Азамат келбеті (болған оқиға ізімен)
Қолымдағы телефонға жалтақтап карай бердім. Қоңырауым барып тұрса да, ешкім көтере қоймаған соң, «номерді қате тердім бе?» деп мазам кете бастады. Себебі, хабарласпақ болған адамым көріп жүрген танысым емес. Ол адам үшін де бұл мүлдем бейхабар қоңырау болатын.
– Алло, алло!
Арғы жағынан шуылдаған дауыспен жарыса, ер адамның даусы шықты. «Ассалаумағалейкүмімді» айтып, амандасып жатырмын.
– Сізбен сөйлесуім керек еді. Сіз мені танымайсыз. Сондықтан, мені жақсылап тыңдап алыңыз, – дедім. Мені өзінің таныстарының атынан хабарласып тұрған шығар деп ойлап қалған сияқты. Бірден ықылысын білдіріп, тыныштау жерге шығып, мұқият тыңдай қалды. Мен әңгімені бірден 23 жыл бұрын болған оқиғадан бастап кеттім. Ол кезде өзінің он жастағы бала екендігін, кезінде үйлерінде болғанымызды, әкесін көзіміз көргенін, жақында ол кісінің о дүниелік болғанын енді естігенімді айтып көңіл айтуды да ұмытпадым. Ең бастысы – әпкесінің тағдыры мен сол кезде дүниеге келген сәбидің жағдайын сұрастырып жатырмын.
– Мүмкін болса, әпкеңіздің телефон номерін берсеңіз, өзім хабарласайын, – дедім. Әңгіменің төркінін енді түсінген жігіт шамалы үнсіз тұрып қалды да, әрі қарай дауысын салмақтап, ол жағдайды білетінін, еміс-еміс есінде қалғанын, әпкесінің қазір ауырыңқырап жүргендіктен алдымен өзі хабарласып, жауабын беретінін айтты.
Енді қайта-қайта бірде қол сағатыма, бірде ұялы телефонның бетіне қарап тағы да мазам кете бастады. Уақыт созылған сайын, үміт азая бастады. Болмаған соң шыдай алмай, «уатсапқа» өзімді есіне салып қояйын деген оймен «Қолың тимей жатқан шығар, кешке қарай асықпай хабарласайын», – деп жазып жібердім.
Тағатсыздана күткен жауабым кеш бата келді. Жазылған сөздері күмәнданған ойыммен дәл келді. «Кеш жарық, аға. Әпкеммен сөйлестім. Нұрлан ағамызға Алла разы болсын. Шындап келгенде, әпкемнің жүрегі ауырады. Телефонын бере алмаймын, ренжімеңіз. Әпкемнің өткен өмірі жабулы қақпақ болып қалсыншы. Сізден өтініш», – депті.
Әрине, өмірде барлық адамдардың тағдыры ұқсас болуы мүмкін, бірақ бірдей болуы мүмкін емес. Әртүрлі тағдырлар мен алай-дүлей өткен өмірлерін кім текшелеп есіне ала береді дейсің. Бұл әйелдің де тағдыры кезінде аяқ астынан Нұрлан сияқты жанашыр, адал, қиналғанға қол үшін беруге даяр азаматты кездестірмегенде арты не болатыны, қандай жағдайға тап болатыны тек бір Аллаға ғана аян еді. Ширек ғасыр уақытқа жақындаған сол оқиғаны маңайымыздағы бірен-саран адамдар білгенімен, жалпы жұрт хабарсыз еді.
