыларына, прокуратура мен полиция, балық инспекцияларына баяндады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары барлық мүдделі тұлғалардан комиссия құруды, оған балықшыларды қосуды және барлық көтерілген мәселелерді практикалық зерделеуді және пысықтауды бастауды ұсынды. Алда балықшылармен кезекті кездесу өткізіліп, толғандыратын сұрақтарға жауаптар берілмек.

Кәсіпшілік балық аулаудың табиғат пайдаланушылары, қарапайым балықшылар айтылған мәселелердің шешімін күтуде. Бұл ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, әлеуметтік шиеленісті жеңілдетуге және балық шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді.

Сөз соңы

2022 жылғы 28 ақпанда ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешевтің басшылығымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Е.Абақановтың, вице-министр А.Шалабекованың, Балық шаруашылығы комитетінің Төрағасы Н.Жүнісовтің және басқалардың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында төмендегідей шешімдер қабылданды:

1. Жұмыс тобына бастама көтерген балықшыларды, ғылым, үкіметтік емес сектор, қоғам өкілдері қосылсын.

2. Балықшылар көтерген барлық мәселелерді пысықтау үшін онлайн режимде аралық жұмыс кеңестері өткізілсін.

3. Биылғы жылғы наурыздың ортасында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешевтің балықшылармен, ғылым және үкіметтік емес сектор, ведомстволық және құқық қорғау органдарының өкілдерімен офлайн кездесуі өткізілсін.

Айман ТУКБАЕВА,

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button