Руханият

Сырттан неге қыр астынан ұлиды?

Қазақ ит жүгіртіп, құс салған. Соның бірі саятшылықты ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енгіздік. Құсбегінің қыраны түздің тағысы. Сондықтан, оның қаны таза, бітімі мен бейнесі айқын. Ал, ит жүгірту өнеріндегі құмай тазыны Халықаралық кинология қауымдастығына (ХКҚ) кіргізе алмадық. Өйткені, сипаты мен бітімі даулы. Тазы итті аңшылардың бірі тек шашақ құлақты десе, екіншісі жарғақ құлақты тазыны – иттің сырттаны дейді. Аласапыранда қазанат жылқысын жоғалтқан қазақ төбетін де жеке тұқым ретінде тіркей алмады. Себебі, Кеңестің қанды ғасырында ұлты мен болмысына жойылу қаупі төнген Алаштың баласы ат пен иттің асылын сақтауға мойын бұра алмады. Ендеше, адамзаттың досы мен оның жарғақ құлақ тазы тұқымының ізін Сібірден бастап, Еуразия құрлығынан іздеп көрейік.

Бүгінге дейін ғалымдар ит алғаш Еуропада қолға үйретілді деген ұстанымда болды. Оның дәлелі – 1914 жылы Бельгияның Оберкасселем кенті маңынан табылған 15 мың жыл бұрынғы иттің қаңқасы еді. Алайда, 1975 жылы Алтайдан табылған иттің бас сүйегі бұл болжамды жоққа шығарды. Өйткені, оның жасы – 33 мың жыл. Мұны Ресей, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Нидерланды мемлекеттері палеонтологтарының кейіннен жүргізген радиокөміртекті анализі растады. Сонымен қатар, ғалымдар Еуропада табылған ит жабайы, ал, Алтай үңгірін мекендеген ит қолға үйретілген деген тұжырымға келген. Мұз дәуірі басқанда оңтүстікке ығысқан адамдар иттің осы тұқымын жер жаһанға таратса керек. Сібірдің Хакасия республикасының Бей ауданындағы көне қорғаннан біздің дәуірімізден 7 ғасыр бұрын бір қорымда жерленген аңшы мен иттің сүйегі табылды. Барақ иесін күзетіп жатыр. Ендеше, итті жеті қазынаға балап, қадірлеуіміз де байырғы бабалардан қалған қасиет сияқты. Ал, қазіргі «ит өмір» деген түсінік санамызға сырттан сіңген дүние.

Жарғақ құлақ тазы тұқымын кей елдер сақтап қалды. Моңғолдың тайга, венгерлердің огар атты тазы тұқымдары жарғақ құлақты. Екеуінің бітім-бейнесі де бір-біріне қатты ұқсайды. Еуропаға бұл иттің тұқымын көшпенді мадиярлар әкеліпті. Мадияр-огар аталатын тазының тұрқы 70 сантиметр, салмағы 30 килограмнан асады. Бір сөзбен айтқанда қақпан бел, кесек тұқым. Өте жүйрік және төзімді. Бір кезде бөрі басқан сырттан, қазіргі уақытта ит жарыстарының көркін қыздыруда. Ал, моңғол тазысының сипаты әр текті. Сондықтан, олар да қауымдастықтың есігінен сығалай алмай жүр. Бір заманда Құбылай ханның асыл тұқымды тайга тазысының саны 4 мың болыпты. Қырғыз халқының «Тайғаны» да өз бастауын осы иттерден алатын секілді. Тек, бауырлас жұрт Енесайдың жазығынан Алатаудың бауырына қонғанда оны парсының салюкиімен будандастырған сияқты. Өйткені, «тай», яғни тау, тірек деген түркінің сөзі түбірін Алтайдан алады.

Киік пен қарақұйрық өрген қазақтың сайын даласында бұл тұқымның болғаны һақ. Оны жартасқа салынған петроглифтер растайды. Біздің дүрегей деп жүргеніміз содан қалған жұрнақ болар, бәлкім. Өйткені, Арқаның адырларына, Алтайдың құздарына құмырсқа бел құмайдың шыдамайтыны анық. Алтын Орданы құрған бабалар Еуропаға осы иттерін ерте барған деген дерек бар. Миллиондап өрген ақбөкен осы тазылардың арқасында қалың қосынға азық болған екен. Кейіннен татардың аңшы иті деген атпен белгілі жарғақ құлақ тұқымды көршіміз «русская гончая» деп өзгертіп алған. Оны өздерінің ғалымдары растап отыр. Бұл – Ұлы Ұлыс құлағанда тұста орысқа түркінің тұтас тайпалары сіңіп кеткен заман еді.

Ит, не болмаса жылқы тұқымы болсын асылдандырудан, сол өлкеге бейімдеуден шығады. Сондықтан, біз тазының өзін 5-6 түрге жіктеп, әрқайсына «құмай» сынды жеке атау беруіміз керек. Бұл жұмысты ауыл шаруашылық саласының ғалымдары қолға алу керек. Ғалым мен жоғары технология ғана жарғақ құлақ сырттанды тірілтеді. Ендеше, қапы қалмайық!

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button