ЖаңалықтарРуханият

Телеарна қатары толығады

Сүйінші! Мәдени бағыттағы «Абай» және «Әл-Фараби» телеарналары көрерменге жол тартатын болады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида БАЛАЕВА айтты.

«Министрлік тарапынан отандық ақпарат кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен дамыту бойынша дәйекті жұмыс жүргізілуде. Қазіргі кезде Қазақстанда жаңа екі, яғни, «Абай ТВ», «Әл-Фараби» телеарналарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр» – деді министр.

Министрдің айтуынша, «Абай ТВ» телеарнасы бүгіннен бастап жұмысын бастайды. Ол «Қазақстан» ТРК» құрамына кіреді және мәдени мұраны насихаттайтын арна болады.

Екінші тележоба – «Әл-Фараби» телеарнасы. Ол «Хабар» телеарнасының базасында жаңа оқу жылының қарсаңында көрсетіле бастайды. «Әл-Фараби» телеарнасы оқу-ағарту телевизиялық платформа болады және 6-18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналмақ.

Отандық кино өндірісінің дамуы туралы айта келе, А.Балаева биыл 42 сериал жобасы жоспарланғанын жеткізді. Онда көрермендерге отбасы құндылықтары, волонтерлердің қызметі туралы қызықты жобалар, педагогтар, дәрігерлер, полицейлердің имиджін көтеруге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған сериалдар түсірілмек.

«Тағы бір үлкен бағыт – бұл қоғамдық сананы рухани жаңғырту» деп атап өтті министр халыққа есеп беру кездесуінде.

«Білесіздер, бұл туралы осыдан үш жыл бұрын ұзақ мерзімді арнайы бағдарлама қабылданған. Осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр», – дейді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, бағдарламаны іске асыру бойынша 2020 жылға арналған 97 тармақтан тұратын жоспар құрылған. Оған сәйкес атқарылатын іс-шаралар – тұлғалық даму, ұлттық ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту сияқты 3 бағытқа бөлінді. Соған орай әр өңірдің жоспарлы түрде атқаратын жұмыстары бар екендігін тілге тиек етті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button