Ресми

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТЫҢ төрағалығымен өткен онлайн брифингте балалардың тұрмыста, көшеде және судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар мәселелер сөз болды. Кеңестің күн тәртібіне сай балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру мекемелерінің түлектерін тұрғын үймен қамту мәселесі көтерілді.

Кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова сөз алып, әрбір ата-ана баласына жол-жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөлуді үйреткені дұрыс екенін алға тартты. Басқарма тарапынан осы бағыттағы бірқатар шаралар жүзеге асқан. Мәселен, білім беру ұйымдарының ішкі тәртіп ережелеріне оқушылардың қауіпсіздігін ұйымдастыру бойынша тарау енгізілген. Барлық мектептерде тұрақты кезекшілік режимі бар. Бұл бөгде адамдардың кіруіне тыйым салуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, балалардың терезеден құлап кету қаупін азайту мақсатында білім бөлімдері басшыларымен терезе кілттерін және терезе блоктарына қауіпсіздік тізбектерін сатып алу қажеттігі бойынша ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде кеңес өткізілген.

Мамандандырылған күзет агенттіктерінің қызметтері арқылы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап өтетін болсақ, Балқаш қаласының 17 мектебі мен қосымша білім беру ұйымында, Саран қаласының мектебінде мамандандырылған күзет жұмыс жасайды. Қарағанды мектептерінің 50%-ы арнайы қорғау қызметімен қамтылған, қалған мектептер бойынша конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Ал, Теміртау, Жезқазған қалаларының 12 мектебінде жедел әрекет ету тобының «дабыл түймелері» орнатылды. Мектептердің бейне жүйелерін жедел басқарма орталықтарына (ЖБО) қосу бойынша жұмыс жүргізілуде.  Мектептер үшін (бейнебақылау камералары, ауладағы дәретханалар) 2020-2023 жылдарға арналған құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жөніндегі жол картасы шеңберінде 2020 жылға жергілікті бюджет есебінен 119 аулалық дәретхананы көшіруге 357 млн.теңге бөлінді.

Бүгінгі таңда облыс мектептерін бейнебақылаумен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Атап өтетін болсақ, облыстың 507 мектебінің 482-сінде бейнебақылау камералары орнатылған, 187 мемлекеттік балабақшаларда 100% бейнебақылау камералары бар.

Сөз алған Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға  білім беру ұйымдарының түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз етудегі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы орайда тұрғын үйге белгіленген құқықты негізге ала отырып, үймен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Оған сәйкес жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлу көзделгенін атады. Облыс әкімдігі ұсынған электрондық портал мәліметтері бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға аймақ бойынша кезекте 7302 адам тұр. Осыған дейін облыста жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 331 пәтер бөлінген болатын. Қала және аудан әкімдіктері 2020-2022 жылдар аралығында 533 пәтер бөлуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 26 пәтер (Қарағанды қаласы – 2, Приозерск қаласы – 3, Саран қаласы – 12, Теміртау қаласы – 2, Ақтоғай ауданы –1, Бұқар жырау –3, Шет ауданы 3) пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, жұмыс істейтін жастарды қолдау мақсатында 2011 жылы Қарағанды қаласында балалар үйінің түлектерін қолдайтын «Жастар үйі» ашылған болатын. Білім басқармасы ұсынған ақпарат бойынша жастар үйінде қазіргі уақытта 38 адам, ал жасөспірімдер үйінде 171 түлек тұрады. Оның ішінде кәмелетке толмаған 53 жас колледждерде білім алуда.

Қазіргі таңда облыстың жастар ресурстық орталығында жастарға әлеуметтік-құқықтық және психологиялық қолдау көрсету бөлімі жұмыс істеп тұр. 14-29 жас аралығындағы жастарға құқықтық, психологиялық көмек көрсететін орталық тұрғын үй заңнамасы бойынша кеңес беру, жұмысқа орналастыру және қайта оқыту, құжаттандыру, жәрдемақы, алимент, стипендия төлеу мәселелерін қарастырады.

Жиын қорытындысында Абзал Нүкенұлы мектеп жасына дейінгі балалардың жарақаттануы және көбінесе өрт шығу, жол жүру ережелерінің бұзылуы, өзен-көлдерде шомылу, ойын кезінде орын алатынын айтты. Облыстың басқарма басшыларына балалардың кешенді қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі міндеті болғандықтан, осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button