Сол күні Қарағанды қаласына бағыт алған пойыздың жалпы вагонына кіріп, ұзын арқалы ағаш орында жалғыз өзі бұрыштап, бетін теріс беріп отырған қыз баланың жанына жайғаса кетті. Бірге жүрген достары Сайрам мен Сейілханның туған күндерін қатар-қатар түн ортасы ауғанға дейін тойлап, шаршағаны енді байқалды. Аяғын созып жата кетпек болған ойынан айнып, түсетін станцияға дейін ұйықтап қалмау үшін қасындағы қызды сөзге тартқан болды. Алайда, бойжеткеннің даусы көңілсіз, бәсеңдеу шықты. Қайдан, қайда келе жатқанын нақты айта қоймады. Басын төмен салып, кінәсі бар адамдай тығыла берді. Көктем мерзімі болса да, сыртта күн біршама салқын болатын. Бойжеткеннің үстіндегі киімі жұқалау екен. Алакөлеңкеден бірден байқалмады, аяғы ауыр, іші әжептәуір көтеріліп қалған. Нұрланның «Қарындасым, мына жағдайыңмен неге жалғыз жүрсің? Киімің де жұқа, ауырып қаласың ғой» дегені сол еді, кемсеңдеп ала жөнелді. Әрең шыдап отыр екен, тұншыға булығып жылағанда, «сұрақтарымды бекер қойдым ба?» деп, Нұрланның өзі ыңғайсыз күйде қалды. Бар қолынан келгені «жылама, жылама», «қоя қой» дегеннен басқа аузына сөз түспеді.
Неше күннен бері хал-жағдайын сұраған бірінші адамды, оның өзінде танымайтын жат адамның ықыласын көргенде, ал өзінің жақындарынан пана тапқанның орнына олардан қашып бара жатқанын қалай айтарын білмеді. Соңғы бірнеше айдың әрбір күндерін ішкі азаппен өткергенін, мезгілі таяған сайын жаны да, «тынысы» да тарыла бастағанын, жанжағындағы жақын деген адамдардың өзінен алыстай бастағанын, өзіне деген теріс көзқарастарын байқағанын қалай түсіндіре аларсың?! Жақсы көрген жігітінің опасыздығынан гөрі, марқұм анасының орнын басқан екінші шешесінің жүкті екенін сырттан естіп-біліп келгендегі зілі мен кірпідей қадалған түрі ішін удай тіліп өткенін қалай сездірерсің?! Әкесін өте жақсы көретінін, ешқашанда ренжітпеспін деп жүрген ойының енді керісінше шығып қалғанын, енді бетіне мынадай түрімен көріне алмайтындығын, көргенде жерге қарататынын ойлаған кезде, «қалай бұл өмірден кетсем екен, бет-жүзімді мүлдем жасырып, айдалаға жоғалсам ба екен?» деген сан түрлі ойларын кімге жеткізерсің. «Қайран, жан дегенде жалғыз бауырым, мен өлсем сенің күнің не болады екен?» деп және қиналғанын, сол кезде марқұм анасының бейнесі көз алдына келіп, жылы да, мап-майда алақаны өзінің шашынан сипап тұрғандай сезімде қалғанын, сол кезде бұл кең дүниеге сыймай жүрген күнәһар денесі тек анасының алақанына ғана сыйып кететінін, о дүниелік болса да сол кісіден ғана пана сезінгенін кімге айта аларсың? Амал жоқ, әке-шешенің кезекті қонаққа кетуін күтіп, үйден шыға сала бірден вокзалға тартқаны ойында. Қайда баратынын болжамастан жүргелі тұрған пойызға отыра салып, бет алған жағына кете барған еді.
Жаңа танысының шарасыз жағдайын енді түсінген Нұрлан, шаршаған күйін ұмытып, бұл қыз балаға қалай көмектесерін білмей дағдарып қалды. Әскери борышын атқару кезінде ауған соғысының қып-қызыл ортасында жүргенде дәл мынандай тығырыққа тірелмеген шығар. Терезеге қараса, пойыз Қарабас станциясына жақындап қалған екен. Осы жерден Абай қаласына тікелей тура жетуге болады әрі ертеңгілік болатын аппаратық жиналысқа да үлгеруі тиіс-ті. Жалма-жан қызға «жылдам жинал, осы жерден түсеміз, алдымен жұмысқа кіріп шығуым керек, басқасын әрі қарай ойластырамыз» деп, діңкелете жөнелтті. Қайда барып, басын тірейтінін білмей отырған қыз амалсыздан Нұрланның артынан ере пойыздан бірге түсті. Жұмыс орнына келісімен қызды бірінші қабаттағы орындықтардың біріне отырғызып, жиналысқа қатысып келгенше осы жерде күте тұруын ескертті. Қызықтың көкесі қызған кезінде болады демекші, жиналыс ұзаққа созылып, есікті қағып рұқсат сұраған қызметтес қыз бала төменде отырған Нұрланның «әйелінің» толғағы басталып жедел жәрдем келгенін хабарлады. Аспанда бомба жарылғандай әсер қалдырған мынадай хабардан кейін, аң-таң болған барлық әріптестері сұраққа толы көздерімен Нұрланға қарады. Әйтпегенде, екі жыл қаржылық бақылау комитетінде бірге істесіп келе жатқан әріптестері Нұрланның үйленбеген, бойдақ жігіт екенін жақсы білетін. Бұл хабарды басқалармен бірге өзіне еш қатысы жоқ сияқты қабылдаған Нұрланның есіне сол кезде ғана бағанағы өзі ертіп әкелген қыз бала сарт ете қалды. Орнынан ата жөнеліп астына барса, «жедел жәрдем» кетіп қалған.
