Руханият

Кенші еңбегі – еңбек емес, ерлік!

Құрметтің үлкені, мәртебенің жоғарысы осы кеншілерге лайық. Басын бәйгеге тігіп, жеті қат жер астында еңбек көрігін қыздырған олар еңбек емес, ерлік жасап жүр. Ақылды қоғамның «ақылы» осыны барынша бағалауға, қадірлеуге жетсе, кәнеки?!

КӨМІР БАССЕЙНІ ТУРАЛЫ БІР ДЕРЕК

Деректерге жүгінсек, Қарағанды көмір бассейні ендік бағытта 120 шақырымға созылып жатыр, ені орта есеппен – 30 шақырым. Ауданы – 3 600 шаршы шақырым. Көмірлі қабаттың 2000 шаршы шақырым шамасында Г, Ж, К, ОС маркалы тас көмір шығады. Бассейннің орталық және шығыс бөлігіндегі юра қабатында қоңыр көмір бар. Көмір жер асты және ашық әдіспен өндіріледі. Негізгі шоғырланған орталығы – Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск қалалары. Қарағанды көмірін алғаш ашқан Аппақ Байжанов 1833 жылы Қарағансай шатқалының, бұрынғы №3 шахтаның (өзге деректерде №1 шахтаның) солтүстік жағындағы калың бұталы сайдан беті ашық көмір қабатын табады (жергілікті тұрғындар жер бетіндегі көмірді Саран шатқалынан да тауып жүр). 1917 жылы революциядан кейін көмір қоры мемлекет меншігіне өтіп, Қарағандыға белгілі геолог А. Гапеев бастаған бір топ ғалым мен инженер жіберілді. Олар бассейнді аралап көріп және көмір қабатының орналасуын зерттеп, көмірлі ауданды өнеркәсіптік жолымен қазудың болашағы туралы қорытынды жасайды.

Архив мәліметінде Қарағандыда көмір өндірісінің құрылысымен «Карагандагипрошахт» жобалау институты айналысқаны айтылады. Институт қызметкерлері жасаған жобамен 90 көмір шахтасы, 10 көмір разрезі, 20 ірі өндіріс ошағы пайдалануға беріліпті.

ТОҚЫРАУДА ДА КӨМІР ӨНДІРУ ТОҚТАҒАН ЖОҚ

1978 жылдың қаңтарында Қарағанды шахталары алғаш рет миллиард тонна көмір өндірді. 1980 жылдары «Қарағанды көмір» бірлестігіне 26 шахта, екі көмір кеніші және 100 мың адам жұмыс істейтін басқа он шақты бөлімше қарады. Жыл сайын шамамен 50 миллион тонна көмір өндірілді. Бүгінде жылына 30 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі.

1996 жылы Қарағанды көмір бассейнінің 15 шахтасы «Испат Интернейшнл» халықаралық компаниясының (қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ) қарамағындағы «Испат Кармет» ААҚ Көмір департаментінің құрамына енді. Бірақ, көмір өндіру тоқтаған жоқ.

Жалпы, Қазақстанның отын-шикізат базасының жай-күйін ескере отырып, одан арғы геологиялық және тәжірибелік-технологиялық жұмыстар барлауға, сондай-ақ, энергетикалық көмірдің жаңа кен орындарын іздестіруге шоғырландырылуы тиіс деп санайды зерттеулер.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button