Біздің сұхбатКоронавирусСұхбат

«Аллергия мен инфекцияны ажырата білейік»

Жаз – аллергияның қозатын уақыты. Мұрынның бітелуі, түшкіру, тамақтың жыбырлауы, жөтел сынды белгілер коронавирус инфекциясы белгілеріне де келеді. Екі ауруды ажыратып, тиісті ем-дом қолдану туралы аллерголог дәрігер, профессор Меруерт ГАЗАЛИЕВАДАН сұрап білген болатынбыз.

 

Аллергия мен коронавирус инфекциясының бірқатар белгілері ұқсайды. Сондықтан, оларды қалай ажыратамыз деген сұраққа жауап беріңізші.

– Аллергия уақытындағы аллергиялық реакция оны тудырушымен қарым-қатынас жасағаннан бірнеше минут өткен соң пайда болып, бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Ал, коронавирус инфекциясы, өздеріңіз білетіндей, орташа есеппен 2-14 күнде анықталады. Аллергияның белгілері ауа райына тікелей байланысты. Күн ашық, желді болса, қатты байқалады, жаңбырлы күндері әлсіз болады. Аллергияның жиі кездесетін белгілері – мұрынның бітелуі, одан су ағу, жиі түшкіру, тамақтың, таңдайдың жыбырлауы немесе қышуы, көзден жас ағу, көздің қышуы, қызаруы, жөтел, бөртпе шығу. Кейде дене қызуы көтерілуі мүмкін, бірақ, ол айтарлықтай емес. Тиісті дәрі-дәрмек қабылдағаннан кейін бірнеше сағатта науқастың жағдайы жақсарады. Ал коронавирус кезінде дене қызуы қатты көтеріледі, әлсіздік, дұрыс тыныс ала алмау, құрғақ жөтел сияқты белгілер байқалады.

– Аллергиядан зардап шегетін адамдарға коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі қаншалықты жоғары?

– Тыныс алудан қиындық көретін аллергетиктерде инфекция ауыр түрде өтеді деп ойлау ойға қонымды. Себебі, көптеген респираторлық вирустар тыныс алу жолдарының созылмалы ауруы бар науқастарға көптеген қиындықтар келтіреді. Десе де Вена медицина университеті ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде астма немесе респираторлық аллергия сынды аурулар COVID-19 инфекциясының ауыр дәрежеде өтуіне әсер ететін фактор ретінде анықталған жоқ. Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың арасында немесе өлім-жітім арасында аллергиялық аурулары бар адамдар жиі кездеседі деу қате.

– Яғни, аллергиядан зардап шегетін адамдарға аса қорқудың қажеті жоқ. Ондай адамдарға арнайы профилактикалық кеңестер бар ма?

– Қазіргі таңда коронавирус инфекциясын жұқтырған кездегі аллергия белгілерінің асқынып кететіндігі туралы зерттеулер жоқ. Сондықтан, арнайы аллергетиктерге деген профилактикалық шаралар жоқ. Сақтық шаралары барлығына ортақ. Адамдар көп шоғырланған жерге бармау, бетперде тағып, арақашықтықты сақтау, қолды жиі жуып отыру, қолды жумай көзді, мұрын не ауызды ұстамау керек.

– Ал аллергияның белгілері қатты байқалған кезде не істеу керек?

– Бірінші кезекте аллерголог дәрігерге жүгініп, тиісті ем алу керек. Аллергияны тудырушыны анықтау үшін аллергендерге талдама жасатқан жұрыс. Мүмкіндігінше далаға шықпауға тырысыңыз. Күн сайын үйді дымқылдатып жуып отыру керек. Бетперде мен көзілдірік тағып жүріңіз. Негізі биылғы жаз бетперде тағып, қорғаныш құралдарын жиі пайдалану нәтижесінде аллергиямен ауыратын адамдар үшін жеңілдеу сияқты. Дегенмен де сақтық шараларын сақтап, маманның кеңесіне құлақ түру қажет.

– Аллергияға шалдыққан адам оны тудырушы нәрсені анықтау үшін талдамаларды қай кезде жасаған дұрыс?

– Аллергия түрлерімен ауыратын адамдарды тексеру жыл бойы жүреді. Лабораториялық зерттеулер жыл мезгілдеріне қарамастан, тұрақты жүргізіледі. Нақты бір кезде жасалатын шараларға спирографияны жатқызуға болады. Оны тыныс жолдарының өткізгіштігі деңгейін анықтау үшін аллергияның асқынған кезінде жасаған дұрыс. Сонымен қатар, теріге жасалатын тесттер аллергия маусымынан басқа кезде, яғни, салқын кезде жасау керек.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button