Алдынан кездескендердің «Нұрлан, сені осындай өтірікші деп ешқашан ойламаппыз, әйеліңнің бар екенін жасырмасаң да болады ғой», – деген сөздерін жүре тыңдады. Жиналыстан кейін ойластырамыз деп отырғызып кеткен бейтаныс қызы қала шетіндегі ауруханада аман-есен босанып, қыз баланы дүниеге әкеледі.
Жолыққан медбикенің қолынан анасы мен балаға қажетті заттардың ұзын-сонар тізімін алып, басы салбырап үйге қайтты. Кешегі туған күндерден кейін қалтаның түбі тесік еді әрі бойдақ өмірдің жай-күйі белгілі. Енді ақша жағын қайтсем екен деген оймен жұмысқа қарай беттеді. Келсе, мамыр айындағы мерекелерге үкіметтің берген сыйақылары түскен екен. Мұндай олжа болар ма, барлық ақшаны шешіп алып, тізімдегі заттарды алуға кірісті. «Бұл да бір оңай шаруа емес екен. Білмейтін заттарды алу біраз уақытты алды. «Кез келген шаруаға досы Сайрам епті еді. Қазір қасымда болғанда қиналмас едім», – деп оны да бір есіне алды.
Абай шағын қала болғандықтан ба, әлде халқы бір-бірімен тығыз араласатындығынан ба хабар қала ішіне жылдам тарап кетті. Кешкілік ауруханадан үйге келсе, есік алдында Нұрланның жеңгесі келіп тұр. Бірден, «бұл не істеп жүрген шаруаң, неге жасырып жүрсің, айтпадың ба?» деп алдымен біраз қуырып алды. Жағдайды естіген соң сенер-сенбесін білмесе де, үйде ыстық тамақ дайындап қойғанын, ауруханаға күнделікті апарып отыру керектігін ескертті. Бір апта өтіп, анасы мен баласын үйге шығарып алды. Білектей ғана нәрестені көргенде әрі қарай не істеу керек екені Нұрланның миына сыйып болмады. Бұрынғы бұрынғы ма, енді бала шомылдыратын леген, қосымша жаялықтар, тағы басқа қаншама ірілі-ұсақты заттарды түгендеу керек болды. Бұл кезде барлығынан хабардар болып қалған төменгі мен жоғарғы қабаттағы көршілері үйлеріндегі бар заттарымен бөлісе бастады. Анасының өзі – бала. Бөпесін жуындыру былай тұрсын, баланы ұстап, орауға да икемсіз. Нұрланның жауапкершілігі күн санап арта түсті. Таңертең жұмысқа кетсе, кешке келе бала шомылдыру, күтіп-баптау деген міндеттерді өзі атқара бастады.
