Жаңалықтар

3. Бізде де бекіре бар

«…Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас…». 

Әйгілі «Алаң да алаң, алаң жұрт». Бекірені сауырынан сипағанда Қазтуғанның толғауындағы төрт жол тілімнің ұшына оралды…

Қалай түйінделуші еді?.. Ә, иә…
«…Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!».

Теңіз төңірегін ен жайлаған елдің бақұлдасуымен бітетін. Жұртын басқан жауға қайғы емес, құт тілейтін. «Үш өзен» өзегін өртеп тұрса да…

Үшеудің Еділі уыстан шықты. «Жылқы жаптырмас» берекесін де ала кетті. Елдегінің қайырын берсін. Қолымда – Еділден қалған тәбәрік…

Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылындағы «Караганда-Осетр» ЖШС бекіре шаруашылығын дөңгелетіп отыр.

БЕКІРЕ БАЛҚАШТА БАР ДЕЙДІ…

Доңыз жылы даңқты Нұркен Әбдіровтің қабіріне топырақ салуға бел будық. Діттеген жеріміз – Ресейдің Ростов облысы. Жайықтан әрі асып, Еділді басып өттік. Волгоградта екі күн аялдадық. Шаһарды аралап жүргенде алғаш көрдім. Өзен бойындағы алыпсатарлар құлаштай бекірелерді қойнымызға тықпалаған еді. Арқаға таңсық балық, таңырқай қарағаным есімде. Қарағандының іргесінде де бекіре өсіретінін сол кезде естіген едім.

Балқаш қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Дәулет Қожақов «Бекіре Балқашта бар» дейді. Тарихшының айтуынша, Кеңес уағында жерсіндіру жұмысы қолға алынған. 1933 жылы бекіре тұқымдастарының арал пілмайы аталатын түрі көлге жіберілген. Алайда, қазір, тек, көлдің батысында – Іленің құяр сағасында аз мөлшерде ауға түсіп жатады екен. Ал, Балқаштағы музейде сол кезде суда жиі кездескен бекіренің қаңқасы тұр.

«Караганда-Осетр» фирмасы сібір бекіресі тұқымын өсіреді. Табиғатта еркін жүрсе, ұзындығы 2 метрге дейін барып, салмағы 200 келіден асатын алып. Құрт, шаян, шабақ жейтін жыртқыш. Сібірдің Обьтан бастап, Колымаға дейінгі аралықтағы өзендерінде, Байкалда өсіп-өнеді.

Сібір жұрты бекіренің қадірін біледі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Виктор Астафьев «Царьрыба» хикаятын жазды. Шығармада адам мен табиғаттың текетіресі баяндалады. Көзі қанға толған кәнігі балықшының балық патшасымен айқасы туралы. Жазушының 80 жылдық мерейтойына орай, Краснояр өлкесінің халқы Енисей өзенінің бойына бекіре балығының ескерткішін орнатты. Қаламгер туған Овсянка деревнясының тұсындағы Слизнев қиясына. Хикаят атауына сай «Царьрыба» деген ат берді. Ұзындығы – 4 метр, салмағы 300 келі тартатын металл мүсін бүгінде туристер арасында ең танымал орынға айналды.

«Караганда-Осетр» шаруашылығындағы қызметкерлер балықтың 60 жыл жасап, салмағы 200-300 келіге жеткенін күтіп отырмайды, әрине. Бірақ, бір шабақтан уылдырық алу үшін 7-8 жыл кететіні рас…

БЕРЕКЕНІ БЕКІРЕДЕН ІЗДЕГЕН…

Бас балық өсіруші Сергей Зарипов бекіре туралы бәрін біледі. Жайық бойының тумасы. Бекіремен бірге өскен. Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмамдаған. 2017 жылы жолдамамен Қарағандыға келіпті. Бүгінде бар шаруаға жауапты. Бізді кәсібінің бүгешігесімен таныстырды.

Кәсіпорын 2014 жылы іске қосылды. Алғашқы шабақтар сол уақытта жеткізілді. Шымкенттегі шаруашылықтардан.

Бекіре өсіру оңай емес. Уақыт керек, білік керек. Жеті жыл бұрын әкелінген шабақтар былтыр алғаш өнім берді. Яғни, уылдырық.

Шабақтың салмағы 6-7 жылда 1015 келіге жетеді. Әр келінің 20 пайызы – уылдырық. Шотқа қақсақ, 10 келі басатын балықтан 2 келі уылдырық түседі. Қара уылдырық. «Бекіре, тек, қара уылдырық береді» дейді Сергей.

Уылдырықты екі тәсілмен алады. Сойып және сауып. Сойғаныңыз түсінікті. Бізді балықты сауғаны қызықтырды.

– Балық үшін қалыпты температура 21-22 градус. Сауу үшін су температурасын 4-5 градусқа дейін түсіреміз. Яғни, қолдан қыс-көктем жасаймыз. Белгілі бір уақыттан кейін суды жылытамыз. Бекіре осы уақытта уылдырық шашады. Бір балықты саууға шамамен екі ай уақыт кетеді, – дейді Сергей Зарипов. Осылайша, жылына бір рет өнім жинайды. Компания бір жылда 45 тонна ет, 2,5 тонна уылдырық өндіруге қауқарлы.

