Керемет қойтас

Сәкен Сейфуллин атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде тұрған қойтастың салмағы – 200 келі. Аралбай батырдың ұрпағы, үш жүзге әйгілі Балуан Шолақтың батасын алған Битабар балуан осы тасты күнделікті дене шынықтыруға пайдаланған көрінеді.

Он алты жасынан белдескен, жауырыны жерге тимеген Битабар Елубайұлы (1880-1965) Ортау болысындағы «Жалғызағаш» деген жерде туған. Он жеті жасында Алтай-Қарпық Быдықтың Әшімін, келесі жылы Тарақты Құттыбайдың асында Қаракесек-Баймұрат Бертістің Құлжанбегін жығады.

1902 жылы жазда Аралбай Ерденбайдың досы Балуан Шолақ Алтай-Қарпық елін аралап, өнер көрсетеді. Ерденбайдың інісі Битабармен белдесіп, риза болған Балуан Шолақ оған батасын береді. Ертіп жүріп күрес әдісін үйретіп, жас балуанның өнерін қызықтайды. «Бұл – Ғалияның інісі, өзіме тартқан балуан» деп мақтайды.

Битабар 1926 жылы Барқы-Нияз Иса қажының асында Ақмола уезіне аты жайылған Қарпық-Серкебай Асардың, Ақмола мен Қарқаралы уезі тегіс жиналған Қаракесек Смағұл қажының асында  аты Алатау-Арқаға мәлім, Қарқаралының атақты балуаны Шәкірбектің жауырынын жерге тигізеді.

Ерен күшімен жастайынан көзге түскен ол Қарағанды шахтасында, Мойынты-Шу теміржолының құрылысында еңбек еткен. Кеңес заманында ауылдық кеңес төрағасы, ферма менгерушісі болған. Жазушы Сафуан Шәймерденов оның өмірі туралы «Битабар балуан» («Жазушы» баспасы, 1968 ж.,) атты повесть жазды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖАҢААРҚА ауданы.