Өзіне де, бөпесіне қамқорлықпен қарап, қолынан келгенін жасап жүрген таза ниетін көріп, осындай қарапайым да, жүрегі кең адамды өзінің жоғалып табылған туған ағасындай сезіне бастады. Сөйтіп күндер өтіп жатты. Қыз бала үй-іші, туғандары мен мекен-жайы туралы ақыры тіс жармады. Ол жөнінде қазбалап Нұрлан да сұрамады. Бір күні ауылдан келген досы Сейілхан теледидардан жаңалықтар көріп отырады. Кенет осы қыздың фотосуреті көрсетіліп, тележурналист жоғалған қыз туралы кімде-кім білген болса, хабарласуын өтінген хабарламаны көреді. Осы уақытқа дейін әкесінен бастап, туғантуыстары, бүкіл ағайындары мен қала халқы болып іздеп жатқандары белгілі болды. Іздемеген үйлері, қарамаған жертөлелері, кірмеген қаңыраған ескі үйлері, араламаған саябақтары мен өзен-су бойлары, қала сыртындағы шарламаған жерлері қалмады. Ішкі істер қызметкерлері де аяқтарынан тік тұрып, іздестіру шараларын жүргізген. Арнайы бөлінген тікұшақпен біраз жерлерді сүзіп өткен. Сөйтіп жүргенде әр жерден белгісіз басқа екі кыздың денесі табылады. Ал, өз қыздарынан ешқандай хабар-ошар болмады. Өлі тірісі белгісіз қызын ойлап күйзелген әке бұл дүниеден түңіліп, құр сүлдесін әрең сүйреп жүрді. Жүрегінің түбіндегі бір жылт еткен үміт оты ғана дамыл таптырмай алға сүйреп, қызының тірі екендігіне сенімін жоғалтпады. Тек, айға таман уақыт өткенде Қарағанды жақтан соғылған телефон қоңырауы қайғырып отырған отбасына үлкен қуанышты хабарды жеткізді. Үзілген үміт, сөнген шоқ, жоғалған бейне, тежелген өмір қайта жанданды.
Келесі күні өзін пойызға отырғызып, қолына ширап қалған бөпесін ұстатып шығарып салған Нұрлан ағасына деген шексіз ризашылығын ішінен мың бір есе айта, Алладан осы бір адамға мейірімін шексіз төгуін тілеп, алыста өзін тағатсыздана күтіп отырған үйіне асыға бет алды.
Қызы аман-есен келген соң әкесі қуанышын елмен бөлісіп, той жасап, «бір қызым екі қыз болып оралды, қызымның өміріне араша болған адам» деп, Нұрланды риза көңілімен үйіне арнайы шақырып, ұлындай қабылдап, әкелік алғысын айтып, аталық батасын берді. Міне, осындай үлкен азаматтық іс жасаған Нұрлан досымыз туғандары мен ағайынына, достары мен әріптестеріне қадірлі, абыройы жоғары, әрі өте сыйлы. Өмірдегі ұстанымына берік, біреудің ала жібін аттамайтын адал, қысылғанға қолұшын беретін қамқор, қолынан келгенше жақсылық жасай алатын қайырымды, ал жасаған жақсылығын пұлдамайтын шоқтығы биік абзал адам. Жары Арина екеуі қол ұстасып, отау құрғандарына 22 жылдан асып, Шыңғыс пен Асанәлі атты ұлдарын тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Еңбек жолын Абай қаласындағы автомобиль паркінде жүргізушіліктен бастап, Қарағанды мемлекеттік университетінде жоғары білім алып, қаржы саласында ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, бүгінгі күні Қарағанды қалалық мемлекеттік кіріс басқармасының басшысы қызметін атқарып отыр. Кезінде ауған соғысында жауынгерлік тапсырмаларды орындап, көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі және 10-нан аса басқа да медальдармен марапатталған болса, кейінгінің өзінде көлденең адамдардың қолынан келе бермейтін азаматтық қадамымен бейбіт өмірдің ерлігін жасап отыр.
Бүгінгі күні адал еңбегі, жиған абыройы мен халықтың алғыс-батасына бөленген Қаздауысты Қазбек би бабамыздың атамекені – Егіндібұлақ өңірінің тумасы Нұрлан Белгібайұлы 50 жасқа толып отыр.
Осындай азаматтығы мен парасаттылығы жоғары, адамгершілік қасиеті мол досымыздың бар екенін айтып мақтан тұтамыз.
Жанболат АХТАЕВ.
АБАЙ ауданы.