Бас тақырыпБасты тақырыпДін-діңгекРуханият

ҚҰРБАН АЙТ – ұлық мейрам

Құрбан айт – қастерлі мейрам. Құрбандыққа мал шалып, құран оқытқан, ата-бабаның асыл үрдісін ұмытпаған, қастерлі мейрамды ұлықтаған елденбіз. Мұсылман қауымға дәл осы мейрам күні ізгілік пен ізеттің, мейірім мен мерейдің, береке мен бірліктің ұштасатыны мәлім. Алдыңғы жылы Қарағанды қаласындағы «Әнет баба» мешітіне жиылған жамағатпен бірге Құрбан айт намазынан соң арқа-жарқа болғанымыз есімізде. Балуандар белдесіп, кір тасын көтеруден сайыс ұйымдастырылып, тіпті, сол жолы Арқаның бір азаматы қой көтеруден Қазақстан рекордын жаңартқан еді. Мерекенің шырайы кірген-тін сөйтіп. Құрбандыққа сойылған мал еті мұқтаж жандарға таратылып, молшылық орнаған-тын. Биылғы мейрам ғұламалар кеңесінің бекітуімен 31 шілде –2 тамыз аралығына сәйкес келіп тұр. Қалай қарсы аламыз? Бұған сіз де алаңсыз, білем… Мүфтияттың шешіміне сәйкес, айт намазы оқылмайды. Құрбандықты қашықтықтан шалатын болдық. «Qurban.2020» сайты арқылы қалаған малыңызға тапсырыс бере аласыз. Демек, оңтайлы шешім бар…

«САУАПТАН ҚҰР ҚАЛМАЙСЫЗ»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн-тапсырыс арқылы құрбандық шалу тәртібін таныстырған болатын. Онлайн-құрбандық шалуға арналған сайт шетелдер тәжірибесі негізінде ашылып отыр. Бұл тәжірибе Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен араб әмірліктері сияқты бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан екен. Аталған портал 24 сағат бойы жұмыс істейді.

Бас мүфтидің айтуынша, онлайн-тапсырыстар үшін жер-жерде құрбан шалу орындары ашылады. Оған жергілікті әкімдік пен санитарлық қызмет мамандарының рұқсаты беріліп отыр. Имамдар мен қасапшылар құрбандық шалады. Ал, еріктілер етті таратады екен.

«Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші-қолаңға арнап айттық дастархан жаятын. Ал, биылғы онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға үлестірілетін болады», – деді бас мүфти.

Онлайн-құрбан шалуға қатысты көпшіліктің көкейінде «сауаптан құр қалмаймыз ба?» деген сұрақ туындағанын да жасырмау керек. Облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа мұндай ойдың негізсіз екенін айтады.

– Негізі, құрбан шалған адамның өзі сол істің басы-қасында жүруі керек. Бірақ, міндетті емес. Оның үстіне, қазіргідей кезде міндеттелмейді. Құрбан шалу мүмкіндігін өзгеге өкілеттілік жүктеу арқылы тапсыруға болады. Яғни, қасапшыға өкілеттілік жүктесеңіз жеткілікті. Қасапшыға сенбесеңіз, бейнеқоңырау арқылы бақылап отыруға әбден болады. Сауаптан құр қаламын деп алаңдаудың қажеті жоқ, – дейді бас имам.

ҚҰРБАН ШАЛУ КІМГЕ МІНДЕТ?

Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп. Адам баласы құрбан шалу арқылы Жаратушының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Ал, әл-ауқаты төмен адамдарға құрбан шалу міндет емес. Ниеті адал, пейілі шын болса, ол да сауап екенін айтады Өмірзақ қажы Қазкенұлы.

– Алланың разылығынан үміттенген жандар құрбандыққа соятын малды таңдауда өте мұқият болуы қажет. Ең алдымен, ықылас-ниет оң болуы, одан кейін сойылатын мал жарамды болуы керек. Құрбандыққа тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал, – дейді бас имам.

ҚАЙЫРЫМ мен ҚАНАҒАТ

Құрбан айт, шын мәнінде, ел-жұртты біріктіретін қасиетті мереке. Қайырымдылық пен қамқорлыққа, ынтымақ мен татулыққа үндейтінімен де аса маңызды. Мерекелік намаздан соң жамағат бірін-бірі құттықтап, жақсылык тілеп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленетінін білеміз. Бұл мейрамда жамағат тек мал союмен ғана шектелмейді. Ренжіскен адамдар төс қағысып, татуласып жатады. Бірақ, бас мүфти қазіргі жағдайға байланысты мерекені үйде қарсы алуға кеңес берді. Бастысы, жалпы қауымның денсаулық қамы үшін жасалған қадамға құрметпен қарағанымыз жөн.

Осынау күрделі кезеңде халық өзінің таза пейілі мен бірлігін байқатты. Сауапты істердің саны артты. Жомарт жандардың еліне қамқорлығы туралы ақпаратты күнде естіп, оқып жатамыз. Бұл – біздің биігіміз мен бірлігіміздің шыңы.

Береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын Құрбан айт мейрамын талапқа сай қарсы алайық.

Мейрам құтты болсын, ағайын!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button