Жаңалықтар

Мыңжылдықтар куәсі – мұражай

Ұлттық құндылықтарымызды сақтарлық іс-әрекеттер нәтижесі рухты да ұлағатты ұрпақтардың көбеюіне, һәм өсіп өркендеуіне әсері мол болмақ. Олай болса, тарихымызды тану да таныту, салтымызды жаңғырту да сақтау – осы заман зиялыларына міндет, келер заман иелеріне аманат.

Осындай мақсатты да жүйелі жұмысты іске асырушы білім ошақтарының бірі – Қарағанды қаласындағы №92 гимназия. Ондағы 1998 жылдың наурызында алғаш көрмесін бастаған этномұражай – тұнып тұрған тарих, қайнаған өмір. Мұндағы қойылған мұрағаттар, негізгі жәдігерлер, қуыршақ кейіпкерлер, панно, коллаж, аппликация, мозайка, сурет – бәрі оқушылардың қолынан шыққан дүниелер. Гимназияның «Шебер қолдар» үйірмесіндегі шәкірттердің өнері, кейбір өнерлі оқушыларының туындыларындағы ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғыртқан өрнегі 2005 жылы ЮНЕСКО-ның байқауында дипломмен марапатталса, 2011 жылы «Қазақстан. Балалар әлемі бейнелейді» альбомында жарияланған.

Жуырда гимназия этномұражайының 20 жылдығына арналған «Мұражайым – руханият бесігім» атты тарихи-танымдық конференция өтті.

Мұғалімдер мен оқушылар, шақырылған түлектер мен ардагер педагогтер, ата-аналар мен жанкүйер қала тұрғындары сол күнгі мерекелік іс-шараны көріп қана қоймай, осы мұражайдың 20 жылдық тарихына арналып үш тілде жазылған Қарлығаш Әкімжанованың «Рухани мұра жаңғырығы» («Лики предков», «Faces of ancestors») атты жинағы тұсаукесерінің куәгерлері болды. Аталмыш жинақ – ұлан-ғайыр жерімізді, Атырау-Алтай аралығындағы елімізді, өткен тарихымыз бен ұлыларымызды танытарлық аманат, бүгінгі тәуелсіз еліміздің ерекшелігін, ұрпақ ұлағатын асқақтата көрсетерлік мұра.

Этномұражай негізін қалаушы – ардагер педагог, білім беру ісінің Құрметті қызметкері Қарлығаш Терлікбайқызының мына кітапты жазу, жарыққа шығарудағы ғаламат еңбегіне еріксіз таң қаласың.

Көрмені әзірлеу, тақырыптық шара өткізудегі ең басты жұмыс – әдеби-музыкалық сценарий құру, қуыршақ бейнелер дайындау. Орындалатын композицияларды, бейне-көріністерді, мәдени-эстетикалық мазмұндағы ой-толғауларды сәйкестендіру. Осы тұрғыда Қарлығаш Терлікбайқызының режиссерлік сауаттылығын, эстетикалық талғамын, сезімталдығын, көпжылдық білім-білігінің, жинаған тәжірибесінің жемісі десек те, негізінде, бойына біткен қабілеттің нәтижесі деуге болар.

Мұғалімдер ұжымы және оқушылар көмегімен, мұражай меңгерушісінің іскерлігі арқасында әр оқу жылында үш-төрттен жоспарланып, жүздеген шаралар өткізілген. Әрқай сы кішігірім кітап дерлік, үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жазылған.

Мұражайдағы тақырыптық көрмеде дайындалған саяхатшылар тобының сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, қимыл-қозғалысы, ой-толғамы тыңдаушыларын бейне бір тылсым күшпен тартқандай. Тақырыптарға арнайы жасалған кейіпкерлерді бейнелейтін үнсіз қуыршақтарға жан бітті дерсің. Қабырғаға ілінген көрнекіліктер де көз тартпай қоймайды.

Қазіргі кезде өскелең ұрпақтарға берілер ұлттық тәрбие жүйесінің ұйытқысы, қайнар бұлағы, гимназия өмірінің бір тынысы, оқу-тәрбие үрдісінің ажырамас бір бөлігі болып табылатын мұражай Гаухар Шалмағамбетованың жетекшілігімен жылдан жылға баға жетпес асыл мұраларға толып, жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білуді гимназия оқушылары бойына қалыптастыра отырып жұмысын жалғастыра бермек.

 Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,

 ардагер педагог,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button