Облыс әкіміРесми

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКА: заңсыз саудаға тосқауыл бар

Дүйсенбіде облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңестегі күн тәртібінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл фактілері белгілі болды. Экономикалық қылмыстарға қарсы күресті күшейту мәселесі онлайн режимде талқыланды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК облыс орталығында қоқыс жинауға қатысты көптеген шағымдар бар екенін атап, тәртіп орнатуды талап етті.

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКА – КҮН ТӘРТІБІНДЕ

Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Данияр Ақжановтың айтуынша, көлеңкелі экономиканы төмендету, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2020 жылға арналған Жол картасы жұмыс істеуде. Ол алты негізгі басымдықтар «Айналымды тоқтат» (қолмақол ақшаға айналдыру және салық төлеуден жалтару), «Казино» (заңсыз ойын бизнесі), «Қазына» (Бюджет қаражатын ұрлау), «Курьер» (контрабанда), «Абайлаңыз: жалған ақша!» (жалған ақша жасау), «Баррель» (мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы) бойынша анықталады. Осы орайда өңірде жалған шетел валютасын сатуға қатысты қылмыстық іс ашылды. 500 еуро тұратын жалған ақшаның шетелде жасалғаны анықталды. Ойын бизнесі саласындағы қылмыстық топ Жезқазғанда және Сәтбаев қаласында жойылды.

– Өткен айда 2018 жылғы қаңтардан бастап 2020 жылғы мамырға дейін Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында заңсыз ойын бизнесін жүргізіп келген қылмыстық топ жойылды. Үш күдікті қамауға алынды, тергеу жүргізілуде, – деді департамент басшысы Данияр Ақажанов.

Оның айтуынша, мамыр айында «Абайлаңыз: жалған ақша!» ұранымен еліміздің әр өңірінде 500 еуро тұратын жалған купюраларды өткізудің көптеген фактілері бойынша қылмыстық істің 25 эпизоды сотқа жіберілген. Бұдан басқа, B2B Jewelry қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың қызметі тоқтатылды. Қылмыстық іс Алматыда тергелетін болады.

Департамент ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл Қарағанды облысында экономикалық қылмыстар бойынша 74 қылмыстық іс тіркелген. Соңғы үш жылда көлеңкелі экономика бойынша 1 300-ден астам тіркеуде жоқ кәсіпкер анықталып, 63 мың литр көлеміндегі алкогольді, 11 мың қорап темекі өнімдерін, 503 554 литр мұнай өнімдерін заңсыз сатудың жолы кесілді.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек көлеңкелі экономикамен күрес бойынша өңірлік жоспар әзірлеуді тапсырды.

– Көлеңкелі экономиканың үлесі шамамен 25%-ды құрап отыр. Шараларды күшейту қажет. Еңбек қатынастары мәселелерін қамтыңыздар. Конверттердегі жалақы әлі де бар екенін мойындау керек. Өзекті мәселеге жүйелі тәсіл қажет, – деп түйіндеді облыс әкімі.

«ҚОҚЫС ЖИНАУҒА – БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ»

Сондай-ақ, аппараттық кеңесте аймақ басшысы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселесі де күн тәртібінде тұрғанын атады. Тұрғындар тарапынан қоқыс жинауға қатысты көптеген шағымдар бар екенін алға тартты.

Рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою жағдайы жөнінде Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Тазабеков онлайн режимінде әңгімелеп берді.

Басқарма басшысының айтуынша, қалдықтарды жинау орындары қашықтықтан зондтау арқылы ғарыштан анықталады. Осы орайда 800-ден астам стихиялық қоқыс орны табылған. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі жойылды. Бірақ, бірқатар қалалар мен аудандар тұрғындарының әлі де белсенділік танытуы қажет. Бұл әсіресе Қарағанды мен Теміртауға қатысты.

–Тұрғындардың бірінші кезекте назарын аударатын мәселесі – тазалық болуы қажет. Қарағандыда қоқыс жинауда көп наразылықтар бар. Мен өзім жаяу жүріп, аулаларды аралаймын. Коммуналдық қызметтердің жұмысы өте нашар жүргізілетінін көріп жүрмін. Қала әкімшілігі тарапынан бақылау жоқ, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімі жиын қорытындысында айтылған сындар бойынша алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылғанын бақылауға алатынын тілге тиек етті.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button