АймақШет

«Бай болсаң, елге пайдаң тисін…»

Жуырда Шет ауданы, Ақадыр кентінің тұрғындары мәрт мінез бен жомарт пейілдің куәсі болды. Сол ауданға қарасты Қызылтау ауылының тумасы, белгілі меценат, «АRCI METTAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Әсет Дандыбаев Ақадыр кентіндегі ауруханаға «Нива» маркалы автокөлік сыйлады.

Қиын сәтте қол ұшын созған атпал азаматтың бұл ісіне дәрігер мамандар қатты қуанды. Өздері үшін емес, қиырда жатқан қарапайым халық үшін көңілдері босап, көздеріне жас үйірілді. Себебі, көлік мәселесін шешу кенттегі аурухананың құрылымдық бөлім басшысы Е.Жазыбаевты 6 жылдан бері алаңдатып жүрген еді. Енді жол талғамайтын көліктің арқасында қиырдағы Ортау, Босаға, Қызылтау, Өспен, Қайрақты, Жұмыскер, Киікті, Мойынты елді мекендеріндегі халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туып отыр.

Діттеген жерге дер кезінде жетіп, науқас жанға уақытылы көмек көрсету әр медицина қызметкерінің көкейіндегі мәселе. Ал, кенттегі аурухананың басшысы Е.Жазыбаев өз ұжымы атынан мәрт азаматқа шынайы алғысын жеткізді.

Үлкендеріміз «Қайырымның қайтымы – өзіне, қалғаны – ұрпағына» деп жатады. Біз де «сындарлы сәтте халыққа қолдау көрсетуді перзенттік парызымның бір парасы» деп қарай білген азаматтың ісі баршаға үлгі – өнеге болары анық.

Өсіп келе жатқан жас ұрпақ осындай жүрегі ізгілікке толы, кең жүректі азаматтарды көріп, «Бай болсаң, елге пайдаң тисін…» деген ұлағатты сөзді жете түсінеді деп білеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button