Мұндағы барлық жүйе автоматтандырылған. Су температурасы, жылыту-суыту, тазарту, химиялық құрамын жаңарту желілері бір орталықтан басқарылады. Көрсеткіштер арнайы тақтаға шығып тұрады. Су ұңғымадан көтеріледі. Тек, уақытында жем шашып тұрсаңыз болғаны.

Біз келгенде оператор Дмитрий Медведев балықтарын тамақтандырып жүр екен. Бір хауызға 10 келіден. Анау-мынау емес, Нидерландыдан әкелінген бұл жемді осындағы 13 хауыздағы бекіре таласып-тармаса жейді. Alltech Coppens компаниясының өнімі саналатын жемнің құрамында ақуыз, май, фосфор сынды элементтер бар.

Келешекте кәсіпорынды кеңейту көзделіп отыр. Шабақ өндіру жоспары түзілуде. Сондай-ақ, сібір бекіресін шоқырмен будандастыру қолға алынбақ.

– Бұл, әзірге, жоба, – дейді Сергей Зарипов, – Қажетті жабдықтарды жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Балықтар 13 хауызда бағылады. 13-тің 9-ы – 40 текше метрден. Қалғаны 8 текше метрлік. Жасына қарай бөліп ұстайды. Кіші хауыздарда – майда бекірелер.

Балықтың жасы екіден үшке қарағанда жынысына қарай бөледі. Ол үшін арнайы рентгеннен өткізеді. Еркегін – етке, аналықтарын басқа хауыздарға жібереді.

Бұрын кәсіпорынның өз дүкендері болды. Дүкендерде балықтар тірідей саудаланды. Қала көшелерінен бүйірінде «Тірі балық» деген жазуы бар бөшке артып алған «ГАЗ-53-терді» көрген боларсыз. Сол «елу үштер» бекірені дүкендердегі аквариумдерге тірідей жеткізіп келіпті. Қалаған жан аквариумның ішінде жайбарақат жүзіп жүрген бекірелердің бірін маңдайынан шертіп жүріп таңдап алатын-ды. Кейін бұл дүкендер жабылды. Қазір кәсіпорын өнімді көтерме бағамен өткізеді. Қазақстанның әр бұрышына жөнелтеді. Тұтынушылардың басым көпшілігі – балық дүкендері, мейрамханалар мен қонақ үй бизнесі.

Жоғарыда айтқанымыздай, бекіре өсіру үшін аянбай тер төгу қажет. Қаржыңды бүгін салып, ертең пайдаға кенелемін деп ойламаңыз. Еңбегіңіздің жемісін жылдар күтіп барып жейсіз. Кәсіпкер Дмитрий Әбілдин құлағын ұстап отырған бизнеске 583 млн. теңге қаржы құйылған. Жарты миллиард теңгеден астам ақша. Бұл ақшаға көп қалталылар сияқты бірнеше тойхана салып тастап, шекесі шылқып жүруіне болар еді. Бірақ, елде жоқ ерекше кәсіпті жөн көріпті іскер жігіт. Берекені бекіреден іздеп келеді.

ПАТШАЛАР СҮЙГЕН АС

«Бекірені Еуропаға Ескендір Зұлқарнайын таныстырған» деген аңыз бар. Даңқты қолбасшының ұстазы Аристотель салтанатты басқосуларда дастарқанға бекірені тартқанын жазады. Кейін, ХVІ ғасырдың басында Рим папасы ІІ Юлий бекіренің уылдырығын еуропалық корольдердің мәзіріне енгізіпті.

Ал, орыс ертеден бекірені патша мәзіріне қосқан. «Царская пища» атаған. Патшалардың тамақтың таңдаулысын жейтіні белгілі. Еті – нәзік, тіске жұмсақ. Патшаның алдына тартатындай-ақ жөні бар. Бекіренің асыл тектілігіне қолыма ұстағанда-ақ көз жеткіздім. Басқа балықтар сияқты иісі шықпайды. Қолыңызды сабынмен шайып, құммен ысқылап әуреге түспейсіз. Бұл да бекіреге ғана тән қасиет.

Патша дастарқанына арналған балықты Каспий мен Қара теңіздерден, Сібір өзендерінен айлап жол жүріп жеткізіпті. Ал, қазір Қарағандыға өзге өңірден бекіре тасып қажеті жоқ. Өзімізде бар. Кез келген балық дүкенінен «КарагандаОсетрдің» бекіресін сұрасаңыз, жеткілікті. Тек, қалтаңыз көтерсін. «Балық күні» қуырасыз ба, әлде асып жейсіз бе, еркіңіз білсін. Бұл да Тәуелсіздіктің игілігі.

СУРЕТТЕРДЕ:

1. Бас балық өсіруші Сергей Зарипов күнде балықтардың халін тексеріп тұрады.

2. Оператор Дмитрий Медведев бекіреге жем беруде.

3. Бекіре бағатын 13 хауыз бар.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button