АймақБалқашКоронавирус

Ер еңбегі еленді

«Жақсымын деп мақтанба халық айтпай, батырмын деп баптанба жауға шаппай» демекші Балқаш қаласы орталық ауруханасының директоры Асқар МАХМҰТОВТЫҢ атқарған жұмысына қарай еңбегі еленді. Өз ісіне ұқыптылығы мен адалдығының арқасында әріптестер арасында үлкен беделге ие абыройлы азамат «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Айта кетейік, Балқаш қаласы отызыншы жылдары республикамызда отбасылық-дәрігерлік емхана тәжірибесін енгізген алғашқылардың бірі болған. Сонау қиын қыстау кезеңде әр науқастың еміне шипа тауып, тұрғындардың денсаулығына ықыласпен қарап, дәрігерлер өз мамандықтарына деген шексіз махаббаттарын танытқан. Кешегі үлгілі жолды жалғастырған Балқаш қалалық орталық ауруханасы, елімізде індет өршіген тұста да ерен еңбегін, ауызбіршілігін көрсете білді. Соның басы-қасында басшы ретінде біліктілігін белсенділікпен ұштастырған Асқар Тәуекелұлы жүрді. Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе. Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні сөзсіз. Себебі, адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады.

Оның сөзінше, мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік һәм қасиетті ұғым болып саналады. Мұны айтулы мамандыққа бет бұрған кезден басты ұстаным еткен. 2003 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ мемлекеттік медицина академиясының «Емдеу ісі» мамандығын алған соң жұмысқа кіріскен. Жұмыс жасай жүріп, арнайы білім ордаларында білімін жетілдіріп, тәжірибесі мен біліктілігін арттырған. Білікті дәрігер көп жылдық жұмысында көптеген мақтауға қол жеткізген. Өз міндетіне жауапкершілікпен қараудың арқасында «Медицина саласындағы еңбегі үшін», «Кәсіби танылу» ордендерімен марапатталып, Алғыс хаттар иеленген.

Аурухана басшысы «өзіне талап қоя білу – нағыз медициналық қызметкердің сапасын анықтайтын қасиет» – дей келе, мекеме табысының кепілі ұжымның жоғары кәсіби біліктілігі, науқастарға деген мейірімділік пен қамқорлық қарым-қатынастың жасалуында екендігін атап өтті.

Науқастарға шарапат шуағын шашқан дарынды дәрігер, үлкендердің жолын үлгі етіп, мамандығын мақтан қылудан жалыққан емес. 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button