Тұлға

Алдаспан

Ел арасында шаршысына толып, шартарабы келіскен азаматты «Жігіттің жампозы еді», – деп дәріптейтін сөз бар. Сондай сейдініміздің бірі, сеңгіріміздің дүрі, қаламынан май тамған, қарасөзге майталман – Мағауия СЕМБАЙ еді ғой. Екінің бірі келіп жатқан алпыс бес жасқа енді келеді екен ағамыз. Онда да келместің кемесіне мініп кеткеннен кейін… Тағдыр ғой баяғы. Табанының бүрі, танымының түрі келіспеген біреулерді тайраңдатып қояды да, ілуде бір кездесетін ірімізді іліп әкетеді.

 

Неге екенін, Мағауия ағам туралы сөз қозғарда есіме данышпан Абайдың сүйікті ұлы Әбдрахманнан айрылып қалғанда жазған «Кешегі өткен ер Әбіш, елден бір асқан ерек-ті. Жүрегі жылы, бойы құрыш, туысы жаннан бөлек-ті», – деп басталатын өлеңі орала бергені. Бұл – Әбдрахман мырзаны айшықтаған абзал қасиеттер Мағауия марғасқаның да болмысына жұғысты болғандығынан болса керек. Мағаш ағамның да «жүрегі жылы, бойы құрыш» еді ғой. «Туысы да жаннан бөлек-ті». Біреуге болсын деп тұратын бауырмал көңілімен ол талайлардың жан жайлауынан байсын қоныс, балаусалы өріс тапқан.

Жалпы, өмірдің сан саласынан ойып орын алған қазақтың небір ғұлама тұлғалары кешегі ауыл балаларының арасынан шыққаны бүгінге дейін арқауы үзілмей келе жатқан құбылыс. Егер әулиені басқа ауылдан іздемейтін болсақ, Мағауия Сланбекұлы да осының бір мысалы. Ауылдың бабадан жалғасқан салт-дәстүріне, тәлім-тәрбиесіне, шешен тіл, шебер қисынына бала кезінен қанығып өскен ол өсе келе өзегінен өрттей қаулаған ойларын төгілтіп, қаламынан қара сөздің қаймағын тамшылатты. Мектебін бітіре сала атақонысы Аққорадан Алатаудың ақ шыңына көз тастаған. Сөйтіп, ол кезде қазақ қауымына таңсық көрінетін «Журналист» деген мамандықтың жалына қол артқан. Қатырма құжатты қалтаға басқан сол күндерден бастап оның өмірі «Орталық Қазақстанмен» тығыз байланыста болғаны баршаға мәлім. Соңғы жиырма екі жыл бойы басшылық қызметті үздіксіз атқарғандығынан болар, жұрт оны өмірге, тек, редактор болып келіп, редактор болып өткендей сезінеді. Бір есептен, бұлары да дұрыс. Өйткені, Мағауия ағамыз – әуелі өзіне-өзі редактор бола білген жігіт. Өзіне-өзі редактор бола алмаған тілші еш уақытта Бас редакторлыққа көтеріле алмас еді. Мұны ол журналистикадағы ұстазы, заңғар жазушы, мықты редактор Шерхан Мұртазаның ұстаханасында екі-үш жыл болғанда үйренген.

Кезінде Атыраудың атырабынан болашақ ақын Фариза Оңғарсынова, Шығыстың Шыңғыстауында жатқан болашақ классик жазушы Оралхан Бөкей сынды талай саңлақты су түбінен суырып алып, жалғанның жарығына шығарған Шерағаң «Егемен Қазақстанда» Бас редактор болған жылдары қарамағында қызмет етіп жүрген осы бір Қарқаралының қара баласын қою тілі мен құнарлы қисындары үшін іштартып, бөлекше ықылас білдірген еді. Сол тәлім-тәрбие Мағауия ағамызға өмір бойы азық болды, – десек артық емес. Газетін әрлеуде де, нәрлеуде де ұлы ұстаздың өнегесін үлгі тұтты.

Жалпы, адам болмысының түгелдігін (Абайдың толық адам ілімі. І.М.) екі нәрсенің тоғысуымен айқындауға болатын сияқты. Біріншісі – жұмыр басты пенде ретіндегі игі қасиеттері, екіншісі – оның қызмет барысындағы қабілет-қауқарымен қабысуы. Баршаға мәлім, пенде ретінде жақсы адамның бәрі өз ісінің хас шебері бола бермеуі мүмкін. Сол секілді іске ширақ болғанымен, кісілікке келгенде кемшін түсер жандар да аз емес. Мағаш аға осы екі қасиеттің тізгінін тең ұстаған – кісілікке келгенде кемел, іске келгенде шебердің өзі еді.

Енді жоғарыда айтылған екі «нәрсенің» алғашқысына тоқтала кетейік. Біз білген Мағауия Сембайдың жаны гүлдей нәзік, көңілі Атымтайдай жомарт, кебісін хан сарайының босағасына іліп қойған Аяз бидей қарапайым, шындықты бетке айтатын философ Сократтай турашыл болатын. Нәзіктік емей немене, біреудің қасіретіне жаны шыдамай таудай тұлғасымен кемсеңдегенін де көргенбіз. Жомарттық емей не, бір журналист бауырына су жаңа кәстөм-шалбар, жұлығы тозып жүрген бір әнші туысқанға баласының төплиі мен өзінің түйе жүн шұлығын кигізіп жібергеніне де куә болғанбыз. Осы жолдарды жазып отырған бізге де тәуір галстугін тарту еткен. Өзі аса құрметтеген аға-досы, белгілі ақын Абзал Бөкенге күміс қалам ұстатқаны да есімізде. Әрине, бұдан берген ол кедейленбеді, алған біз байымадық. Бірақ, түйе сойған тауық сойғаннан дәмететін мына сырдаң заманда бұл да бір мырза көңілдің басылған мөр-белгісіндей емес пе?!

