Жезқазған

Жарқын бастама, жаңаша көзқарас

Жезқазған қаласында тау-кен ғылымы саласындағы танымал ғалым, Қазақ Ғылым академиясының академигі Өмірхан Байқоңыров құрметіне республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мұндай ауқымды шара биыл екінші рет ұйымдастырылды.

Конференцияның өтуіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, облыстық білім басқармасы, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйытқы болғанын атап өткен жөн.

Басты мақсат – заманауи Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының іргелі факторы ретінде адами капиталды дамытуға ықпал ететін шығармашылық бастамалар және идея алмасу, тиімді педагогикалық іс-тәжірибені тарату және анықтау екенін айтады ұйымдастырушылар.

Конференцияның алғашқы күні қатысушылар Жезқазған аймағының киелі орындары – Алаша хан кесенесі, Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы, Жезқазған қаласының өлкетану мұражайы, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайына саяхат жасады. Мұндағы мақсат – туған жерді, тарихты, рухани-мәдени мұраны бойға сіңіру, жаңа деңгейде танып-білу. Экскурсияны өлкетанушы Қ.Сәтбаев атындағы тарихиөндірістік мұражай директоры Кенжал Балкенұлы жүргізді.

Алқалы жиынның секциялық отырысы №1 жалпы білім беретін орта мектеп қабырғасында өтті. «Өлкетану – ұлттық жаңғыру» бағыты Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық белдеулерін дәріптеуді, жаңа туристік бағыттар жобаларын дайындауды, киелі атамекен жерлерінің үздік таныстырылымдық бағдарламаларын жасауды қамтыды.

«Ақылды технологиялар – еңбек өнімділігін дамыту мүмкіндігі» бағыты да барынша талқыланды. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарыққа жоғары сапалы өніммен шығару қажеттігін, бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңыздылығын айтқан Елбасының бағдарламасы салмақты ой-тұжырымдары біраз жайттарға түрткі болғандай.

«Ұлы дала мәдениеті» арқылы әлемге елімізді тек мұнай ресурстары және ірі сыртқы саяси бастамалар бойынша ғана емес, ұлттық мүддеміз, тарихымыз, әдебиетіміз, архитектура, қылқалам, музыка, қолөнерімізді дәріптеп, мәдениет саласы бойынша ғылыми, тың жаңалықтарымызды паш етіп, рухани, мәдени жетістіктерімізді танытуға мүмкіндік аламыз.

Ұлы дала мәдениетінен кейін жалғасатын бағыт – «Сал-серілер сабақтастығы». Мұнда сал-серілер поэзиясының жалғасы – жас ақындар мектебі, батырлар жыры туралы, бағзы заманның сал-серілері жөнінде айтылды. Бұл арқылы ұлттық өнер, театр, музыка тарихы насихатталды.

«Бірінші байлық – денсаулық» деп атабабаларымыз бекер айтпаса керек. Елбасымыз да әрқашан қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстауына жіті назар аударып отырады. Осыған сәйкес, келесі бағыт «Халық денсаулығы және саламатты өмір салты» деп аталды. Онда қоғамдық денсаулықты жетілдіру жобалары, ұлттық ойындар мен қоғамдық спорт тарихын дәріптеу, дамыту жолдары ұсынылды.

«Заманауи математика – жаратылыстану ғылымдарының дамуы» бағытының негізі – үштілділікті дамытудың тың жобалары, тіл саласы арқылы оқытуды жетілдіру болып табылады. Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту мәселелерін шешу жолдары көрсетіліп, математиканы өмірмен байланыстыру қажет деген тұжырым жасалды.

Пікірсайыс алаңының соңғы бағыты – «Табиғат және адам». Бұл бағыт бойынша қатысушылардан табиғи экожүйелерді сақтау, адамдардың табиғатқа деген қамқорлық көрсетуіндегі игі істерін дәріптеу, бау-бақша, бағбандық еңбекті насихаттау бойынша ұсыныстар түсті.

Пленарлық отырыс Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткізілді. Жиынды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлсім Қожахметова жүргізді. Салтанатты шара басталмас бұрын педагогикалық еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары табысталды.

Өмірхан Байқоңыровтың қызы Әлия Байқоңырованың жолдаған жүрекжарды лебізін техника ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Қонтаев оқып берді.

Жезқазған қаласындағы мектеп оқушыларының көрмесі келушілер назарына ұсынылды. Онда қолөнер бұйымдарынан бастап, робототехника өнімдері, жергілікті жердің электронды картасы, ақылды технология жобалары қойылған. Оқушылар өзін-өзі жарықтандыратын және жылумен қамтамасыз ететін болашақ мектептердің жобасын әңгімеледі. Бұл мектептер болашақта үлкен қалаларда территорияны үнемдеу мақсатында орнатылатынын, үш деңгейлі автотұрақ және оқушыларға арналған заманауи оқу-дамыту орталығының құрылатынын айтты. Күннен, желден, судан энергия алатын мектеп жобалары көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, робототехника үйірмесінде жасаған жұмыстарын көрсетті. Жезқазған аймағының киелі орындары бейнеленген карта, «Болашақтағы электронды қала» жобасы шара қатысушыларының қызығушылығын оятты.

Ө.Байқоңыров атындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция мұғалімдерге адам әлеуетінің өсуіне бағытталған міндеттерді шешудегі өздерінің дербес ізденістерін көрсетуге мүмкіндік берді. Ал, оқушылардың көрмеге қойылған жобаларына қарап, болашақтың жарқын да нұрлы болатынына, Жезқазған аймағының өркендейтініне сеніммен қарадық.

Айнұр ЕГІНБАЙ,

облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының редакциялық-басылымдық бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button