Мағаш ағаның жазу таланты өз алдына, үлкен ұжымды байыппен басқара білген зор ұйымдастырушы да еді. Ол «бастықпын» деп тасымаған, болмай қалса жасымаған, мансаптың буы мен қызметтің қызуын біржола жиып тастап, нағыз демократияшыл үрдісті ұстана білген жаңашыл менеджер болатын. Содан да іс-қызметте көпшіліктің пікірін бағдарға алып отыру – айнымас әдетіне айналған. Ал, «тура биде туған жоқ» деген Сократшыл мінезіне келсек, сын көтеру мәдениетін игере алмай жатқан мына қоғамда көбіне жау тапқаны анық. Бұл – бергі беттің алғысын алғаныңмен, қарсы беттің қарғысына ұшырадым деген сөз. Сонда да ол «Платон менің досым, бірақ…» деп келетін философтық ұстанымынан айныған емес.

Жоғарыда біз Мағауия Сланбекұлы кісілік қасиеті мен тума дарынын тең ұстаған тегеуірін иесі деген едік. Шынында да солай. Бұған сөз өнеріне уызынан жарыған қаламгердің жемісті шығармашылық жолы куә. Ол басқарған жылдары кезінде «екінші «СҚ» атанған (қазіргі «ЕҚ» І.М.) «Орталық Қазақстан» аға буынның игі дәстүрін лайықты жалғастыра отырып, тәуелсіз еліміздің қол жеткен табыстарын танымал етумен қатар, кем-кетігін түгендеуде де қыруар іс тындырды. Шығармашылық ұжымның кәсіптік деңгейі анағұрлым артты. Бұл ретте «Орталықтың» бас журналисі ретінде өзі белсенділік танытып, шығарманың шырайын кіргізудің үздік үлгісін үнемі көрсетіп отырғанын атап айтқан жөн. Өйткені, ол жазатын, дәлірек айтқанда, жаза білетін редактор еді. Өзі ұстаз тұтқан Шерағаңның жұмыс кабинетінде қара сиямен әріптерін баданадай етіп мақала жазып отыратынын талай рет байқаған. Содан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, қаламын суытпауды дағдыға айналдырған. Соның арқасында ғой, бүгінде газет тігінділерінде сыңсып тұрған сұлу суреттемелер мен ойлы очерктердің дүниеге келуі. Елдік мәселелерді қозғаған қабырғалы мақалалар мен ұлттың уайымын шеккен уытты ойлардың сап түзеуі…

Мағауия Сембай қара мақаланың ғана қамшыгері емес, өмір құбылыстарын көркем түйіндеп, кемел суреттей білетін кәсіби қаламгер де еді. Бас редактордың бұл қасиеті газетке де игі әсерін тигізді. Әріптестер ендігі жерде сіреспе стильден аулақтап, ойды көркем, оқылымды етіп беруге күш салатын болды. Басылымда «Ойтамызық» айдарының орнығуы осындай игі ниеттен туған.

Мағауия Сембайдың газеттің қарбалас жұмыстары арасында жеке шығармашылығына уақыт табуын ерлікке балаған жөн. Өйткені, мерзімдік баспасөздің «мен боламын» деген талай қаламгерді «жеп қойғаны» тарихтан мәлім. Қаламгердің алты-жеті жинағының соңы «Жерұйық» деген кітаппен түйінделді. Бұл кітаптар – оқырманды кейіпкерлерінің нақтылығымен, шыншылдығымен, шебер тілімен баураған дүниелер. Қазақтың көзі тірі классигі Мұхтар Мағауин ағасына арнап «Алаштың алдаспаны» атты кітап жазды. Сөйтіп, өзі де қазақ журналистикасының жарқыраған алдаспанына айналды. Мағаш ағаның архивінде зейнетке шыққан соң жазсам деген талай жоспары мен жиған-терген дүниелері қалды. Бүгінде сол рухани мұраларын көзінің қарашығындай сақтап, шығармаларының шырақшысы болып отырған өмірлік қосағы Мейраш тәтемізге Алла қуат бергей!

… Бүгін қазақтың біртуар ұлы, бірегей дарыны Мағауия Сембай алпысты орталапты. Әттеңі – сөзі бар да өзі жоқ… Бергенінен берері, көргенінен көрері көп еді. Амал қанша, өлшеп берген өмір осымен түгесіліпті. Сөзіміздің әлқиссасын Абай абыздың өлеңімен бастаған едік қой. Үздік ұлы үзіліп, өзі мүжіліп отырған ақын азалы жырын «тағдырға тәбділ бола ма, сабырлық қылсақ керек-ті», – деп аяқтаған екен. Біздің де айтарымыз – осы. Алладан сабыр тілейік. Мәңгілік өмірге енді ғана аяқ басқан Алаштың аяулы ұлы – Мағауия Сембай ұрпақтар жүрегінде мәңгі жасай бермек.

Ілияс МҰҚАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button